» » Сән-салтанат салығы: кімге пайда, кімге зиян?

Сән-салтанат салығы: кімге пайда, кімге зиян?

qarmaqshy-tany.kz «АСТАНА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛАРЫНДА ЕҢ АУҚАТТЫ, БАЙ АДАМДАР ТҰРАДЫ ЕКЕН. ШАҺАРДЫҢ ӘР БӨЛІГІНДЕГІ СӘНСАЛТАНАТТЫ КОТТЕДЖДЕРДІ КӨРІП, СҮЙСІНДІМ» ДЕЙДІ БІР ТАНЫСЫМ. РАСЫНДА ДА, ӘРБІР ҚАЛАДА СӘУЛЕТ ӨНЕРІНІҢ СОҢҒЫ ҮЛГІСІМЕН ТҰРҒЫЗЫЛҒАН ЖЕКЕМЕНШІК ЗӘУЛІМ САРАЙЛАР АЗ ЕМЕС. ТІПТІ БӨЛЕК ШАҒЫН ЫҚШАМ АУДАНДАР БАР. ТИІСІНШЕ, ОЛАРДЫҢ АУЛАСЫНДА БІРНЕШЕ ҚЫМБАТ МАРКАЛЫ КӨЛІКТЕР ТІЗІЛІП ТҰРАДЫ. БҰЛ КӨЗГЕ КӨРІНІП, КӨПШІЛІКТІҢ ТІЛГЕ ТИЕК ЕТІП ЖҮРГЕНІ ҒАНА. АЛ ОДАН БӨЛЕК ДҮНИЕЛЕРІ ӨЗГЕ ЕМЕС, ӨЗІНЕ ҒАНА АЯН. АЛАЙДА МЕМЛЕКЕТ БҰЛ ІСІ ҚОЛҒА АЛМАҚШЫ. КЕЛЕР ЖЫЛДАН БАСТАП ОРТА ТАП ӨКІЛДЕРІНЕН ӨЗГЕСІ СӘН-САЛТАНАТ САЛЫҒЫН ТӨЛЕМЕК. БҰЛ ЗАҢ КІМГЕ ОЛЖА? ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ? САРАПТАЙМЫЗ.
ЖАҢА ЗАҢ ЖАЙЫНДА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» енгізуді ұсынды. Президент атап өткендей, мұның орта тапқа қатысы жоқ. Бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады. Қысқасы, бай-бағландардан ғана ұсталмақ.
Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты екені анық. Сондықтан Президент фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін биыл жаңа Салық кодексі әзірленетінін айтты. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс екенін де алға тартты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Сондай-ақ жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек. Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн. Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек. Салық төлеушілердің салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режимдерін жеңілдету керек. Салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет. Сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясын кеңейту керек. Салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады» деген еді.
Осы тұста Президент айтқан сән-салтанат салығы туралы әңгіме біздің қоғамда соңғы бірнеше жылда кеңінен айтылып келе жатқаны мәлім. Тіпті депутаттардың да Үкіметке арнайы сауал жолдағаны есімізде. Халық қалаулылары ауқатты қазақстандықтар халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі керек және өз байлығын елдің дамуына бағыттауға тиіс деген пікірде.
Жолдауда сән-салтанат салығының қалай ұсталатыны, оған қандай дүние-мүлік жататыны туралы нақты ештеңе айтылмады. Десе де, әлеуметтік желіде түрлі ақпарат тарауда. Соның бірінде мұндай салық Aston Martin, Bentley, Ferrari, Lamborghini, Maserati, ұшақ пен тікұшақ, яхта, сондай-ақ аумағы 300-400 шаршы метрден асатын жылжымайтын мүлік сатып алғанда ұсталатыны айтылған. Ал мұндай қымбат дүниелерді тек дәулетті отандастарымыздың ғана қалтасы көтерері анық. Сондықтан адал жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрген қарапайым жандар алаңдамаса да болады.
ӘУЕЛІ ДЕКЛАРАЦИЯ, СОСЫН САЛЫҚ…
2024 жылдан бастап бұл салық түрін нақты қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Дегенмен «бұл бастаманың елге, халыққа, қоғамға берері қандай? Бұдан қарапайым азаматтарға келіпкетер не бар, қандай көмегі болады?» деген сауалдар көпті ойлантуда. Ебін тауып, зәулім сарай салып, байлығын еселеп арттырып отырған қазақстандықтар отандастарының алдында әлеуметтік жауапкершілік жүктеуі тиіс. Аса байларға салық салу осы тұрғыдан негізделеді.
