Барлық бастама тұрғындар игілігі үшін
Биыл ауданымыз үшін толайым табысқа толы, жемісті жыл болды. Мұның бәрі – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы деп білемін. Ел игілігіне қызмет етіп жүрген әрбір азаматқа осы сәтте шынайы ризашылығымды білдіремін. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл сайын өркендеп, өсіп келеді. Енді сол жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсем.
Бюджет: Ауданның 2023 жылға бюджет көлемі 11,9 млрд теңге болып бекітілсе, бүгінгі күнге ол 13 млрд теңгені құрап тұр. Жалпы облыс әкімінің қолдауымен ауданға жыл басынан қосымша 2,6 млрд теңге тартылды, оның ішінде аудан бюджеті 1,1 млрд теңгеге ұлғайтылса, облыстық басқармалар арқылы 1,5 млрд теңгенің жобалары іске асырылуда. Осы жылға өз кірісіміз 1,9 млрд теңге болып бекітілсе, жыл көлемінде 129,4 млн теңгеге ұлғайтылып, жылдық жоспар 2,1 млрд теңге болды. Аудан бюджетінің 2023 жылдың 1 желтоқсанына түсімдер болжамы 9,8 млрд теңге орнына 10 млрд теңгеге атқарылып, 102,1 пайызды құрады. Есепті кезеңге аудан бюджетінің өз кірістерінің жоспары 1,8 млрд теңге болса, нақты атқарылуы 2 млрд теңгені, яғни 111,3 пайыз құрап, 204,8 млн теңге жергілікті бюджетке жоспардан артық түсті. Осы жылдың 1 желтоқсанына аудан бюджетінің шығындар жоспары 99,9 пайызға орындалды.
Қармақшы ауданы бойынша 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында макроэкономикалық көрсеткіштерде өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім қалыптасып, облыстың өңірлері арасында жоғарғы позицияда орналасты. Атап айтқанда, жыл басынан ауданға 14,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,9 пайызға артып отыр. Жыл басынан өнеркәсіп саласының кәсіпорындарымен 4,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,4 есе өсті. Ал, осы өнеркәсіп саласының 76,9 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 3,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 есеге өсті. Бөлшек сауда көлемі 8,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,8 пайызға артты.
Кәсіпкерлік саласы: Ауданның экономикалық дамуы көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы да басты назарда. Жыл басынан бері барлық бағдарламалар шеңберінде 211 жоба 2,4 млрд теңгеге несиелендірілді. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топ өкілдеріне «Кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі Ұлттық жоба аясында кәсібін бастаймын деген 194 азамат 1 млн 380 мың теңге көлемінде грант жеңіп алды.
Индустрияландыру бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірі Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасыіске қосылып, алғашқы өнімі өндірілді. 52 жаңа жұмыс орны ашылып, алдағы уақытта фабрика толық іске қосылғанда тағы 100 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Сонымен қатар, Жосалы кентіндегі «АНК-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі газоблоктар өндіретін шағын зауытының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 200 млн теңге. Жобаны жүзеге асыру мақсатында Өңірлік Инвестициялық орталығы арқылы 60 млн теңгеге несиелендірілді. Жоба іске қосылғанда 10 жаңа жұмыс орны ашылады. ІІІ Интернационал ауылдық округінен жеке кәсіпкер Г.Рагибованыңмал бордақылау алаңы және сою цехының құрылысын салу жоспарлануда. Жобаны іске асыруға қажетті 2 га жер телімі берілді. Мал бордақылау алаңында бір мерзімде 100 бас жылқы, 100 бас мүйізді ірі қара және 200 бас қой бордақылау жоспарлануда. Сонымен қатар, перспективада ет өңдеу цехын ашу көзделуде. Бұдан бөлек, аудандағы сауда саласынодан әрі дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірнеше жоба іске асырылуда.
Аудан орталығындағы ескі сауда базарының орнына жеке кәсіпкер «Адинаның» (Нағима Тоқсанбаева)бастамасымен заманауи үлгідегі сауда орталығының құрылысын бастады. Жоба құны 150 млн теңге. Жобаға Өңірлік Инвестициялық орталығы арқылы 50 млн теңге несие берілді. Нысанның құрылысы жүргізілуде, 2024 жылы ел игілігіне берілетін болады. Жосалы кентінде жеке кәсіпкер Бақытбек Қалыбаевтың сауда дүкені пайдалануға берілді. Жобаны іске асыруға «Ұлттық жоба» шеңберінде 15 млн теңге несие алды. Төретам кентінде жеке кәсіпкер Жанар Қалиланың «Анель» сауда үйі құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жобаны іске асыру барысында «Ұлттық жоба» шеңберінде 10 млн теңге несие алды. Жосалы кентінде «Бибінұр» базарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жобаны іске асыруға «Іскер» бағдарламасы шеңберінде 7,5 млн теңгенесие алынды.
