Су құрамын деп «сыйлықсыз» қалды
Жаңа жыл қарсаңында түрлі жеңілдік пен әртүрлі науқандардың болатыны белгілі. Әсіресе, банк тарапынан берілетін «бөліп төлеудің» қыз-қыз қайнап тұрған шағы. Мұнан кейін де өмірдің жалғасатынын ұмытып, бір сәтке көзі байланып, қарбаласқа толы осыбір кезеңде қажетсіз дүние алып ұрынып жатады көбі.
Бәзбіреулер 1+1, бонусқа 10 пайыз жеңілдік деген сынды дүниеге еріп кетеді. Жақында бір кісі осы таза су орнататын (фильтр) компания қызметкерлерінің үйіне келіп, осы жөнінде үгіт-насихат жүргізетіндігін айтты. Бәрін толыққанды түсіндіріп болған соң, көрсетілетін жеңілдіктері мен бөліп төлеу қызметінің бар екенін, қосымша сыйлық та қарастырылғанын тілге тиек етеді.
Арнайы аппараттың көмегімен бізге күнделікті тұтынып жүрген судың лайлығын көзбен көрсетіп берді. Өзім де қандай су ішіп жүргенбіз деп ойланып қалдым. Әлгі лас суды көргенде жиіркенгенімді де жасырмаймын. Әбден сөйлеп, сатуға үйренген «әккілер» ғой. Суқылдап пайдасын айта жөнелді. Қажетті дүние ғой деп құрғызып алуға бел будым. Қасына душқа арналған құрылғыны сыйлыққа береміз деді. Келісіп, бөліп төлеуді рәсімдеп құрғызып алдым. 300 мың теңге көлеміне шықты. Бәрі бітіп болған соң «Каспийдің» қосымшасынан қарасам, 250 мың теңгенің айналасында әлгіндей құрылғының түр-түрі тұр. Әрине, келіп орнататындардың маркетингтік жоспары сол ғой. Сыйлықты айтып қызықтырады. Былайша айтқанда, сыйлықтың да құнын қоса шығарып тұр ғой. Бәрін қоя бергенде, сол сыйлықтан мақұрым қалып отырмын. Салып жібереміз деген. Әлі жоқ. Хабарлассақ телефон тұтқасын көтермейді, – дейді алданған кісі (аты-жөнін құпия сақтауды өтінді).
Біздің санамыздың кедейлігі де осы шығар. Негізгі «фокусты» үлкен затқа, яғни таза су ішетін құрылғыны орнатқанымызға емес, ұсақ-түйек сыйлыққа байланып, оған бұлданатымызға не жорық дейсіз. Олардың негізгі міндеті сату ғой. Басты жұмысын орындаған. Бірақ сыйлыққа беремін деген уәделі сөзді орындай алмағаны дұрыс болмаған сыңайлы.
Мұндай құрылғы орнататын адамдар көбіне-көп сырт қаладан келеді. Әрине, барлығы дерлік сыйлықсыз қалып жатқан жоқ. Әртүрлі сыйлығын алып жүргендер де бар арамызда. Бірақ әлгіндегі адам секілді арасында қулыққа ілініп қалғандары да бар ғой. Оларға нендей кеңес айтамыз? Бірінші кезекте қай қалада, қай мекен-жайда орналасқандығын біліп алу маңызды. Кейде тапсырыстың тым түсіп сізді не ұмыт қалдырса, телефон тұтқасын көтермесе, іздеп бару үшін мұны білген артық етпейді. Төленген түбіртектің қағазы не болмаса электронды нұсқасын сақтап қойған жөн. Бұл сіздің затты сатып алғаныңызды растайтын басты құжат.
Иә, банк тарапынан берілетін бөліп төлеу деп әр дүниеге ұрына бермеңіз. Сыйлық дегенге де сене бермеңіз, сан соғып қалуыңыз бек мүмкін. Себебі, сыйлықтың да соңында «көзге көрінбейтін ақысы» болатынын ұмытпаңыз. Сауда жасар алдында «ақылды» ісе қосқан артық етпейді. Мұндайда тағы бір рет «бұл заттың маған қажеттілігі бар ма? Мен осыған мұқтаж болып тұрмын ба?» деп сұрап алғаныңыз жөн болмақ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