Бизнес бастаймын десеңіз...
Қазір көп адам өзін кәсіпте сынап көргісі келеді. Себебі өзі би, өзі қожа болатын әрі бизнесте табысты болу оңайырақ деп ойлайды. Бәзбіреулер жақсы идеяның жоқтығынан табыс табудың тетігін білмейді. Иә, бүгінде тәуелсіз болып өзі үшін жұмыс істеуді жылдар бойы ойлап жүргендердің қарасы қалың. Мұндайда бастаған істің алға бастайтынына күмәнмен қарайтындар да табылады. Десе де, қолға алған істің нәтижелі болатынына үнемі сенімді болу да «жарға жығады».
Кәсіп бастаймын дегенге жан-жақты зерттеп, қажетті кеңестерге бір оқып шығу артық етпейді. Ең бірінші кезекте ашқан ісіңіз өзіңізге ұнайтындай болуы керек. Әрі сол салада хабарыңыз болғаны жақсы. Сондықтан не іспен айналыссаңыз да оның жаныңызға жақын болғаны дұрыс.
Бүгінде қоғамды ештеңемен таңғалдыра алмайсыз. Қазіргі күннің ақиқаты осы. Тек ерекше әрі сұранысқа сай кәсіпті бастаған жөн. Өйткені, нарықтық бәсекеге төтеп берудің төте жолы осындай. Оның үстіне, халық қалтасындағы ақшаны оңды-солды шашуды қойып, үнемдеуге көшкен. Сол себепті бизнес бастарда мына қағидаларды қарай шығыңыз.
Тауарға немесе қызметке сұраныс тұрақты және экономикалық жағдайға тәуелді болмағаны дұрыс. Мәселен, адамдар күнделікті нан сатып алады, сонымен қатар айына бір рет шаштаразға барады. Ал егер өндіріс саласына қарай бетбұрыс жасасаңыз, барлық шикізатты өз елімізден сатып алған жақсы. Импорт күтпеген құнсызданудың салдарынан тауарды тым қымбатқа алуыңыз мүмкін. Мұның соңы үлкен шығынға апаруы ықтимал.
Ұсыныс сұраныстан асып кеткен жерде кәсіп ашпаңыз. Себебі сұраныс пен ұсыныстың балансы сақталуы тиіс. Егер осы заңдылықтар сақталса кез келген бизнес идеяның оң нәтиже беретініне сеніммен қарауға болады. Әрине, сіз тың дүниені тапқаннан кейін міндетті түрде жанама нұсқа ұсынушылар пайда болады. Нарықта бәсекелестіктің болатыны белгілі. Бұл заңдылық. Сол үшін бизнесте үнемі «бірінші» болып тұрған жөн. Сапалы қызмет пен сұранысқа сай дүние ұсыну озық болудың оңтайлы әдісі. Кез келген идеяны креативті түрде қайта ойластырып, дамытып отыру да маңызды. Ал тың идеяны өзіңіз тұратын жергілікті жердің экономикалық һәм халықтың тұрмыс-тіршілігіне бағыттау да оң нәтижесін береді. Әрқашан ойға қонымды, қалтаға қолайлы өнім ұсынуға тырысыңыз. Себебі сіз қанша жаңа кәсіп бастағаныңызбен оған төлем жасай алатын халық керек. Халықтың тұрақты жұмысы болып ай сайын ақша түсіп отырса, онда жеке кәсіпкердің де жұмысы алға жүреді деген сөз. Дей тұра, кәсіпті бастар алдында нарықты да бір зерттеп алған артық болмас.
Нарықтың заманауи және өзекті мәселелеріне назар аударуға тырысыңыз. Ең негізгісі – жарнама. Кәсіпкердің қай-қайсысына да жарнама ауадай қажет. Тауардың танымал болуы кәсіпті жаңа деңгейге жеткізеді. Сондықтан жарнама жұмыстарына баса назар аудару керек. Ал жарнама жасаушы болсаңыз, аз ақшамен қыруар қаржыға қол жеткізуге болады.
Қазір адамдар өз денсаулығына бей-жай қарамайтын деңгейге жетті. Не ішіп, не жейтініне мән беріп, оның ағзаға тигізер пайдасы жайында ойланатын болды. Осы тенденциядан қапы қалмаған жөн. Ел табиғи өнімді сатып алуға көшкен уақытта мұндай қызметті ұсына білу де ұтқырлылық. Бұл ретте, кәсіпкер кез келген нәрсені ұсына алады. Айталық, үйде өсірілген тауықтан бастап, ағарған өнімдері құрт, май, ірімшікке дейінгі аралықтағы барлық табиғи өнімді сатылымға шығаруға болады.
Күнделікті тауарлар мен қызметтерге арналған нарық. Мұнда бәрі түсінікті. Тұтынушыға тұрмыстық химия, косметика қашанда қажет. Бірақ ең маңызды мәселе өнімді сатылымға шығаратын жерге мән беру керек, оның сан алуан түрін ұсына білу де айтарлықтай рөл атқарады. Білім беру қызметі де жақсы кәсіптің бір түрі. Адамдар өмір бойы жаңа нәрселерді үйреніп, біліктілігін арттырып, қайта даярлаудан өтуге құштар. Бұл нарықта мектепке дайындық курстарынан бастап көлік айдау мен жол ережелерін үйрететін курстар, түрлі үйірмелер де аз ақшамен кәсіп ашуға болатын салалар қатарына жатады. Тек бұл бағытта арнайы білімнің болуы өте маңызды.
Тазарту қызметі. Қазір қалалық жерлерде «клинингтік компанияның» қызметіне жүгінетіндер өте көп. Әзірге бұл біздің ауданға келе қойған жоқ. Расымен адамдар тазалық үшін ақша төлеуге дайын. Пәтерлерді терезелерді жалпы үй тазалығына бастайтын кәсіп сіздің жеке бизнесіңіздегі жақсы бастама болмақ.
Қорыта айтқанда, бизнес бастау кезінде қалауға да, нарық жағдайына да назар аударған дұрыс. Ең бастысы, бастаған істің алға ілгерілеуі үшін еңбектеніп, оның жемісті болуы үшін бар күшті салсаңыз рухани һәм материалдық тұрғыда жетістікке жетеріңіз сөзсіз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