Қызмет көрсету саласындағы жобалар: Жосалы кентінде жеке кәсіпкер Мейрбек Сыдықовтың «ММ-китчен» кафетерийінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жоба құны 20 млн теңге.Сонымен қатар, жас кәсіпкер Абылайхан Исабековтың «Латте-Кофе» кафетерийі іске қосылды. Жобаны жабдықтауға «Аграрлық несие корпорациясынан» жас кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген 2,5%-пен 5 млн теңге несие алса, жеке кәсіпкер Мағжан Медекешовтің «Халал» асханасының құрылысы басталды. Жобаны іске асыруға «Ұлттық жоба» шеңберінде 35 млн теңге несие алды. Нысанды 2024 жылы іске қосу жоспарлануда. Оған қоса кенттен жеке кәсіпкер Азиза Ташимбетованың «Кәусар-Кидс парк» балаларға арналған ойын-сауық алаңы іске қосылды. Нысанда балаларға арналған ойын аттракциондары және тамақтану орны жұмыс жасайды.
Ауыл шаруашылығы саласы:Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығына негізделген. 2023 жылдың 1 желтоқсанына ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 22,7 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,5 пайызды құрады. Осы жылы жалпы көлемі 26 288 гектар алаңға егіс орналастырылды. Оның ішінде күріш көлемі 13 770 гектар (былтыр 12 773 га) күріш орылып, бастырылды. Орта өнім әр гектардан 60 центнерден жиналды.Сонымен қатар, майлы дақылдар (мақсары) 1028 гектар, жаздық бидай 1050 гектар, арпа 150 гектар, сүрлем жүгері 39 гектар, күнбағыс 3 гектар, құмай 50 гектар, мал азықтық дақылдар 8728 гектар, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1470 гектар егілді.
Облыс әкімінің «Тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру» туралы тапсырмасы бойынша 392 гектар бақшалық жер дайындалып, 881 отбасыға бөлініп берілді.
Егіске су жеткізу жұмыстары бойынша қазіргі таңда 520 млн м3 су алынды.
Ал, су бөлу нүктесінен қашық орналасқан және биік танаптардағы егістіктерге су жеткізу үшін ауданға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 24 дана насос қондырғыларын пайдаланды. Сонымен қатар, биыл Жаңажол ауылдық округінде «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын егіп, шығымы 85 пайызды құрап отыр.
Мал шаруашылығында өсім байқалады. Атап айтқанда, төрт түлік бойынша өсім орташа 5,9 пайызды құрайды.
Биылғы ауыл шаруашылығы саласындағы жақсы жаңалықтардың бірі – «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстағы үздік шаруашылық атанса, ауыл-аймақты көркейтуге, көгалдандыру белсенді қатысатын елді мекендерді ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсында Дүр Оңғар ауылы ІІ орын иеленіп, 2 арнайы техника табысталды.
Құрылыс жұмыстары: Соңғы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2023 жылдың 1 желтоқсанына құрылыс жұмыстарының көлемі 4,4 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28,9 пайызға артты.
Аудан бойынша биылғы жылы құны 8 млрд 148,4 млн теңге болатын 12 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 3 денсаулық сақтау нысаны, 4 дене шынықтыру және сауықтыру кешені, 3 су қабылдау құрылғыларын қайта жаңғырту, 1 көпқабатты тұрғын үй, 1 тұрғын үйдің инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобалары.
Инженерлік инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру бойынша 2 млрд 567,9 млн теңге болатын 9 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 5 жоба әлеуметтік нысандарды бу қазандықтарын сыртқа шығарып, газ отынына ауыстыру жұмыстары, 2 жоба автомобиль жолдарын жөндеуден өткізу жұмыстары және 2 жоба елді мекендерді газдандыру жобалары.
Құны 3,7 млрд теңге болатын Байқоңыр қаласындағы көпқабатты 5 тұрғын үй құрылысы жәнеаумағын абаттандыру, инженерлік жүйелер құрылысы жүргізілуде.
Ауданымыздың елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Т.Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай ахун ауылдарында су қабылдайтын құрылғыны қайта құру»құны 696,7 млн теңге болатын жобалары іске асырылып, пайдалануға берілді.
Төретам және Ақай елді мекенін газбен қамтамасыз етуде (2022- 2023 жылдары) құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, бүгінгі күнге Ақай ауылында табиғи газға қосылу үшін 658 адамнан өтініш түсіп, табиғи газға қосылуына рұқсат берілді. Қосылғаны 457 тұрғын үй. Ал, Төретам кенті бойынша құрылыс жұмыстары 96 пайызға орындалды.
