Дәрі-дәрмек бағасының өсуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды – комитет
Фото: pixabay.com
Спиртке акцизді енгізуге байланысты құрамында спирті бар дәрілік заттардың қымбаттауы туралы ақпаратқа қатысты ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеме жасады. Онда дәрі-дәрмек бағасының айтарлықтай өсуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайтыны баяндалған, деп хабарлайды Kazinform.
2022 жылы Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрілік заттарды өндіру кезінде пайдаланылатын спиртке 1 литр спирт үшін 600 теңге мөлшерлеме бойынша акциз салынады. Бұл 1 мл спиртте акциздің сомасы небәрі 60 тиынды (600 теңге/1 000 мл) құрайды.
Дәрілік заттарды өндіруде спирттің аз ғана мөлшері қолданылады, бұл ретте дәрі-дәрмектердегі спирт құрамы аз болғанда, бағаның өсуі де соғұрлым елеусіз болады.
Мәселен, бекітілген Технологиялық регламентке сәйкес 25 мл көлемдегі аналық шөп тұнбасын өндіру үшін 20,4 мл спирт қажет. Бір құтыдағы акциздің сомасы небәрі 12,2 теңгені (60 тиын*20,4 мл) құрайды. Тиісінше, бір құтыдағы тұнбаның бағасы тек 9,4%-ға артады және 142 теңгені құрайды (қазір дәріханалардағы баға 130 теңге).
Егер «зеленка» гауһар жасыл ерітіндісін алсаңыз, онда 10 мл көлемдегі бір құты ерітінді өндіру үшін 6 мл спирт қажет. Бір құты үшін акциз сомасы небәрі 3,6 теңгені құрайды. Тиісінше, бір құтының бағасы тек 2,8%-ға артып, 134 теңгені құрайды (қазір дәріханалардағы бағасы 130 теңге).
Басқа дәрі-дәрмектер бойынша да бағаның шамалы өсуі болады, мысалы:
– валериан тұнбасы құтысының құны (30 мл) 16 теңгеге немесе 10,8% өседі;
– ротокан құтысының құны (100 мл) 20 теңгеге немесе 4,1% өседі;
– меновазин құтысының құны (50 мл) 21,6 теңгеге немесе 7,4%-ға өседі.
Осылайша, дәрі-дәрмек бағасының айтарлықтай өсуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Сонымен қатар қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес фармацевтика саласы салықтар бойынша белгілі бір жеңілдіктерге ие, мәселен дәрілік заттардың өндірісі мен импортына қосылған құн салығы салынбайды.