Ажалға араша бар ма?
Жалпы бала тақырыбы жаныма тым жақын. Әркез олардың әңгімесі, қылығы қызықты. Бірде жұмыс маңынан екі баланың сөйлесіп бара жатқанын құлағым шалып қалды. Тарих сабағын талқылап барады екен. Естіген құлағыма да сондай жағымды болды. «Сақтар, ғұндар сосын қайсы еді, түркілер» деп оқығанын сөз етіп бара жатқаны ерекше сүйсінтті. Іштей осы секілді оқымысты балалар көп болса ғой деп қоямын.
Арада көп уақыт өткен жоқ. Күнделікті күйбең тіршілікпен жүрсеңіз де бір мезгіл айналада не болып жатыр деп зер саласыз ғой. Сондай да сабақтан қайтып келе жатқан бір баланың әңгімесін естимін. Мұны бір жақын танысым айтты. Жанары жасқа толған, көше бойлап келе жатқан баланы көреді. Жылаған себебін сұраса, мектептегі әлімжеттік қой баяғы. Кенттегі мектептің бірінде оқитын әлгі баланың асханадан тамақтануға алған аз-маз тиынын үлкен сыныптың оқушылары сұрайды екен. «Мен неге өз ақшамды біреуге беру керекпін?» деп өз құқын қорғағысы келеді. Мұндайды олар тыңдасын ба?! Таяқтай жөнелген ғой. Сірә, бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес секілді. Сәл кідірістен соң жаңағы бала «менің өлгім келеді» депті. Қапелінде баладан мұндай сөзді күтпеген әлгі танысым біраз абдырап қалғанын айтты. Кейіннен көңілін аулап, үйіне дейін жеткізіп шығарып салыпты. Содан соң біраз ойға қалдым деді. Рас, осыны естігенде өзімнің де денем тітіркеніп кетті. Баланың бұлай айтуына не себеп болды екен?
Бірінші себеп – мектептегі әлімжеттік дейік. Бұл бұрында бар, қазірде өзектілігін жоймаған мәселенің бірі. Екіншіден, баланың ішіндегі өкпе-ренішін, айтар назын тыңдар адамның жоқтығы. Әйтпесе мүлде танымайтын, бұрын көрмеген адамға мұңайған себебін ақтара айтып сала ма?! Бәрінен бұрын «өлгім келеді» деуі, тіпті қиын... Үшінші бақылаусыз қалған бала, жауапкершілігі жоқ ата-ана. Қалай болғанда да баланың тәрбиесіне бірінші жауапты сол ата-ана емес пе? Төртінші кезекте телефоннан көретін түрлі бейнелері бар. Себебін жіктесек осылай кете береді.
Бала – шексіз бір әлем. Бала – байлық. Бірақ кейде сол қолда бар байлықтың қадірін жете түсіне бермейтін секілдіміз. Оларды жақсы дүниеге үйретіп, сабақ бергіміз келеді. Кейде оларға қарап өзіміз сабақ аламыз. Әлгіндегі баламен болған әңгіменің сабағын әркімнің өз еркіне қалдырайық. Балаға бәлкім мейірім, көңіл бөлу, жылы сөз жетіспейтін болар. Бұл қиын нәрсе емес қой. Әрі сізден ешкім қымбат ақы да сұрамайды. Тек бірер минут уақыт бөлсеңіз жеткілікті. Осы бала күніндегі мейірімнің кемдігінен болар, қоғамда «жауыз, қаскөйлік» әрекеттердің орын алуы. Әлемдегі ең қорғансыз жан ол – бала. Біз баламыз үшін барымызды, жанымызды беруге дайынбыз дейміз, бірақ кейде баланың жанына өзіміз жара салып аламыз. Жоғарыдағы мысал бұның тек бір парасы ғана. Сондықтан ата-ана баласына бір сәт көңіл бөліп, не ойлап жүр, қандай дүние мазалайды, қалауы не соған назар аударғаны дұрыс болар.
А.АХМЕТ