Ауданда бұқаралық спортпен шұғылданушылар 39,3 пайызға жетті (20552).Олардың санын арттыруда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жосалы кентіндегі (құны 496,3 млн тг) дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.Сонымен қатар, Ақай ауылындағы дене-шынықтыру және сауықтыру кешенінің (құны 531,3 млн тг) құрылысы жүргізілуде (2023 жылы 173,6 млн теңге қаралды).
Республикалық бюджеттің бірінші нақтылауында Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу үшін қаржы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс нысандарын салу жұмыстары жүргізілуде. Нысандар өтпелі.
Аудан бойынша Иіркөл және Төребай би ауылдарына балалар және спорттық алаңының құрылғыларын орналастыруға 25,2 млн теңге, Ақай және Ақжар ауылдық округіне балалар ойын және спорттық тренажер ойын алаңын орнатуға 30,8 млн теңге, Қуандария ауылындағы Т.Жұбандықов көшесінің бойындағы балалар ойын алаңына жасанды газон төсеніш сатып алуға 2,8 млн теңге, Тұрмағамбет және Алдашбай ахун ауылындағы спорт алаңдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 13,1 млн теңге және Ақтөбе ауылынан балалар ойын алаңын абаттандыру жұмыстарына 11,5 млн теңге қаржы қаралып, жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Ақтөбе ауылында демеушілік есебінен құны 30,0 млн теңге болатын балалар спорт ойын алаңы салынды.
Спорт нысандарындағы бу қазандықтарын қалыпқа келтіру үшін Жосалы кентіндегі дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің бу қазандығын табиғи газға ауыстыру жұмыстарына 56,7 млн теңге бөлініп, жұмыстары толығымен аяқталды.
Инфрақұрылым: Биыл облыстық бюджеттен аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент» Ақжар, Тұрмағамбет, Т.Көмекбаев автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 503 млнтеңге қаржы бөлінді. Жалпы жоба құны 1 млрд 445 млн теңге (11 шақырым жол). Қазіргі таңда мердігер мекеме биылға жоспарлаған және бөлінген қаржы көлеміне сәйкес 11 шақырым жолдың жұмыстарын толық аяқтады. Нысан өтпелі.Сонымен қатар қазан-қараша айларында аудандық маңызы бар «Қызылтам елді мекеніне кіреберіс» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарына республикалық бюджеттен 602,9 млн теңге және облыстық бюджеттен 23 млн теңге қаржы бөлініп, 4,6 шақырым автомобиль жолына асфальт төселді. Нысан өтпелі.
«Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекеннің 21 көшесіорташа жөндеуден өткізіліп, атап айтқанда: Жосалы кентінде 15 көше, Ақтөбе ауыл округінде 1 көше, Ақай ауыл округінде 3 көше, Ақжар ауыл округінде 1 көше, ІІІ Интернационал ауыл округінде 1 көше. Бүгінге күнге 21 көшенің 14,654 шақырым асфальты төселді. Жосалы кентіндегі Амангелді Иманов көшесін абаттандыру, аяқ су жолдарын жаңарту және орташа жөндеу жұмыстарына – 104,8 млн теңге қаралып, жұмыстары аяқталды.
Облыстық бюджет қаражаты есебінен Қуаңдария ауылында 2 көшеніңорташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 0,8 шақырым жолы жөнделді.
Елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 11 су ұңғымаларын орнату жұмыстарына 202 млн теңге бөлініп, бүгінгі күнге жұмыстары толық аяқталды. Атап айтқанда, Жосалы кентінде 5, Төретамда 2, Ақтөбе ауыл округінде 1, Ақай ауыл округінде 1, Қармақшы ауыл округінде 1, Иіркөл ауыл округінде 1. Сонымен бірге, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жосалы кентінің 19 көшесі мен Дүр Оңғар ауылының 5 көшесі жарықтандыруға 225,5 млн теңге қаржы қаралып, жарықтандыру жұмыстары толық жүргізілді.
Аудан бюджетінің есебінен аудан орталығында бірқатар абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, кенттегі «Шығыс» каналы жағасын абаттандыру (33,4 млн. тг.) жұмыстары аяқталып, дегенмен қосымша демеушілер есебінен жалғасуда және Тәуекелов көшесін абаттандыру, Көшербаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын орналастыру, кенттегі жағажайды абаттандыру, балық мүсінін ағымдағы жөндеу және орталық алаңға 12 дана металл аркалар орналастыру жұмыстары (53,2 млн теңге)толығымен аяқталды.
