» » Жәрдемақы жете ме, жас ана?

Жәрдемақы жете ме, жас ана?

qarmaqshy-tany.kz БАЛА – ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ. СОНДЫҚТАН ƏР МЕМЛЕКЕТ СƏБИДІҢ ДҮНИЕГЕ КЕЛУІНЕН БАСТАП ЖАҒДАЙЫН ЖАСАУҒА, ОҒАН ҚАЖЕТТІНІҢ БƏРІМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ БАР КҮШІН САЛАДЫ. ОҒАН АРНАЙЫ ЖƏРДЕМАҚЫ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ. ТЕК ҚАЗАҚСТАНДА ҒАНА ЕМЕС, КӨПТЕГЕН ЕЛДЕ НƏРЕСТЕ ТУҒАНДА БІР РЕТТІК, БІР ЖАСҚА ТОЛҒАНҒА ДЕЙІН ЖƏНЕ ЕРЕКШЕ КҮТІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН БАЛАЛАРҒА БЕЛГІЛІ БІР МӨЛШЕРДЕ ЖƏРДЕМАҚЫ БЕРІЛЕДІ. ОСЫЛАЙША ƏРБІР ЕЛ ӨЗ БОЛАШАҒЫНЫҢ ҚАМЫН ЖАСАЙДЫ. АЛ СОЛ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТАҒАЙЫНДАҒАН ЖƏРДЕМАҚЫСЫ БАЛАНЫҢ БАР МҰҚТАЖЫНА ЖЕТЕ МЕ? БІР ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ КҮТІМІНЕ ҚАНША ҚАРАЖАТ КЕТЕДІ? БҰЛ ЖӨНІНДЕ ДАУЛЫ ПІКІР КӨП-АҚ. САРАПТАП КӨРСЕК.

