Уақыт белдеуіндегі өзгеріс
Соңғы уақытта бірыңғай уақыт белдеуіне көшу қоғамда қызу талқыға түсуде. Желідегі жазбаларға қарасақ, адамдардың бұл мәселеге әртүрлі көзқараста екенін аңғадық. Бірі – мұның тиімді тұсын айтса, енді бірі – қажеттілігі жоқ деген пікірді алға тартады. Ал сарапшылар елдегі табиғи уақыттың сәйкес келмеуі адам ағзасына теріс әсерін тигізеді дейді. Сондықтан мамандар тұтас ел бойынша уақытты бір сағатқа ауыстыруды жөн санайды. Жалпы сағат тілін кері ауыстырғаннан қарапайым қазақстандықтардың өмірі қалай өзгереді?
Бұған дейін ғалымдар мен сарапшылардың қызу талқысында болған уақыт мәселесі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстелде жан-жақты талқыланып, оның пайдалы тұстары айтылды.
Елімізде осыған дейін UTC+5 және UTC+6 деген екі түрлі уақыт белдеуі қолданыста болды. Елдің басым бөлігі (батыс өңірлерді қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан. Ғалымдардың айтуынша, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді және биологиялық ритмдер мен адам денсаулығына кері әсері бар. Осы мәселені кешенді пысықтау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі жанынан Парламент депутаттары, ғылыми институттар, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен тиісті жұмыс тобы құрылған. Осы жылғы 1 желтоқсандағы жұмыс тобының отырысында шешім бекітіліп, елімізде UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуін енгізу ұсынылды. Сарапшылардың айтуынша, бұл оңтайлы шешім әрі қолайлы.
Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев бұл мәселе ұзақ уақыт талқыланғанын жеткізді.
– Бәріміз де – қоғамның мүшесіміз. Таңғы сағат 9-да жұмысқа барамыз. Ол уақытта дала қараңғы болып тұрады. Әрбіріміздің отбасымыз және балаларымыз бар. Олар мектепке барады. Балалар мен жасөспірімдердің ұйқысы қанбаса, олардың сабақ оқуға қабілеті қайдан болады? Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу осы жағынан тиімді. Өзгерістің басқа да оң әсері мол. Мысалы, адамның денсаулығы жақсарса, бұл экономикаға да оң септігін тигізеді. Өңірлер арасында өзара байланыс артады. Еліміздің батысы басқа сағат белдеуінде, Астанамен салыстырғанда бір сағат айырмашылық бар. Өзгеріс болса, көліктер де бір уақытпен барып, бір уақытпен келеді, – деді комитет төрағасы.
Енді келер жылдың наурыз айының бірінен бастап уақыт ауысады. Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа шегереді. Осылайша, еліміздің барлық аймағы 5-інші сағат белдеуіне орналасады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