Егер белгілі бір дәрежеде қалтаңызға ақша өзгелермен салыстырғанда көбірек түсіп, соның арқасында қымбат жылжитын, жылжымайтын мүліктің иесі болсаңыз, мемлекетке салықты артық төлейсіз. Бұл шешімнің негізгі мақсаты – түптеп келгенде, асқан байлар мен кедейлердің арасындағы әлеуметтік теңсіздікті жою болса керек. Екінші жағынан, осындай салық салу арқылы елде әділет орнату
Осы орайда «Бұл дұрыс қой, бірақ сән-салтанат иесінің барлық заттарына арнаулы салық салына ма? Осы жерін нақтылап алу керек. Егер адамның табысы айына тұрақты түрде миллионнан асып жатса, ол – басқа әңгіме, ал орташа айлық алып жүрген адамның өзі айына миллиондаған ақша жұмсауы мүмкін ғой. Мәселен, жылдар бойы үнемдеп, тырнақтап жинап, үй немесе қымбат машина сатып алады. Сонда оған да үш-төрт еселенген үдемелі салық төлеттіру керек пе? Меніңше, бұл жерде сәнсалтанат салығын енгізбес бұрын халықтың табысын айқындайтын декларация тапсырту керек. Сонда ғана әділдікке біртабан жақындай түсеміз» дейді қоғам белсендісі Нұрбол Иманалиев.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
«Егер мемлекет азаматтардың табысын шынайы бағаламайтын болса, «сән-салтанат» салығын салудың пайдасы шамалы. Ол үшін бірінші міндетті түрде табыс декларациясын тұрақты тапсырту тетігін іске қосу керек» дейді экономистер. Олардың айтуынша, жалпы декларация тапсыру механизмін қалыптастырмай, «ресми» еңбекақыларын азайтып көрсетіп, салықтан жалтаратындар көбейеді. Сонымен қатар орташа табыс табатын адамдардың қатарын көбейтіп, әртүрлі дерек көздерінен олардың жиынтық табысын анықтап, салық ұстауды нақты жолға қою да маңызды. Ал бізде әлі солардың бірде-бірі жүзеге асырылмай жатыр, сондықтан салық реформасын жүргізу асығыстық болады. Экономист-сарапшылар бұл тұрғыда салықты көтеру мәселесін әлі де бір бес жылға кейін ысыру туралы ұсыныс айтады.
Шынында да, елімізде орта тап өкілдерінің үлесі басым болмай, экономиканың алға жылжып кетуі екіталай. Мұны адамдар түсінді. Ертең неше түрлі құйтырқы әрекеттерге баруы да мүмкін.
Ұлттық экономика министрлігінің есебі бойынша дербес кіріс салығының азаюы айына 240 мыңға дейін жалақы алатын барлық азаматтарға қатысты болады. Салық жүктемесін елу пайыздан жоғары көтеру 500 мыңнан жоғары жалақы алатын 190 мың жұмыскерді қамтуы керек.
Алайда, қазіргі нарықпен есептесек, айына 500 мың теңге алатын қызметкер бай адам емес. Сол жалақымен отбасындағы 6 адамды түгелдей өзі қамтамасыз ететін болса, ол да түкке жетпейді. Сондықтан сарапшылар айтқандай, үдемелі салық жүйесін енгізіп алып, сосын ертең салықтан жалтарудың неше түрін естіп жүрмесек игі. Бәлкім, жаңа салық түрі тек сан қумай, сапаға жұмыс істесе ілкімді өзгерістер болып қалар.
ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ ҚАЛАЙ?
Сән-салтанатқа салық салу әлемнің көптеген елінде бар. BBC-дің жазуынша, мұндай салық Мексикада, Аустралияда және Мажарстанда жұмыс істейді. Таиланд пен Чилиде, Тунис пен Алжирде де осыған ұқсас салықтар бар. Франция, Италия, Аргентина, Үндістан мен Швейцария мемлекеттерінде де қымбат дүние-мүлікке салық салынады. Бірақ бірдебір мемлекет мұндай салықты керемет табысты жүргізіп кетіпті деген мәлімет кездеспейді. Мәселен, 1990 жылы осы үдемелі салықты АҚШ енгізген кезде жұрттың басым бөлігі байлығын жасырып, жаппай салық төлеуден жалтарған соң алып тастады.
Ал Сингапурдың тәжірибесі сәл басқалау. Онда табысы орташа жалақы көрсеткішінің 40 пайызынан аз болса, жұмысшы жеке кіріс салығын төлемейді. Сардинияда 2006 жылы вилласы, яхтасы, жеке ұшағы бар адамдарға «сән-салтанат» салығы енгізіліпті. Сонда ең көп салық төлеген аралда жеті вилласы бар елдің бұрынғы премьер-министрі болыпты. Бірақ 2009 жылы миллиардерлер бас көтеріп, салық түгелімен жойылған.
Францияда да бұл салық 2013 жылы енгізілген. Ел билігі осы салықпен қазынаның қалтасын қампитамыз, жылына бюджетке бір миллиард еуро түсу керек деп болжағанмен, бар-жоғы 260 миллион еуромен қанағаттаныпты. Келесі жылы бұдан да аз, яғни 160 миллион еуро түскен. Алайда бұл салықтың іскер адамдар мен елдегі оппозицияға ұнамағаны өз алдына, Францияны олигархтар мен ең танымал актерлер тастап кете бастаған.
