Қауіпсіздікке қатаңдық керек
Санаулы күннен соң Жаңа жыл мерекесі келеді. Балалардың көңіл күйін көтеретін бұл күн сыйлықсыз, отшашусыз өтпейді. Мерекенің сәніне айналған пиротехникалық бұйымдар бала түгілі үлкендердің көз жанарын жаулап, алғызбасына қоймайтыны анық. Алайда оның пайдасынан зияны басым екенін ешкім түсініп жатқан жоқ. Аспанға ұшқан отты ұшқыннан талай үй, аула, қора отқа оранып, еселеп шығын әкелуде. Отшашу тамашалаймын деп өрттің жануына тап болғандарды көз көріп те жүр.
qarmaqshy-tany.kz Қытайдың арзанқол бұйымынан талай қазақ баласы опық жеп жүр бүгінде. Жаңа жыл мерекесі жақындады дегеннен дүкен сөрелерінен отшашудың түр-түрін жолықтырасыз. Өз жерінде арзанға сатылған пиротехникалық бұйымдар біздің елде қымбатқа сатылып, жұрттың қалтасын қағуда. «Ұзақ, әрі түрленіп от шашады» дейді сатушылар жарнамасын өлтіріп. «Балаларым үшін» деп алданып ақшасын шашқан біз қазақ төрт-бесеуін көз жұмып аламыз. Сосын дәл мереке күні жан-жақты дүр сілкіндіріп, аспанды түтіндетіп атамыз. От шашу тұтандырамын деп денесін жарақаттап алғандар осы күні көбейеді. Қазір мектептен қайтқан немесе көше кезген балалардың қолдарында бір реттік жарылғыш зат бар. Олар оны ойын құралына айналдырып жүр. Кейде дәл құлақ түбінен жарылғанда зәрең зәр түбіне жетеді. Пиротехникалық бұйымдардың адам денсаулығына және басқа зиянды жақтарын төтеншеліктердің төндіріп айтудың кемі жоқ. Қыс айы басталды дегеннен өрттің алдын алуына үгіт насихат жұмыстарын жүргізіп, рейдтік шараларды күшейтуде.
Енді елімізде отшашып, еріккендерге айыппұл салынбақ. Әкімшілік полиция өкілдері осындай әрекетке көшуде. Себебі отшашу атқандардың қатары көбеймесе, азаймай тұр. Тіпті тыйылар емес. Бұдан кейін түнгі он екіден кейін жұрттың тыныштығын бұза алмайсыз. Аспанды түтінге ластап, салют атпайсыз. Өйткені рұқсат етілген жерлер шектетілді. Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 436-бабының 2-бөлігі осы әрекет туралы. Жеке тұлғалардың тыныштығын, белгіленген тәртіпті бұзатын және ірі материалдық залал келтіруге әкеп соқпаған, елді мекендерде бұл үшін бөлінбеген орындарда пиротехникалық бұйымдарды қолдану – жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Нақты айтқанда биылғы жылға 69000 теңге болса, келер жылдан бастап 73 840 теңге айыппұл салынатын болады.
От шашу жаңа жылдың көркі деп қабылдағандардың көңіл күйі де түсіп жатыр. Қауіптен бұрын қуанышты ойлаған кей тұрғындар мерекенің тойлануына бұлай тыйым салғандары қате деп базынасын айтуда. Балаларымыз қызықтан құр қалатын болды деуде. Ал оның зиянын түсінген екінші тарап бұл әрекетті дұрыс деп бағасын берді. Өйткені олар біріншіден – қып-қызыл шығын десе, екінші – адамның денсаулығына үлкен қауіп дейді.
Статистикаға сүйенсек, төтеншеліктер соңғы бес жылда пиротехникалық бұйымдардың кесірінен 47 адам зардап шексе, оның 25-ін балалар құрап отырғанын айтады. Тіпті отшашудың соңы алапат өртке ұласқанын жасырмады. Осы орайда дәрігерлер де халықты барынша абай болуға шақырады. Отшашу бұйымын дұрыс қолданбаған талайдың көзі ағып, қолсыз қалғандары көп дейді.
Иә, қыс басталды дегенше халықты құлақтандырып, ескертер жай жетерлік. Соның бірі – мұз айдынындағы қауіпсіздік. Қыста аяздың күшімен су айдынында мұз қатты дегеннен балықшылар балық аулауға қамданады. Ал шанасын арқалап, сырғанақ тепкісі келген балалар да осы маңнан табылатыны анық. Алайда олар мұздағы қауіпсіздікті ескермей қайғылы жағдайға ұшырап жатады. Мұндайда алдымен мұздың қалыңдығын тексеріп алған жөн. Әлсіз ұстасқан мұздар өміріңізді әп-сәтте әкетуі ғажап емес. Мүмкіндігінше белгіленбеген орындарға жақындамай қауіпсіздік ережелерін ұстанған дұрыс. Бұл турасында Төтенше жағдайлар бөлімі сан рет ескертіп, бақылауды күшейтіп жүр.
Сайып келгенде қауіпсіздік шарасын қатаң ұстанып, сақтанғаныңыз дұрыс. Жоғарыда айтқандарды қаперіңізде ұстап, түсіністік танытыңыз. Мерекеде той тойлаймын деп, күтпеген жерден опық жеп жүрмеңіз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