2023 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға Ұлттық қордан бөлінген 538,5 млн теңге қаржыға 51 тұрғын үй сатып алынып, аймақ басшысының арнайы қатысуымен пайдалануға берілді.
Денсаулық сақтау саласы: Осы жылы аудандық орталық ауруханада компьютерлік томография кабинеті ашылды.«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, Тұрмағамбет, Ақжар ауылындағы дәрігерлік амбулаториялары да аймақ басшысының арнайы қатысуымен пайдалануға берілді. Дүр Оңғар ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы да санаулы күндері пайдалануға беріледі.
Аудандық ауруханасының «Шипагер» емханасы үшін блоктық модульдік қазандық салуға 53,6 млн теңге қаржы қаралып, жұмыстары жүргізілуде.
Білім саласы: Еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі – білім беру саласы екені белгілі.
Аудан бойынша жалпы саны 30 мектеп жұмыс жасайды. Оның 29-ы жалпы орта мектеп, 1-еуі негізгі орта мектеп. 42 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, оның ішінде 24-і мемлекеттік, 17-сі жекеменшік балабақша мен 1 шағын орталық. Бүгінгі күні 42 мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 174 топ бар, онда 3480 бала тәрбиеленуде.
Биылғы жылы аудандық білім бөлімінің «Жас өркен лагері» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны №284 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты болып өзгертіліп, 7-8 сынып оқушыларын қабылдап, толыққанды жұмыс жасауда.
2022-2023 оқу жылында 655 мектеп бітірушінің 581-і немесе бітірушілердің 89 пайызы Ұлттық Бірыңғай тестілеуге қатысып, олардың орташа балдық көрсеткіші 84,7 пайызды құрап, оның ішінде 40 түлек «Алтын белгі» және 68 түлек «Үздік аттестат» иеленді.Аймақ басшысының қолдауымен 4 жаңа 40 орындық автобус мектептерге табысталды.
Аудандағы білім нысандарындағы бу қазандықтарын қалыпқа келтіру мақсатында биыл 1 балабақшаның бу қазандығының ғимаратына жөндеу жұмыстары аяқталып, 3 балабақшаның жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 1 балабақша мен 2 мектептің жылу қазандығы газ отынына қайта жабдықтау үшін жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілетін болады.
Балаларымыздың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасауда «Жайлы мектеп»Ұлттық жобасы бойынша 2024-2025 жылдары аралығында Жосалы кентінде орналасқан №105 мектеп-лицейі және ІІІ Интернационал ауылындағы №108 орта мектебінің ғимаратын салу жоспарлануда. Сонымен қатар көптен бері кент тұрғындарының көтеріп жүрген күрделі мәселелерінің бірі –Жосалы кентіндегі Мырзағалиев көшесінде темір жол өткелі құрылысыжоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуді бастауға 5 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар басталуда.
Енді 2024 жылы аудан бойынша атқарылатын жобаларды атап өтсем, 2 елді мекеннің (ІІІ Интернационал, Жаңажол) спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. 3 елді мекенде (Ақтөбе, Т.Көмекбаев, Иіркөл) электр желілерінің құрылысы жүргізіледі. Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы аяқталады. Байқоңырдағы сумен жабдықтау және су беру жүйелерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек аудандық маңызы бар «Марал ишан кесенесіне кіреберіс» автомобиль жолы қайта жаңғыртылады. Қызылтам елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолының қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады. Ақжар (1 көше), Тұрмағамбет ауылдарының (5 көше), Төретам (2 көше) мен Жосалы (1 көше) кенттерінде жолдардың күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жосалы кентіндегі аудан әкімдігіне қосымша ғимарат құрылысы жүреді. Сондай-ақ Жосалы кентінде 2 балалар ойын және футбол алаңы орналастырылады. 5 елді мекеннің (Алдашбай ахун, Тұрмағамбет, Қармақшы, Қуаңдария, Ақжар) төлқұжаттары жаңартылады.
Құрметті жерлестер!Жаңа мақсаттар мен жаңа жоспарлар баршаңызға жақсы жетістіктер мен кәсіби табыстар әкеліп, Жаңа 2024 жыл әрбір шаңыраққа бейбіт өмір, тәтті тұрмыс, мол жақсылық сыйласын. Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осы жылды қорытындылап, атқарылған істі сараптайтын, алдағы жылға жаңа жоспарлар жасап, міндеттер белгілейтін кезеңде баршаңызға табыс тілеймін. Келе жатқан жаңа жыл тағы да құтты болсын!
Жандос ЕРКІНБЕК,
Қармақшы ауданының әкімі