ҚАЗІР БӘРІ ОҢАЙ
Тақырыпты оқып «не оңай?» деп отырған боларсыз. Ал біз құжат өткізу жағын тұспалдап отырмыз. Бұрын баланың куәлігін алу, жәрдемақы тағайындау үшін жас босанған ана күннің суығына, ыстығына қарамай Халыққа қызмет көрсету орталығына келуі тиіс еді. Ал қазір жаңа туған нәрестені тіркеу үшін орталыққа жас ананы жетектеп барудың қажеті жоқ. Тіпті перзентханада жатып-ақ хабарлама арқылы онлайн тіркеуге болады. Одан бөлек бала туғанда берілетін бір реттік жөргекпұл мен бір жарым жасқа дейінгі жәрдемақыға да құжат телефон арқылы қабылданып, сондағы есепшотыңызға ай сайын түсіп тұрады. Жаңа заманның жемісі, цифрландырудың пайдасы осы болар, бәлкім.
Сондай-ақ интернет арқылы балабақша кезегіне де тіркеуге қоюға болады. Тағы бір жаңалық. Бұрын жаңа туған нәрестеге дәрі қобдишасын алу үшін жергілікті емханадағы дәрігердің нұсқауын алып, дәріханаға баратынбыз. Ал қазір ол да перзентханада бірден беріледі. Бұл туралы жақында ғана төртінші перзентін бауырына басқан анадан сұрап білдік.
– Қараша айында кішкентайымды қолыма алдым. Босанғаннан кейін құжатын асықпай шыққан соң, рәсімдермін деген ойда болғанмын. Жанымдағы жас келіншектер барлығын телефон арқылы алуға болатынын айтып, жол көрсетті. Солардың арқасында әп-сәтте куәлігімізді алып, жәрдемақыға да өтініш бердік. Қазір еш алаңсыз баламның күтімімен үйде отырмын. Балаларымның арасы ұзақ болғасын ба, мұндай өзгеріс барын білмеппін. Қуанып қалдым, – дейді кент тұрғыны Айжан Нұрманова.
КІМДЕР ҚАНША АЛАДЫ?
Әр ата-ана бауыр еті баласына ең жақсы тағамды, сапалы киімді, әдемі ойыншықты алып бергісі келеді. Дегенмен теңге құны төмендеп, шетел валюталары қымбаттап бара жатқандықтан, балалар тауарларының да құны көтеріліп жатпаса, түскен жоқ. Себебі, еліміздегі тауарлардың көбі шетелден әкелінетіні белгілі. Ал баламен үйде отырған аналардың алып отырған жәрдемақысы қанша және ол бала күтіміне жете ме? Мұны біз сұрастырып көрген едік. Осы жылдың басты жаңалықтарының бірі – бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақының сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төленетіні. Айлық есептік көрсеткіш 3450 теңге болып бекітілді, тиісінше көпбалалы аналардың жәрдемақысы мен жөргекпұл мөлшері де өсті. Мәселен бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы 131 100 теңгені құраса, бала күтіміне ай са йын бірінші балаға 19 872 теңге, екінші балаға 23 495 теңге, үшінші балаға 27 083 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 30 705 теңге беріледі. Ал төрт және одан көп балалары барлар 18 жасқа (жоғарғы оқу орнына түссе 23 жасқа дейін) толғанша ай сайын 55 304 теңге беріледі.
Ал «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар ай сайын 25 530 теңге алады.
БҰЛ ҚАРЖЫ БАЛА КҮТІМІНЕ ЖЕТЕ МЕ?
Егер нарықтағы жағдайды ескерер болсақ, бір балалы және көпбалалы атаанаға да (егер жұмыс істемейтін болса) жоғарыда көрсетілген сома жеткіліксіз екені белгілі. Мысалы Mojazarplata.kz сайтының онлайн сауалнамасына қатысқан 367 атаананың жартысы (49,59%) бір жасқа дейінгі балаға берілетін ай сайынғы жәрдемақы бір аптаға да жетпейтінін айтқан. Ал 23%-ы екі аптаға жеткізуге тырысатынын, 3,27%-ы «соза-соза» үш аптаға жеткізетінін, 6,81%-ы бір айға әрең-әрең жеткізетінін айтқан. Сауалнамаға жауап бергендердің қалған 7,08%-ы қаражаты бар болғандықтан 10 минутта жұмсай салады екен. Себебі олар не несие төлейді немесе депозитке аударады.
Балалы үй – базар. Десе де баланың қажеттіліктеріне кететін шығын шаш етектен. Баланың бір жасына дейінгі керекті сүт қоспасының бағасы арнайы дүкендерде 3 мың теңгеден басталып, 21 мың теңгеге дейін барады. Оның бағасы баланың жасына, сүттің құрамына және өндіруші компаниясына қарай өзгере береді. Сүт қоспаларының ішіндегі ең қымбаты – ешкі сүтінен жасалғаны. Бағасы орналасқан қалаңызға да байланысты әртүрлі келеді.
Мемлекет тарапынан сәбилерге қосымша сүт қоспасы кейбір жағдайда ақысыз берілетінін айта кеткен жөн. Оны бізге аудандық емхананың аймақтық дәрігері Айнұр Жұмабекова айтып берді.
– Жаңа туған баланы ана сүтімен емізгеннің балаға да, анаға да пайдасы көп. Біздің емханадағы аналардың 98 пайызы өздері емізеді. Дегенмен баласын өзі емізе алмайтын кейбір аналарға мемлекеттен қосымша сүт қоспасы беріледі. Оларға көпбалалы, күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент, стационарлық емдеуде жатқан аналар жатады. Асыранды балалар, анасында ауыр дәрежелі қан ауруы, ашық формадағы туберкулез, иммун тапшылығының синдромы (СПИД) диагнозымен ауыратындар да «Нәресте» атты құрғақ сүт қоспасын тегін ала алады, – дейді дәрігер.

