» » Креативті индустрия: бағдары мен салмағы

Креативті индустрия: бағдары мен салмағы

Фото: ашық дереккөз
Елімізде соңғы уақытта креативті индустрия туралы жиірек айтылып, бұл салаға мемлекет тарапынан да аса мән беріп келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасы мен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға көп үлесін тигізері сөзсіз. Әсіресе, озық ойлы жастардың жаңашыл бастамасы қолдауға тұрарлықтай.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе» деген еді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде креативті индустрияның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 2,67 пайыз болыпты. 2025 жылға қарай бұл көр­сеткішті 5 пайызға жеткізу де көзделіп отыр. Креативті индустрия елімізде кенже дамыған салаға жатады. Сол себепті шығармашылық индустрияны дамыту саланы өркендетуге серпін береді. Жалпы алғанда, креативті индустрия ұғымының аясы өте кең. Ол шоу-бизнес, кино, эстрада, анимация, көркемсурет, қолөнер, ІТ-жобалар, креативті архитектура мен туризм және өзге де көптеген бағыттарды қамтиды.

Ел Президенті экономика үшін аса қажетті креативті индустрияны қолға алуды осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан. Қазір сол бастама ел игілігі үшін маңыздылығын кө­рсетіп отыр. Мәселен, Үкімет 2021-2025 жылдарға арналған шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасын бекітіп, жүзеге асыруды бастаған еді. Оған қатысты қызметтің 43 түрін белгілеген. Нәтижесінде, ел бойынша 95 мың адам жұмыспен қамтылып, 32 мың кәсіпкердің жұмысы жанданған.

Бүгінде көптеген дамыған мемлекет креативті индустрия арқылы туризм, сауда, білім беру секілді салаларды да қатар дамытып отыр. Өркениетті мемлекеттердің бәрінде халық шығармашылығы, музыка, мәдениет және демалыс мекемелері, баспа, кино және анимация, фотография, ақпарат құралдары архитектура, кітапхана, мәдени мекемелері, тарихи мұра және басқа да, барлығы 16 секторға бөлініп, тұрақты жұмыс істейді. Осылайша сан саладан пайда тауып, мемлекеттің экономикалық дамуына үлкен үлес қосатын қуатты күшке айналған. Мысалы, АҚШ пен Қытайдың әрқайсысында бұл саладағы қаржы айналымы жылына 1 триллион доллардан асады екен.

Креативті экономика кез келген қоғамдастық үшін салыстырмалы түрде қолжетімді. Себебі ол нақты табиғи ресурсты, қолайлы географиялық орынды немесе бәсекелестік артықшылықтың басқа сыртқы факторын қажет етпейді. Ол үшін тек білім мен талант қажет. Елімізде жалынды әрі дарынды жастар жетерлік. Дегенмен қолдау аз дейміз бе, әлдебір дүние жетіспей тұрғандай көрінеді. Нарықта сұраныс жоқ деген сылтау секілді. Ал сала өкілдері бағдарлама қабылдау, тағы да басқа жанама қолдау қажет екенін айтады. Қош. Бәрінен бұрын мемлекеттің де өз кезегінде бұл салаға айрықша қолдау көрсетуге мүдделі болып отырғаны қуантады.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
13 желтоқсан 2023 ж. 240 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 292

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 387

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930