» » Ұрпақ тәрбиесі ұлттық құндылықпен биік

Ұрпақ тәрбиесі ұлттық құндылықпен биік

qarmaqshy-tany.kz Өткенде ата-аналар жиналысына барғанымызда жанымдағы бір әжей «Бұрын жиналысқа шақырса кібіртіктеп, мектеп есігін имене ашатын едік, қазір мерекеге шақырту алғандай келетін болыппыз» дегені барды. Расында да, қазіргі жиналыстардың өткізілу барысы ерекше. Ұстаздар тарапынан ата-анаға деген құрмет пен жылылық сезіледі. Қазір бұрынғыдай емес мектептерде ата-анамен байланыс нығайтылған.

Ата-ана мен мектептің мұндай жылы қарым-қатынасы – ұрпақ тәрбиесінің қайнар бұлағы. Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы атааналармен, қоғамдастық пен мектептің бірлескен әрекетінде. Мұғалім мен атаананың қарым-қатынасында негізгі рөлді педагог атқарады, өйткені тәрбие жұмысы – оның негізгі мамандығы.
Мұғалім ата-аналармен жұмыс істей жүріп, балаға, оның қылықтарына, оқудағы табыстары мен көзқарасына, тағы басқаларға баға беріп отырады. Биылғы «Әділетті Қазақстан: адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» атты білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде Оқуағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарында «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» білім берудің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатқанын атап өткен болатын. Министрлік оқушылармен, атааналармен және қоғаммен идеологиялық жұмысты жандандыруға бағытталған 2023-2025 жылдарға арналған Бірыңғай білім беру бағдарламасын әзірледі. Барлық білім беру ұйымдарында атааналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істейтін болады. Олардың ең бірінші басымдығы – балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара әрекеттесуін күшейту, бала тәрбиесінде оң мәдениетті дамыту, – деген еді министр биылғы тамыз кеңесінде.
Осы бағытта аудан мектептері де өз жұмысын бастап кетті. Әр мектептен бірнеше ұстаз арнайы барып, ата-аналарды қолдау орталығының жұмысы жайлы білімін жетілдіріп келді. Қазір әрбір мектепте мұндай кабинеттер ашылып, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Оның бір үлгісін кенттегі Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептен кездестірдік.
Өзге сынып бөлмелерінен қазақилығымен ерекшеленіп тұрған бұл орынның ата-анаға берері мол. Ата-аналармен жасалатын жұмыс тізбектері, өзгеше көрнекіліктермен қоса, ұлттық бұрыш жасақталған. Киіз үйдің бір бөлігі іспеттес. Әдемі өрнектелген киіз тұтылып, оюы келіскен көрпеше төселіп, ортаға дөңгелек үстел қойылған. Бұл халқымыздың қонақжайлығын, әдемілікке құштарлығын көрсетсе, самаурын мен кішкентай бесік бөлме көркін ашып тұр. Жалпы алғанда, ата-анаға да, балаға да жылу сыйлайтын, ұлттық құндылықтар ұлықталатын бөлме.
Бұл орталыққа жетекшілік ететін мектеп мұғалімі – Құралай Транова. Ұзақ жылдық тәжірибесі бар білікті ұстаз қыркүйекте «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында курстан өткен.
– Елімізде көптеген отбасы балаларды толыққанды тәрбиелеу мен дамыту, олардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасай алмай отыр. Өкінішке қарай, зерттеулердің нәтижесі қоғамда отбасы институты әлсіреп, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтымызға сай отбасылық құндылықтар мен дәстүрлердің жоғалып бара жатқанын анықтады. Бұл олқылықтың орнын білім беру ұйымдары ата-аналармен бірлесіп толтырмақшы. Бала тәрбиесінде отбасының рөлі зор. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, сапалы білімді, патриотизмді, нағыз маман болуды, үнемшілдік пен еңбекқорлықты қалыптастыруға оқушы – мұғалім – атаана бірлесе жұмыс атқаруы шарт. Сол себепті министр тәрбие жұмысының рөлін күшейту мақсатында республикадағы мектептерде осындай орталық ашуды тапсырған еді. Курстан меңгерген біліміміз бойынша кабинетті жабдықтап, жұмысқа кірісіп те кеттік, – дейді орталық жұмысына жауапты ұстаз Құралай Транова.

Расында да қазір еліміз бойынша балалардың қауіпсіздігі, олардың денсаулығы мен қорғалуы, әл-ауқаты, білімі мен әлеуметтік жағдайы – басты назарда. Бұл туралы Президент те «Әлемде балалардың бақыты мен күлкісінен маңызды ештеңе жоқ. Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау – әрқашан біздің мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі» деген еді. Осыған орай қолға алынған әрбір жобаның болашаққа берері көп.
– Бұл орталықтың басты міндеті – балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге ата-аналардың педагогикалық мәдениетін, психологиялық және әлеуметтік құзыретін дамыту. Ашылғанына көп болмаса да орталық оқу жылының соңына дейін ата-аналарға ұлттық құндылықтарға негізделген сегіз сабақ өткізеді. Бұл сабақтарда ертегі, аңызәңгімелер, батырлар жырларынан үзінділер келтіру, мақал-мәтелдер, халық әндері, дала ділмарларының шешендік сөздері, жыраулар шығармашылығы, салт-дәстүрлер мен ғұрыптардың, ұлттық киімдердің маңызы, ұрпақтар тізбегі (шежіре), ер мен әйелдің қоғамдағы орны, туыстық қатынастардың ерекшеліктері қамтылады. Сонымен қатар жоба аясында «Даналық мектебі» клубы құрылды. Клуб мектептің нақты сұраныстарына сәйкес «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» секілді секцияларды ұйымдастыру арқылы ұлтымызға тән туыстық қарымқатынастарды ұрпақ бойына сіңіруді мақсат етуде. Бұл орталықтан балалар ата-анасын сыйлауды, перзенттік парызын түсінуді, «жеті ата», «қара шаңырақ», «тектілік» ұғымдарының маңызын бағалап, отбасы татулығы мен берекесін қадірлеуді үйренеді, – дейді білікті ұстаз.
Ал қараша айында өткен облыстық семинарда партия ардагері Гүлжауһар Раева бұл кабинетке ерекше қуанған еді. «Ұлттық тәрбиенің мектепке оралғанына, мұндағы қазақы дүниелерді көзбен көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік жасалғанына қуаныштымын. Министрліктің ұлттық құндылықпен ұрпақ тәрбиелеуге кіріскені өте құптарлық дүние. Себебі қанмен келген қазақылық күнделікті өмірмен, берілген біліммен астасып жатса, онда елін сүйер елжанды азаматтардың өсері анық» деген жылы лебізін білдірген-ді. Расында да ұлттық құндылықпен ұтарымыз көп. Бала бойына құйылған құнды дүние болашақта өз жемісін беретіні сөзсіз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
27 желтоқсан 2023 ж. 581 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 290

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 385

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930