Соңғы жиырма жылдықта кеңінен қолданысқа енген бір реттік жөргектердің де бағасы ұшып тұр. Қазір әр екінші баланың атопиялық дерматит не аллергиясы бар. Оларға ерекше күтім қажет. Ол үшін атаана баласына жапондық гиппоаллергенді, сапасы жоғары жөргектерді алып беруге тырысады. Оған айына кемі 10 мың теңге немесе одан да көп ақша жұмсайды. Оның қасына балаға керекті киім-кешек, ауырған кезінде алатын дәрі-дәрмек, жеке гигиенасына қажетті заттарды және ойыншығын қосыңыз. Бар жақсыны баланың аузына тосатын ата-ананың қалтасы осы жерде қағылады.
БАСҚА ЕЛДЕРДЕ ЖӘРДЕМАҚЫ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ?
Ел-елдің бәрінде демографияны жақсарту және балалы отбасыларды қолдау мақсатында арнайы әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Мұндай көмекті әр мемлекет өз әлеуетіне қарай әртүрлі деңгейде жүзеге асырады.
Ресейде бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақының 40 пайызына тең екен. Сондай-ақ анасына сомасы шамамен 2 млн теңгеден асатын «Ана капиталы» сертификаты беріледі. Осы сертификатты иеленгендер бұл қаржыны зейнетақы қорына салуға, ипотеканың алғашқы төлемі ретінде баспана жағдайын жақсартуға, сондай-ақ баланың білім алуына жұмсай алады. Ресми дереккөздерге сүйенсек, 2018 жылдан бастап Ресейде балаларға бірден бірнеше жәрдемақы беру қарастырылған. Кейбір жәрдемақылар бір жолғы жәрдемақы ретінде берілсе, қалғандары айына бір рет беріліп отырады. Сондай-ақ жәрдемақы мөлшерінің әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін екені айтылады.
Ал Германияда әрбір балалы отбасы ай сайын жәрдемақы алады. Негізгі шарт – бала осы отбасында тұрып, оның қажетін өтеуі керек. Қазіргі кезде бұл ел бірінші және екінші бала үшін әрқайсына 204 еуро төлейді. Мемлекет ата-анаға бала кәмелет жасына толғанша қолдау көрсетеді. Егер бала орта білімді аяқтап, ЖОО-да білімін жалғастырса, оның 25 жасына дейін жәрдемақы төлеу созылуы мүмкін. Балалар саны өскен сайын келесі балаға төленетін жәрдемақы мөлшері де артады. Сонымен қатар, балалы отбасылар үшін тұрғын үй салу немесе сатып алуға алынған несие сомасын азайтуға және салық төлеу кезінде жеңілдік алуға мүмкіндік бар.
Францияда балаларға арналған жәрдемақы неміс қағидаты бойынша есептеледі. Жәрдемақы екінші баладан бастап беріледі. Біздің елде бала саны өскенде жәрдемақы көбейсе, бұл елде келесі баладан бастап жәрдемақы азайып отырады.
Еуропаның ең гүлденген елдерінің бірі – Швецияда балаға ай сайынғы төлем 120 еуродан (кроннан еуроға шаққанда) басталады. Екі баласы бар ата-ананың шотына 251 еуро түседі. Швеция Франция секілді келесі балалар үшін соманы азайтпай, қайта өсіреді.
Ұлыбританияда балаларға арналған жәр демақыны бөлу кері бағытта жүреді деу ге болады. Мұнда бір бала болса, отбасы бюджеті ай сайын – 90 фунтқа көбейіп отырады. Әрбір келесі бала үшін ата-ана айына – 59 фунт алуға құқылы. Егер отбасында алты немесе одан да көп бала болса, әр келесі балаға жәрдемақы мөлшері 35-50 еуроға артып отырады.
Ал Австрияда балаға берілетін жәрдемақының мөлшері баланың жасына сәйкес ұлғаяды. Бала өскен сайын соғұрлым жәр демақы да көбейеді. Бұл ақылға да қонымды екен. Себебі бала өскен сайын оның қажеттіліктері де көбейе береді емес пе?
Еуропалық стандарттар бойынша Грек Республикасы азаматтары өте кедей тұрады деп саналады. Мемлекет тарапынан халыққа көмек өте аз жүргізіледі. Бұл елдің әлеуметтік саласы тұтастай алғанда құлдырауда. Грекиядағы алғашқы балаға берілетін жәрдемақы – 5 еуро. Бұл біздің елімізден де өте аз көрсеткіш. Мемлекет екі балаға – 20 еуро көлемінде «көмек көрсетуге» дайын.
Балаға төленетін жәрдемақы бойынша ең жомарт мемлекет деп Еуропаның ең кішкентай елдерін айтуға болады. Лихтенштейнде мемлекет әр балаға айына – 250 еуро, Люксембургте – 265 евро төлейді. Сонымен қатар баланың жасына байланысты оның жәрдемақысы да артып отырады.
Ең қызығы, АҚШ-та бала дүниеге келгенде оған ешқандай жәрдемақы берілмейді екен. Отбасының жағдайы төмен болған жағдайларда ғана балаға жәрдемақы беріледі. Онда тек салық бойынша жеңілдік алуға болады. Сонымен қатар декреттік демалыс деген түсінік те жоқ. Бірақ атаанасының табысы күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда мемлекет оларға ақша түрінде немесе талон, жеңілдік түрінде көмек көрсетеді. Мысалы, азық-түлік сатып алуға арналған карталар, мектепте таңғы ас пен түскі асты тегін беретін талон, жол-күреге кететін ақшаны береді. Көбіне мұндай жеңілдіктер баланы жалғыз асырап отырған ата-анаға немесе туыстары асырап отырған балаға беріледі.
Байқап отырғандарыңыздай әлем тәжірибесі әрқилы. Жәрдемақы мөлшері бірінде аз, енді бірінде көп, тіпті бірінде мұндай түсінік те жоқ. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, адам капиталына түрлі көзқарас.
АНАЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Осы мақаланы дайындау барысында көпшіліктің ойын білмекке алдын-ала әлеуметтік желілерге сауал таста дық. Жиырмаға жуық адам өз пікірін қалдырыпты. Соның 15-і «Жәрдемақы жетпейді, қазір барлығы қымбат» деген пікірді ұстанады екен.
– Осы күні әділетсіздік жайлаған кезеңнің табалдырығында тұрмыз. Қоғам әділетсіз дейміз. Ал қоғамды құрайтын негізгі капитал – адам. Сөз жоқ, билікте қыруар істер атқарылып келді, әлі де атқарылуда. Дегенмен, қарапайым халықтың жанайқайы мен сөзін тыңдайтын азаматтарымыз қайда қарап жүр? Қазіргі кезде төрт бала емес, үш баланың өзін көпбалалы отбасы десек те артық емес. Әр баланы қатарынан қалдырмай бағып-қағу керек. Шын мәнінде, әлгі азын-аулақ жәрдемақының, қазіргі қымбатшылықпен есептесек, мөлшері өте төмен. Баланың жаялығы мен жөргегінен артылмайды, – дейді аты-жөнін жариялауды құптамаған келіншек.

