Өсек сөз өрге бастамас
qarmaqshy-tany.kz Өсектен кім құтылған? Мүлдем ешкімді өсектемеуге тырысқанның өзінде, бәрібір екі адамның басы қосылған жерде өсек бірге еріп жүреді. Қуанышымыз бен қайғымызды біреумен бөліскенде тұрған дәнеңе жоқ. Десе де, кейде біреудің тағдырын талқылап тұрып, ол туралы өсектеп тұрғанымызды байқай бермейміз. Жалпы ғайбат сөз айтуға болмайтынын білеміз. Сонда да «жамандағаным емес, бірақ...», «айтайын деп айтпайсың...» деп өсектің ортасына кіреміз де кетеміз. Шын мәніне келгенде, өсек бәріне ортақ. Әйелдерге де, ерлерге де тән әдет бұл.
Фото: ашық дереккөзденМәселен, өміріңізде жақсы жаңалық орын алды дейік. Талабы мықты сайыстан жеңімпаз атандыңыз, сондай-ақ, сәл сүрініп, ұятты болып қалдыңыз. Қайсы жаңалық адамдар арасында көп таралады деп ойлайсыз? Әрине, екіншісі. Алғашқысына жанашырларыңыз ғана қуанар, ал екіншісін сөз қылатындардың қатары одан да көп болады. Бұл біздің жақсылыққа қарағанда, жамандықты теруге, соны әңгіме қылуға үйір екендігімізді аңғартады.
Дана Абай атамыз «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ» деп бес жаман істің біріншісі етіп өсекті айтады. Асыл дінімізде де ғайбат сөз бен тілді тыюға арналған хадистер жетерлік. Жалпы тіл адам баласына берілген үлкен нығмет. Жақсылығы да, жамандығы да баршылық. Жәннатқа да, жаһаннамға да апарады. Көлемі – кіші, ал зардабы – үлкен. Адамның иманды немесе имансыз болуы ауыздан шығатын сөздеріне байланысты. Ауыздан шыққан сөз я шындық, я өтірік. Басқа дене мүшелердің өрісі, ауқымдылығы шектеулі. Құлақ тек естиді, көз тек қана көреді. Ал тілдің өрісі кең. Жақсылық немесе жамандық айту үшін өте кең мүмкіндіктерге ие.
Лұқман хакім қонаққа ең жақсы тағам ретінде тіл мен жүректі ұсынады. Тағы бірде ең жаман тағам ретінде тағы да тіл мен жүректі ұсынады. Оның себебі – тіл қылыш секілді. Дұрыстап қолданылмаса өз өліміңе себеп болады. Мәселен, көп сөйлеу достықты бұзады, қажетсіз сөйлеу айыптарды ашады, ащы сөйлейтіндерден достары қашады. Егер көңілде мұң, реніш, денеде қажырлық пен әлсіздік, ризықта кемшілік және берекесіздік болса, мұның бос, орынсыз сөздерден туындағанын білу керек.
Осы ретте «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген мақал ойға оралады. Дін өкілдері де үндемеуді шаршамастан жасалатын ғибадат, шығынсыз тағылатын әшекей, билікті талап етпейтін дәулет, тау-тастарды қажет етпей салынған қорған, еңбек етпей қол жеткізілген байлық және айыптардың жабылуы деп есептейді. Тіл бізге берілген ең үлкен нығмет болса, үндемеу – ең жақсы қасиет болып саналады. Тілдің үндемеуі – көңілдің үндемеуіне, ал көңілдің үндемеуі Раббысының кешіріміне себеп болады. Адамның амандығы тілін қорғауында. «Он пәленің тоғызы тілден» дейді. Себебі тіл жыртқыш жануарға ұқсайды, еркіне жіберілсе иесін талайды. Ал үндемеген адам өтіріктен, өсектен, сөз тасудан, өзін мақтаудан, бос сөйлеуден және тағы көптеген тіл апаттарынан құтылады.
Көп сөйлейтін адамның тілі шалынады, жүрегі қараяды. Көңілі қарайған адам қате үстінен қате істейді, адамдарды ренжітеді, өзінің бұдан хабары да болмайды. Тіліне ие болған адам дінін қорғайды.
Шариғатта «Саған қажеті болмаған, пайдасы тимейтін мәселелерде ауыз ашып сөйлеме, өйткені бұл артықша іс. Оның үстіне зиянынан да сенімді емессің. Қажетті сөздерді де орынсыз сөйлеме. Көбінесе пайдалы сөздер орнын таба алмағандықтан жоғалып кетеді» деген хадис бар. Мәніне үңілсек, берері көп. Айталық, көпшілікпен дастархан басында отырсыз. Әңгіме ауаны ғайбат сөзге ұласып бара жатыр. Ал сіз өзіңізді өсек сөз айтпауға тәрбиелеп жүрген жансыз. Мұндай сәтте сол әңгімені ушықтырмай, сөз арнасын өзге бағытқа бұрғаныңыз жөн.
Ал енді өзіміз өсекті қабылдай аламыз ба? Кейбір адамдар өздерін өсектегеннен ләззат алады. Яки, мені өсектеп жатыр, демек назарда болғаным деп ұғынады. Ал кейбір адамдар сырттарынан пышпыштаған әңгіме үшін кәдімгідей қайғырып, салы суға кетіп, кейде күйзеліске ұрынады. Өздеріне сенімсіз адамдар өздері туралы өсекті естігенде үрейге бой алдырып «Егер мұны достарым естіп қойса, сеніп қалып, менімен араласпай қалса қайтем?» деп қорқыныш құшағына енеді.
Өмір болған соң, ақ қарасы қатар жүреді. Өзіңіз туралы айтылған өсекті құлағыңыз шалуы да ықтимал. Осындайда оны қалай қабылдаған дұрыс? Психолог мамандар ашуға берілмей, сабырлыққа салынып, сыр бермеуді ұсынады. Сіз туралы өсек таратқан адамның басты мақсаты – сізді күйретіп, масқараңызды шығару. Егер ызадан жарылардай боп, көңіл-күйіңіздің төмен екенін көрсетіп қойсаңыз, өсекшілер мақсаттарына жетті деген сөз. Дұрысы – үндемей, көңіл-күйіңіздің қандай екенін білдіртпеу. Ал үндемей қалу қолыңыздан келмесе, өсекші адаммен жұрттың көзінше барып байыппен сөйлесіңіз. Сөйлесу барысында өзіңізді өте сабырлы, сенімді, мүмкіндік болса, көңілді ұстағаныңыз абзал. Бастысы – ақталмаңыз. Ал өсектің мүлде шықпауы үшін жақын емес адамдарыңызға өз өміріңіз туралы ақтарылмаңыз.
Біз біреуді өсектегенді ұнатсақ та, өзімізді өсек қылғанды ұната бермейміз. Бұл рас нәрсе. Түптеп келгенде, өсек айту ешкімге опа берген емес. Біреуді өсектей отырып, сіз оның жүрегіне жара салып қана қоймай, өзіңізге келер ризықнесібенің жолын бөгейсіз. Испан халқының «Сізге өсек айтқан адам сізді де өсектейді» деген мақалын көңілге түйіп, өсексіз де өмір сүріп көрейікші!
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА