» » Ғалымның хаты өлмейді

Ғалымның хаты өлмейді

qarmaqshy-tany.kz «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» депті ұлы Абай. Сол ұлы жолмен қазақ түркітану ғылымының бәйтерегіне айналған Берікбай Сағындықұлы мәңгілік мекеніне аттанды. Ол алты Алаштың анасы қасиетті Сыр өңірінен түлеп ұшқан тарландар мен дүйім дүлдүлдердің, саңлақ сүлейлер жалғасы, ғылым иесі еді. Дін мен ғылымды көкірегіне бірдей түйген Берікбай қажы, Берікбай профессор, ұлағатты ұстаз, Сыр өңірінде туып, ұлтқа қызмет еткен ұланы, мақтан тұтар тұлғасы болып күллі қазақ жұртының есінде қалары хақ.
Жамандар жақсымын айқайлап, жақсылар жақсымын деп айта алмаған құдайсыз заманда көкірегіндегі құдайынан, аузындағы Алласынан ажырамаған атпал азамат Кеңес заманында туып, өсіп-өнді, ғалым-ұстаз ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанда түледі. Сырты мұсылман, іші түнек Аллаһшылдар көбейген заманда шын мұсылман осы біздің ағамыз еді, өйткені хадистерде айтылғандай мұсылманның басты міндеті – білмекке ұмтылу, ғылым іздеу. Бар саналы ғұмырын ұстаздық пен ғылымға арнаған жан ғылыммен көркейді, есейді. «Малды кісінің жауы көп болады, ғылымды кісінің досы көп болады, малды жұмсасаң азаяды, ғылымды жұмсасаң көбейеді» дейді ежелгі халық даналығы.
Қысқаша өмір өткелдерін барласақ, Берікбай ағай С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер болып қызмет істейді. Кейіннен Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасын тәмамдап, 1975-1979 жылдары Қазақ КСР «Ғылым» баспасының редакторы, редакция меңгерушісі қызметін атқарады. 1979 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедрасына аға оқытушы болып орналасады. 1984-1997 жылдар аралығында доцент қызметін атқарса, 1997 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры болды.
Б.Сағындықұлының түркітану сияқты кешенді ғылымның бір саласы орта ғасырлық жазба ескерткіштерді зерттеу ісін құлшына қолға алуына ұстазы, күллі түркі әлеміне танымал, атақты түркітанушы Ә.Нәжіптің ықпалы мол болды. «Еждаһатсыз, михнатсыз, табылмас ғылым сарасы» деп ұлы Абай айтқандай, қиын да қызық тіл тарихы саласын зерттеуде Бекеңнің еңбегі жемісті болды деп айтуға болады.
Қазақ тілі тарихын зерттеу барлық түркі тілдері тарихын зерттеу ісімен тығыз байланысты. Сонымен қатар қазақ тілінің басты қайнар көздерінің бірі болып табылатын орта ғасырлық жазба жәдігерліктерді зерттеу ісі өткен ғасырдың 60-жылдарынан кешенді түрде қолға алынды. Ә.Нәжіптің 1978 жылы «Изучение истории тюркских языков в Казахстане» атты мақаласы жарияланды. Мақалада А.Құрышжанов, А.Есенғұлов, Г.Айдаров, А.Махмутов, Т.Қордабаев, М.Томанов, А.Аманжолов, А.Ибатов сияқты ғалымдардың зерттеулерінің басты ерекшеліктері мен құндылығына тоқтала келіп, «в 1973 году в Известия АН Каз ССР опубликована статье молодого ученого Б.Сагиндыкова на тему «Лексические и грамматические особенности арабских и персидских элементов тюркоязычных памятников Золотой Орды и Египта ХІV века». За анализ арабских и персидских элементов, за выяснение их роли в обогощении лексики, в словооброзавательном процессе, в различных сочетаниях и т.д. в первые взялся Б.Сагиндыков» деп атап көрсетеді. Ә.Нәжіп сияқты ұстаздардың үмітін ақтап, 1977 жылы «ХIV ғасыр жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын жемісті қорғады. Ұстаздық пен ғылыми жұмысты мәңгі серік қылды. Ғылыми жұмыс өмірінің мазмұны мен мақсатына айналды. Ырыс ауысады, білім жұғысады емес пе? Ұстазынан озуға талаптанбаған, алдыңғы буынның қолы жетпеген биіктерге ұмтылмаған шәкірт шәкірт бола ма? Бекең жазба ескерткіштерді танып, түстеу жұмысын шындап қолға алды. Орта түркі дәуіріндегі жазба жәдігерліктер қазақ халқы үшін тек тілдік мәлімет ғана емес, ол біріншіден рухани қазына, екіншіден қыпшақ тайпалары тілінен, дағды-дәстүрінен, тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін тарихи дерек. Осы материалдық және рухани дүниелерде қазақ жұртының іздері, тарихы жатыр. Осындай жазба мұраларды тәржімалап, транскрипциялап қалың көпшілікке таныстыруда Бекеңнің еңбегі ұшан-теңіз. Профессор Ә.Құрышжановпен бірлесіп Ахмед Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» шығармасының транскрипциясы мен мағыналық, поэтикалық аудармасын дайындады. Ежелгі дәуір әдебиеті нұсқалары ретінде Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Йүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, Рабғузи, Хорезми еңбектерін аударды. Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы, тарихи фонетикасы, тарихи морфологиясы, түркі тілдерінің салыстырмалы лексикологиясы мәселелерімен шұғылданды. Осы салада талмай ізденіп, үлкен жетістіктерге жетті. Шәкірт тәрбиелеп, 6 ғылым докторын, 24 ғылым кандидатын, 1 PhD докторын, 40-қа жуық магистрді дайындап, ғылымға қомақты үлес қосты. Қазақ тіл білімінде тұтастай «Сағындықұлы мектебі» қалыптасты деп айтуға болады.
1994 жылы «Түркі тілдері лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» атты монографиясы жарияланды. Аталмыш еңбек қазақ тілі тарихын зерделеуде ерекше жаңалықтарымен, тың тұжырымдарымен құнды. Аса ежелгі дәуірде өмір сүрген түбірлер мен қосымшаларды бұрынғы қалпына келтіру – еңбектің басты мақсаты. Сөз құрамындағы тарихи фонетикалық өзгерістерге терең зерттеулер жүргізді. Әсіресе түркітануда көптеген жылдар бойы В.Радловтан бастап пікір қайшылықтарын туындатып келе жатқан сөз басындағы й~дж~ж~т~д~ч~ш~с~з сәйкестігінің генезисі туралы нақты деректермен жаңа пікір ұсынды. Түркі тілдерінің сөз басындағы осы бір жұмбақ сәйкестіктің бір емес, бірнеше аффрикаттан пайда болғандығына көз жеткізді. Мәселен, қыпшақ тілдеріндегі ж дыбысының дж аффрикаты негізінде, якут тіліндегі с дыбысының ц(тс) аффрикаты арқасында, қарашай-балкар тіліндегі з дыбысының дз африкатының дамуы нәтижесінде қалыптасқаны аян болды. Ал аффрикаттардың басын ұйыстыратын архетип алтай дәуірінен әлдеқайда әрі кететін, қазіргі тұңғыс-манчжур, монғол, түркі тілдерінде қалдығы сақталған ерекше күрделі фонетикалық құбылыс екендігі анықталды. Тарихқа белгісіз дәуірлерде түркі тілдерінде бірде-бір жіңішке дауыстылардың, ұяң дауыссыздардың болмағандығы нақты фактілермен дәлелденді. Лексикадағы өзгеру механизмдерін айқындайтын басты заңдылықтар қарастырылып, түркітану тарихында бірінші рет сына (протезалық, эпентезалық, эпитезалық) дауыссыздар анықталып, олардың қызметі зерделенді. Түркі тілдерінде ішкі флекция қалдықтары айқындалып, түркі тілдерінің ежелгі дәуірлерде флекциялық құрылымды басынан өткергендігі анықталды. Түркологияда алғаш рет тілдік бөлшек – түбіртек (силлабофонема) бар екендігі тұжырымдалды.
Ұлы Абай 38-қара сөзінде танымдық мағынасы зор мынадай ғылым салаларын ұсынады. Олар: Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, пайда мен зиянды айырмақтық. Берікбай ағайдың тағы бір қыры жасынан Алланы тану жолын ұстанғандығы. Оның қаламынан туған «Ғылым» баспасынан 1997 жылы жарық көрген «Ғаламның ғажайып сырлары» атты кітабы Аллатану ғылымына қосылған ғибраты мол шығарма. Кітапта «Құдай бар ма?», «Алла тағала ғаламды не үшін жаратты?», «Діннің көбейіп кету себебі неліктен?» тағы басқа осындай сұрақтарға ғылыми жауап беріледі. Ғалымның «Құдайдың жолы түгін тартсаң майы шығатын құнарлы топыраққа ұқсайды. Адамгершілік, ізгілік, имандылық, жоғары мораль – бәрі-бәрі осы топырақта өсіп өнеді» деген тұжырымдары ұлттық тәрбиемен үндесіп жатыр.
Профессор Берікбай Сағындықұлы түркітануда, қазақ тілінің тарихын зерттеуде өзіндік даңғыл, сара жол салып кетті. Сол жолда шәкірттері іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыра береді. Ғалымның жүрегі тоқтағанмен, ғылымның жүрегі тоқтамайды.
Гауһар АСҚАРОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор

15 қаңтар 2024 ж. 284 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 289

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 384

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930