Ал пікірлердің енді бір тобы «тек баланың өзіне ғана үнемдеп жұмсалса жетеді» дейді. «Мен екі баланың анасымын. Бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақыға негізгі қажетті дүниелерін аламын. Ал ай сайынғыға күнделікті тұ тынатын заттарын алып отырдым. Ар тығын жинадым. Таныстарымның арасында баланың ақшасымен «несиесін» төлеп жүргендер де бар. Ал менің балаға берілетін ақшаны басқа дүниеге жұмсауға арым жібермейді» дейді Қалдыгүл есімді жас ана. Расында да ойланып қалдық. Біз ол ақшаны несие төлеп, үйге азық-түлік алуға жеткізе алмай жүрген жоқпыз ба?
Ал жекеме келген хаттардың арасында «Жәрдемақысыз да жетілдіргенбіз» деген бір оқырман болды. Оның сөзін тыңдап көрсек.
– Өзім алты баланы өмірге әкелдім. Ол уақытта жәрдемақы деген мүлде болмайтын. Қазақта «бір бала дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деген тәмсіл бар емес пе?! Осы аталық сөздің мәнін түсіне бермейтініміз өкінішті. Бала тууды жәрдемақыға байланыстырудың қажеті жоқ. Жалпы отбасы құрған кезде жарының қажеттілігі, кейіннен балаларының қажетін өтеу отағасына жүктелетін міндет емес пе? Оны неге мемлекеттен сұрауымыз қажет? Біз ерімізге сендік. Ол отбасы үшін аянбай еңбек етіп, бізді қатардан қалдырмай жеткізді, – дейді ақжаулықты ана Тынышкүл Қатарбаева.

Бұл пікірдің де жаны бар. Расында екі адам отау құрғанда перзентті болуды өздері қалайды емес пе? Ендеше, неге үкіметке жәрдемақы мардымсыз деп шағым айтамыз. Өмірге әкелген перзенттерін бағып-қағу да – ата-ананың міндеті. Кейде шындыққа тура қараған да дұрыс-ау. Осы сауалнамадан масылдық сана санамызға сіңіп кеткендей көрінді маған.
Түйін Мемлекет басшысының балаларға жасап жатқан қамқорлығы ерекше. 18- ге толмаған әр баланың атына Ұлттық қордан ақша аударылып тұратын болды. Бала күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы жәрдемақы бір жарым жасқа дейін ұзартылды. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы да бірталай шығынды жабады. Ақша кімге артықтық етсін? Жас ұрпаққа жасалып отырған мемлекет қамқорлығын ешкім жоққа шығара алмайды. Біздің айтпағымыз, осынша жақсылық ақша құнсыздануының әсерінен желге ұшпаса екен. Сәбилер көрер игілікті қымбатшылық жеп қоймаса игі. Ата-ана да жауапкершілік үкіметте емес, өзінде екенін сезінсе дейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
07 желтоқсан 2023 ж. 321 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 294

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 390

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930