» » Қарлығаш ұя салғанда...

Қарлығаш ұя салғанда...

Кешқұрым уақыт болатын. Үйдегілердің бәрі тыста тірлігімен жүр. Мен де кешкі астың қамына кірісіп, ас үйде жүргенмін. Үлкен ұлым «Анашым, үйге құстар кіріп кетті» деп жүгіре келді. Ауызғы бөлме есігінің бәрі ашық тұрған еді. Расымен қарлығаштар үйге кіріп кетіпті. Кірген жерінен қайта шығар деп сәл тоса тұрдық. Шырылдап кері ұшып кетті.
Біздің үйге қарлығаш ұялағалы бірнеше жыл болды. Аядай ғана ауызғы бөлмені біраз уақыт паналады. Мұны үйдегілер де жақсылыққа балап, шаңырақта бақ-береке болады деп топшылаған-тын. Кіреберіс бөлме болған соң есік жабық тұрады. Десе де ата-анамыз оларға арнайы ашық жерді де ыңғайлап берді.
Ауызғы бөлмені ластап тастаған кезде осы құстардың ұясын бұзып тастасақ па деп ой­лайтынбыз. Мұнымыз бәлки балалық бо­лар. Әйтсе де үйдегі үлкендер «құстың да киесі болар, қарғысы балаларға тиер» деп бұз­дырмайтын.
Әлгі құстардың жыл сайын паналайтын ұясы былтыр құлап қалды. Құстардың қайтар шағында ұя өздігінен құлады. Енді қалай болар екен дестік. Ұяны бұзғымыз келгенмен ол құлаған кезде аса қуана қоймап едік.
Қарлығаш – жыл құсы. Күздігүні жылы жаққа ұшып кетеді. Келер жылы байырғы мекеніне қайтып оралып, өзі ұя салған үйді айнала ұшып жүретіні қызық. Міне, ол былтырғы ұшқан ұясына қайта келді. Ұясы жоқ болғанымен біздің үйге кері оралды. Шырылдап ұшып жүр. Осылай бірнеше күн келіп-кетіп жүрді. Ұя болмаған соң оларды қайта келмейтін болар деп ойлаушы едік. Адамды құс та таниды деуші еді ғой. Бұған біз іштей қуанып қалдық. Араға біраз уақыт салып, құлаған ұясының орнын қайта салды. Жайлы ұясын салған соң жұмыртқасын басып, балапанын шығарар уақыт та енді алыс емес.
Адам секілді құстар да табиғаттың бір бөлшегі. Жаратқанның тамаша туындысы. Екеуі де қамқорлыққа мұқтаж. Құшағын айқара ашқанның қолтығына кіріп, паналап, балапандары өсіп жетілгенше жемтік тасып, қанаты талар қарлығашқа адам қаншалықты қамқор болса, адам баласы да Жаратқан Алладан қамқорлық, мейірім күтеді емес пе?
Кезінде әділ төрелігімен билердің төбе биі болған Төле би бір жылдары жоңғар шапқыншылығынан бас сауғалап ел үдере көшіп, қоныс аударғанда шаңырағын жықпай, жұртта қалып қойыпты. Жоңғар қоңтайшысы жауап алуға келгенде: «Шаңырағыма ұя салған қарлығаштың ұясын бұзғым келмеді. Сенің де баспанаңды ойрандап, балапандарың шырылдап қалса қандай болар едің? депті. Мына кісінің тегін емесіне дұшпан да болса бас иіп, жау жасағынан аман қалыпты. Содан бастап оны жұрт «Қарлығаш би» деп атап кеткен деген әңгіме бар емес пе?
Қарлығаштың жыл сайын өзінің салған ұясына келетіні – оның адалдығының, ақылдылығының көрінісі. Сондықтан да қазақ оны қасиетті, киелі құс санайды. Тіпті жаңа туған қыз балаға «Қарлығаш» деп ат қойғанда осы құс сынды ақ ниетті, еңбекқор болсын дегенді ырымдаса керек. Қарлығаш әлдекімнің түсіне енсе ол бақытқа кенеледі деген наным бар. Қарлығаш кеп ұя салған үйде сәби жиі іңгәлап, көп бала дүниеге келеді деген сенім де бар екен.

Түйін
Иә, қарлығаш адамға жақсылық тілейді. Сондықтан қарлығаш ұя салған үйдің босағасына тыныштық орнап, қуаныш ұялайды деп жақсылыққа жорамалдайды. Біз де қарлығаштың үйге қайта ұя салғанын қуанышқа баладық.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
12 мамыр 2021 ж. 3 095 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (10347)

15 қазан 2024 ж.

№81 (10346)

12 қазан 2024 ж.

№80 (10345)

08 қазан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031