Берекелі баспана
Базарбай бүгінде елудің бесеуінде. Өзі бала күнінен бейнеткеш болатын. Үйдің де, түздің де тірлігіне әбден машықтанған бесаспап дерсіз. Қырық жастан асқан шағында бірінші некеден арада бала болмай ортақ шешіммен, тағдырдың жазуымен екіге ажыраған. Өзге бауырларының барлығы өз бетімен үйлі болып бөлек-бөлек кетті. Әйтсе де жалғыз жүрген соң қара шаңырақтағы анасына қамқор болып қалып еді. Егде тартқан анасының ас-суы, үйдің тірлігі бәрі-бәрі солбір еркектің мойнына жүктелген-ді. Күндердің күнінде анасының да дәм-тұзы таусылып, бақилық болды. Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан демей ме?! Көп ұзамай Сағирамен қол ұстасып бірге қартаюға бел буады. Бәлки, бұл кешігіп жеткен бақыты да болар.
Тағдырдың кейде біз біле бермейтін өзіндік тосынсыйы болады. Жаңбырдың артынан күннің шығатыны, жамандықтан соң жақсылықтың келетіні, алма кезек ауысқан өмірдің ғажабы бітер дейсіз бе?! Базарбай өміріне серік болатын жанды іздеді. Әлгінде айтқандай арада бала болмаған соң, ендігі жерде «балалы боламын» дегенді мүлде ұмыт қалдырған-ды. Ақ пейілділігі мен еңбеккештігіне Алланың бергені шығар. Қос-қостан бөпелі болып әке шаңырағы берекелі үйге айналды. Сыңғырлаған сәбидің күлкісі қара шаңырақты қуаныш пен шаттықтың мекеніне айналдырғандай.
Ауласы тар, үйі де көне болатын. Бірақ бұл бақытты болуға еш кедергі келтірмейтін. Бауырлары орта жастан келген ағасының кішкентай балаларының жағдайы жасалған, жылы, жайлы үйде тұрса дейтін. Бұл тілегін ағасына бірнеше рет айтты да. «Сіз еш қысылмаңыз. Үйді өзіміз көтереміз. Тек сіз келіссеңіз болғаны. Орталықтан алып бер десеңіз, оған да көнеміз. Жаңа үй саламын десеңіз, қолдауды да аямаймыз» деді. Қанша қарсылық танытса да қарындастары қолқалап қоймады. «Жаңа үй саламын десеңдер, қарсылығым жоқ, бірақ мен онда тұрмаймын» деп кесіп сөйледі.
Базарбайға бұл үй өте ыстық. Әке-шешесі тұрған құтты шаңырақ құдды оның жұмақ мекені іспеттес. Қанша қиындық көрсе-дағы бұл үйді қиып кеткісі келмейтін. Жылы суы мен газы болмаса да ол үй сондай жайлы. Ауласында азын-аулақ жеміс ағашы болса да, ол берекелі. Жемісін үйіп-төгіп береді. Бір бөлігін қыстың қамы деп түрлі тосап дайындаса, бір бөлігін сатып тамаққа талғажау қылады. Қорадағы бұзаулы сиыры тағы бар. Балалардың аузы ақтан кетпейді. Әйтсе де оның жем-суына да қаржы қажет. Оның бір жақсысы, қатарластарының жақсы жұмысы мен тізгіндеген темір тұлпарына қызықпайтыны. Өзінің велосипеді бар. Бала-шағасы мен бұзаулы сиырына бұйырған асты осы көлігімен тасиды. Еш қысылмайды.
Өзінің ай сайын табатын 60 мың теңге айлығы бар. Жары мен үш бірдей баласына бұл ақша түкке де жетпейді. Алайда үлестіріп, бірді бірге жалғап тырмысып өмір сүріп жүр. Демалыс уақытында жалданып қосымша жұмыс та істейді. Қолына түскен ақшасына үйге барғанда алдынан «әкелеп» жүгіріп шығатын балаларына тәттісін алады. Қатарынан кем қылмайын деп жүгіріп-ақ жүр. Бар ойы – балаларының аман-сау болып, қарнының тоқ жүруі.
«Маған бұл үй сондай жылы. Онда тұрсам, арқамнан тірек тұрғандай сезімде жүремін. Бір мәселе туындай қалғанда, рет-ретімен өзі шешіле кетеді. Аз табыспен де берекеге толы өмір сүруге болады» деп ылғи айтып жүреді. Мұны балақайлардың несібесі дерсіз. Базарбай мұны өзінің «берекелі баспанасымен» байланыстырады. Иә, көп істе «Алла береке берсін!» деп тілеп жатады көбі. Бұл рас дүние. Береке болмаса құлаш-құлаш қаржы тапқаныңыз не керек?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