ЗАҢДЫ АЙНАЛЫП ӨТПЕСЕ ДЕЙМІЗ
Міне, дамыған дерлік Еуропа елдеріндегі осындай салықты енгізу мысалдарын көре отырып, «шындығында, біз осы «сән-салтанат» салығына дайынбыз ба?» деген сауал туындайды.
Жоғарыда келтіргендей, сарапшылардың айтуынша, егер осы аталған салықты асығыс енгізетін болсақ, ақшаның жаппай шетелге шығарылуының үдеуі әбден мүмкін. Есесіне көшемізде Ресейдің, Қырғызстанның, тағы басқа да одақтас елдердің автокөліктері қаптап, нағыз байлар дүние-мүлкін атасының, енесінің, тағы да басқа толып жатқан туыстарының атына жазып, элита нағыз сәнсалтанатты байлықты Лондоннан, Монакодан, Кипрден, басқа да шет елдерден сатып алып, сол жақта тіркететін болады.
Ол үшін не істеу керек? Ең бірінші мемлекет іштегі капиталдың сыртқа шығуына мықты тосқауыл қою қажет. Елдегі ақшаны ешкім де заңсыз шетелге шығара алмайтындай қамал қойылса, сосын барып «сән-салтанат» салығын бірте-бірте енгізуге болады. Шынын айтсақ, мемлекеттен қатаң бақылау болмағандықтан, олигархтар қазірдің өзінде кез келген елден кез келген ақшаға элиталы дүние-мүлік сатып алып жатыр. Әрине, әлеуметтік теңсіздікпен күрескен дұрыс. Ол үшін сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу қажет. Одан соң, тамыртаныстыққа тосқауыл қойып, еңбекақыдағы жер мен көктей алшақтықты теңестіру керек. Сонда ғана халық ашынбайды, көкесі жоқтар да қызметке орналаса алады.
МАҚТАН ҮШІН МАЛ ЖИМА
Сенатта өткен үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Сән-салтанат салығы негізінен шетелдік мүліктен алынады. Мұндай салық қымбат көліктерге, жекеменшік ұшақтарға, жылжымайтын мүлікке салынады. Жалпы, бұл салықтың сипаты осындай. Сәнсалтанат салығы сырттан әкелінетін қымбат мүлік тұтынушыларына қатысты болады. Өте қымбат мүліктің импорттық зат болатыны анық. Яғни оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелген кезде, тіркеу барысында жоғары салық салынады» деген болатын.
Осы Үкімет сағатынан кейін БАҚ өкілдері «Қазақстандықтар мақтанғанды жақсы көреді. Сондай әдет бар. Мысалы, тұрғын несие алып, яхта сатып алды дейік. Осы жағдайда оның мүлкіне сән-салтанат салығы салына ма?» деген сауал жолдады. Оған министр «Әрине, сән-салтанат салығы (құны жоғары) мүлікке және тағы басқа объектілерге салынады. Сондықтан оның мүлікті қалай сатып алғаны маңызды емес. Ақшаға немесе несиеге алды ма? Бастысы ол мүлкін тіркеп, жылжитын немесе жылжымайтын мүлікке салығын төлеуі керек» деген жауап қайтарды. Осы ретте Абай атамыздың «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи» деген шумақтары ойға оралады. Мақтау сүйер екеніміз рас. Мақтану үшін той жасаймыз, соңғы үлгідегі үй саламыз, қымбат көлік мініп, бренд дүкеннен киінеміз. Сонымен қатар соңғы шыққан іPhone ұстағымыз келеді. Айтпақшы сән-салығы туралы алғаш хабарланғанда, осы телефон жөнінде де мәселе көтерілді. Себебі қазір ел тұрғындарының басым көпшілігі осы маркадағы телефонды тұтынады. Бірі заман ағымына қарай блог жүргізіп табыс табу мақсатында алса, енді бірі тек мақтан үшін ғана. Алайда министр iPhone сатып алғандар бұл салықты төлемейтінін атап өтті. Бұл туралы «Біз қымбат заттар туралы айтып тұрмыз. Мысалы, 200 мың доллар тұратын көлік. Егер ол несиеге сатып алынса да сәнсалтанат салығын төлеуге тиіс. Ал ең қымбат iPhone 1,5 мың доллар тұрады ғой» деді ол.
Түйін Сөз жоқ, осы «сән-салтанат салығы» арқылы мемлекет қазынаны толықтыруды көздеп отырғаны анық. Кей сарапшының сөзінше, алдымен «сән-салтанат» ұғымын айқындап алу маңызды. Әйтпесе мұның түбі тағы да сыбайлас жемқорлыққа ұласуы мүмкін. Бұл ретте «Байдың асын байғұс қызғанар» деген түсінік болмауы тиіс. Себебі ебін тауып, екі асағандар тиісті салықты төлегені жөн. Бұл әділет тұрғысынан алғанда дұрыс қадам болар еді. Мәселенің қалай өрбитінін уақыт еншісіне қалдырайық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
24 қараша 2023 ж. 309 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 295

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 392

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930