» » Сағындырған сары қант

Сағындырған сары қант

qarmaqshy-tany.kz СОЛ КҮНІ КӨҢІЛ-КҮЙІМ ЖАҚСЫ. САБАҚТАН АЛҒАН БЕСТЕРІМ АБЫРОЙЫМДЫ КӨТЕРІП КЕЛЕДІ. БАЯҒЫ ОҚУШЫ КЕЗІМ ҒОЙ. ТУРАСЫН АЙТҚАНДА БАСТАУЫШТА ОҚИМЫН. ТҮНІМЕН ТƏТЕМНІҢ ТОҚПАҚТАП ОТЫРЫП ОҚЫТҚАН САБАҒЫ МИЫМА ƏБДЕН ҚОНҒАН. ҚОНҒАНЫ СОНША КІТАПТЫҢ БЕТІН ЖАТТАП АЛДЫМ.
Ертесіне сабақта әшейінде партадан көтерілмейтін екі қолым мұғалімнің алдында «мен айтайын» деп иығымнан жұлынып кетейін деп тұр. Апайым да дайындалып келгенімді білді-ау, «Ойпырмай, Ерсін! Сен сабақ айтшы, құлшынып тұрсың ғой» деді ортаға шақырып. Шынымен сабақ айтқанша өзіме сыймай тұрмын. Орнымнан тұра сала партаға соқтығысып тақтаға шықтым. Үйге берген тапсырмамен әдебиеттен түсінігімді үтір, нүктесіне дейін айтып бердім. «Ой жарайсың, отыр бес» деп, сыныптастарымның алдында бір мақтады, шіркін.
Осылайша қалған екі-үш сабақтан жақсы баға алып, тоқ көңілмен үйге қайттым. Ең бастысы, әжеме мақтануға дайындалып келемін. Ауа райы да менің шаттық күйіме қосылып, жылуын аямай шашып тұр. Талдан-талға ұшып қонған торғайлар шиқылдап, мені сөз етіп, мақтап артымнан ілесіп келе жатқан сияқты. Менен бұрын әжеме жеткізіп қоймаса болды. Өзіме солай елестетіп келемін. Енді адамның қиялы шексіз ғой. Күліп отырғандарыңыз болса іштеріңізде қалсын. Үйге жеттім. «Әже, бес алдым. Әже!» Апам көрінбейді. Мақұл, киімімді ауыстырып, сырттан іздермін, сарайда жүрген шығар. Тәтемнің қабырғаға қағып берген екі шегесі бар. Киімім әк болмасын деп газет қыстырып қойған. Ақ көйлегім мен қара шалбарды киім ілгішке жинап, шегеге ілдім. Дереу сыртқа шығып, сарайға беттедім. Ойын да қысып барады. Бірақ менен бір жас кіші Айбек көршім сабақтан келе қоймапты. Ошақ сарайға жақындаған сайын тәтті иіс мұрнымды жарып барады. Әжем мұнда кішкене қазанға қант қайнатып, кепсермен әрлі-бері асты жабысып қалмасын деп былғап отыр екен. «Келдің бе, балам? Анау отынның майдасын отқа итеріп жіберші» деді мені жұмсай кетіп. Бүгінгі алған бестерімді апама айтып тауыса алмай жатырмын. Сабырлы күймен әжем күлімдей қарап, «Айналып қана кетейін» деп еркелете кетті.
Қазанда қызарып еріген қантты апам күйе қолғаппен оттан көтеріп алып екі шағын ақ табаққа құйды. «Әрі тұр, күйіп қаларсың» деп жолатпайды. Жалпы әжем үйде шайды қантсыз іше алмайды. Сосын самаурынның шайы болмаса анау-мынау шәйнекке басының ауырған сақинасы оңайлықпен сынбайды. Ыстық қазанға бір бақыраш су құйып, оны шайқап тостақанға құйды. Ол маған дайындаған тәтті суы. Қазіргі дүкендегі түрлі-түсті сулардан он есе артық. Таза табиғи.
Кешке жақын әжем салқын сарайға қатырып қойған екі табақ қантты шүберек дастарханға төңкере қағып түсірді. Өзінің бұрыннан келе жатқан қант шаққышын шығарып, шетінен ұртқа сиятындай етіп омырды. Қолдан тіккен шүберек қалтасына шағылған қанттарды салып, аузын түйіп, ақ шкафқа салды. Қалғанын шай ішуге шыны ыдысқа салып, дастарханға қойды. Арасында мені көрші әжейге жұмсап, шайға шақырды.
Біз ол кезде ойын баласы болғасын ба, тамаққа онша қарамаймыз. Әжеміз де туралған нанның үстіне әлгі қантынан бірекеу салып беріп, «Барыңдар, ойнаңдар. Осыны жей тұрыңдар. Тамақты артынан ішесіңдер» деп үлкендердің әңгімесіне араластырмайтын. Сол кездің тәрбиесі ме, бізді өсек әңгімеге үйір қылмайтын. Қолға ұстап шыққан ауқатты көшеде жеп аламыз. Тіпті көрші үйдің балаларымен бөлісетінімізді қайтесіз. Қантты екі ұртқа кезек-кезек лақтырып, тәтті сөлін жинап бір-ақ жұтамыз ғой шіркін. Балалық шақтың бал дәмі дерсіз.
Алдыңғы күні газетке шығатын мақаланың қамымен кейіпкеріміздің үйіне тілшілер бардық. Міндетім бойынша әуелі суретке түсіріп, одан кейінгі жұмыс әріптестерімді сұхбаттасуға қалдырып, бөлмеден шығып кеттім. Үйдегі жеңгеміз «нан ауыз тиіңіз» деп сары майы мен тәттісін қойды. Дастарханға жақындай бере шыны ыдысқа салынған сары қантқа көзім түсті. «Мә-ә мынаны қара» деген дауысым қатты шығып кетті ме, жеңгеміз «не ол?» деп түсінбей қарады. Қолыма ұсақ сары қантты ұстаған күйі бір сағыныш бойымды кернеп кетті. Рас. Апам көз алдыма келгендей іштей балаша қуандым. Бәлкім әлі күнге дейін үзбей сары қант қуыратындарыңыз бар шығар. Бірақ ауылдан алыстағалы дәмін ұмытқанымыз былай тұрсын, қазіргі дастарханнан жұрнағын да көрмейтін болдық. Тек құмқант пен төртбұрышты аққант сары қанттың орнын басып жүр емес пе? Не болса да апа-ау, сары қантыңызды сағындым.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
08 желтоқсан 2023 ж. 467 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 293

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 389

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930