» » Дөңгелегіңіз қысқа дайын ба?

Дөңгелегіңіз қысқа дайын ба?

qarmaqshy-tany.kz ЖАЛПЫ АДАМЗАТ БАЛАСЫНЫҢ КҮЗ КЕЛІП, КҮН СУЫТҚАННАН ҚЫСҚА ҚАМ ҚАРЕКЕТ ҚЫЛАТЫН ТІРШІЛІГІ КӨП. СОНЫҢ ІШІНДЕ ҚАУІПСІЗДІК ҮШІН МАҢЫЗДЫСЫ БАР. ОЛ КӨЛІК ИЕЛЕРІНІҢ ДӨҢГЕЛЕГІН ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА САЙЛАУ. БҰЛ КӨП ЖАҒДАЙДА ЖОЛ АПАТЫНАН САҚТАНУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ. СЕБЕБІ ЖАЗДЫҚ ШИНАЛАР ҚЫСТА КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫНА КЕРІ ӘСЕР ТИГІЗЕТІНІ АЙТПАСА ДА БЕЛГІЛІ.
Қазір еліміздегі кей аймақтарда әлі де сақталып тұрған жылы әрі құбылмалы ауа райы біраз жүргізушілерді бейқамдыққа салып тұрғандай. Шиналарды жаздан қысқа ауыстыру керек пе, жоқ па деген сауал бүгінгі күні барлық көлік жүргізушілердің мәселесі болып тұр. Одан бөлек қазіргі саудада тұрған қысқы дөңгелектің бағасы да тым қымбат. Ол көлік иелерінің қалтасына ауырлық түсіруде. Онсыз да әупірімдеп жинаған ақшасын қайда жеткізерін білмеген жүргізушілерге әзірге жаздық шинамен жүре тұру оңайырақ болып тұр. Алайда күн күрт суытып қар түссе, бұл амалы да ұзаққа апармас. Себебі, жаздық дөңгелекпен жүру ертең адам өміріне қауіп келтірсе, екіншіден жол ережесі бойынша артында заң тұр.
Шиналарды ауыстыру үшін міндетті түрде қар жауып, ауа температурасының төмендегенін күтудің қажеті жоқ. Дөңгелектерді маусымына қарай ауыстырудың да бірнеше себебі бар. Мәселен, шиналар әртүрлі сапалы резеңкеден жасалады. Қысқы дөңгелек жазғыға қарағанда жұмсақ келеді. Егер оны жазда қолдансаңыз әлдеқайда тез тозады. Сонымен қатар ыстық ауа-райында қысқы дөңгелектің жол төсемімен ұсталуы өте төмен. Ал жазғы шиналарды қыста пайдалануға келетін болсақ, бұл әдетте өте қауіпті. Өйткені мұндай дөңгелек тежелу кезінде мұз үстінде сырғанап, абайсыздыққа әкеп соқтырады. Сондықтан мамандар көлік иелеріне уақыт күттірмей қыстың қамын осы кезден жасауға кеңес береді.
– Суық мезгілде көлікті баптау жүргізушілерге ертең үлкен жұмыс болады. Көп жүргізуші күн күрт суытқанда әбігерге түсіп, уақыт жоғалтады. Бұл үйреншікті жағдай. Қыстың ортасын- да қар жауып бастағанда шиналарын арқалап бізге қарай асығатын көлік иелері көп. Кейде кезекке тұратындардың саны артып кетеді. Біз мұндай кезде қызмет көрсетуге әрқашан дайынбыз, әрине. Бірақ жүргізушілерге қысты күтпей-ақ күздің салқыны түсе бастағаннан қамдана берген дұрыс дер едім. Дөңгелек ауыстырудың да өзіндік ережесі бар. Бұл ретте қысқы маусымға дайындықты +6, +8 градус жылы болғанда кірісе беруді міндеттейді. Сонымен қатар, қысқы резеңкелерді таңдағанда өңірлік климатты ескеру қажет, – дейді кәсіпкер Кеңесбек.

Әлгінде ғана мақаламызда қысқы дөңгелектердің бағасы шарықтап тұрғанын сөз еттік. Рас. Дүкенге барсаңыз дөңгелектің әрқайсысы ең арзаны дегені 16 мыңнан басталады. Ал қымбаты маркасына қарай 20 мыңнан жоғары бағалануда. Бұл кімнің де болсын қалтасын опырайтып қағатыны сөзсіз. Осыдан кейін кей көлік жүргізуші өзгенің қолданысынан қалған дөңгелектерді сатып алып, сонымен қыстан шықса, жағдайы келмегендер жаздық дөңгелекті амалдап, күнкөріс етеді.
– Мен такси жүргізушісімін. Қалаға бір күнде екі-үш мәрте барып келетін күндер болады. Шыны керек осы көліктің арқасында бала-шағамызды асырап отырмыз. Техника болғаннан кейін жағдайын жасауың керек. Қысқа дайындайсың. Оның бәріне қаражат керек. Біздің мың шақырым жүрісіміз дөңгелектің тозуына әкеп соғады. Жолдың кейде нашар жерлері кездеседі. Ақшаңның жеткеніне қарай алынған кей резеңке шиналар шыдас бермей, жарылып кетіп жатады. Дүкендегі дөңгелектер қымбат. Жақында «каспий жұманың» жеңілдігімен төрт дөңгелек сатып алып отырмын, – дейді есімін жасырған көлік иесі.

Алдағы айдан бастап заң бұзған жүргізушілерді тәртіп сақшылары қатаң бақылауға алмақ. Енді көлік дөңгелегін ауыстырмағандар айыппұл арқалайтын болады. Себебі жаздық шиналардың ауыспағанының әсерінен жол көлік оқиғалары үлкен қалаларда, жолдарда жиі орын алуда. Қарда ұстамай, мұзда тайған көліктер опат болып, адам шығыны тіркелуде.
– Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, жүргізушілер 1 желтоқсаннан ақпанның соңына дейін қысқы дөңгелекті пайдалану қажет. Егер бұл талап орын- далмаса, Әкімшілік кодекстің 590-бабының 5-тармағына сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл 17 250 теңгені құрайды. Сондықтан әр жүргізуші өзін жазатайым оқиғалардан қорғау үшін көліктің дөңгелегін уақытында ауыстырғаны маңызды, – дейді аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Ардақ Бермішов.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
19 қараша 2023 ж. 307 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 297

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 395

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930