Қауіпті челлендж қайда апарады?
Қазіргі таңда TikTok – ең танымал желінің бірі. Оны көбіне жастар қолданады. Олар бұл сервиске қызықты видеолар түсіріп, өздеріне оқырман жинайды. Бүгінде мектептегі бағадан бұрын TikTok-тағы лайкты ойлайтын жастар көбейіп барады. Олар бос уақытта кітап оқымайды, «қызықты» видео түсіруге тырысады. Осылайша, танымал хаустардың деңгейіне жетіп, қыруар пайда табуды қалайды. Өкінішке қарай, «лайықты» фото мен видео түсіремін деп, қазаға ұшырап жатқандар аз емес.Тіпті атауының өзі қорқынышты ойындар да белең алып барады. Мәселе өзекті. Себебі бәріміз де бала тәрбиелеп отырмыз. Мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп көрсек.
«Челлендж» бізге қайдан келді?
Жалпы челлендж ұғымы әлемге 2000-жылдардың басында таралса да, қолданысқа бірден ене алмаған. XXI ғасырдың алғашқы онжылдығын түйіндер тұста «күшін» көрсетті. Сондай челлендждің бірі – Ice Bucket Challenge. Шарты қарапайым – үстіңізге мұздай су құюыңыз керек. Егер орындай алмасаңыз, склерозбен ауыратындарды қолдайтын қорға 100 доллар аударасыз. Қызықты әрі сауапты тапсырманы орындауға асыққандар көп. Әлемге танымал жұлдыздар челленджді жалғап, мүлтіксіз орындаса да, қорға қаржы аударды. Әйгілі челленджге Джордж Буш, Барак Обама, Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Стивен Кинг, Чесстер Беннингтон мен Рианна секілді атақты адамдар қатысқан. Сонымен бірге еліміздегі бірқатар өнер жұлдыздары да үндеуге қолдау білдірді. Сонымен бірге қауіпті, экстремал санатындағы челлендж де қатарға қосылды. Арты неге әкеп соқтыратынын біле тұра, орындағандар бар. Мысалы, Kiki challenge жүріп бара жатқан машинадан түсіп, жылдамдығына ілесе отыра билеуге шақырады. Жаһандық ажиотаж тудырған үндеуге Уилл Смит бастаған жұлдыздар дем берді. Бірақ қауіпті екенін жазып, қайталамауын нұсқады. Адам көргенін жасаудан қашсын ба, қайта өршіте түсті. Салдарынан жол апаты, адам шығыны тіркелді. Елімізде де тренден қалмай челленджді «беске» орындағандар жетерлік.
Жалпы не нәрсеге де бастама көтерген жақсы. Қолдау тапса, тіпті керемет. Ал қоғам болып жұмылып, түбіне дейін жетсе – игі іс. Челлендж – осындай нәтижеге бастар жол. Елімізде осыған дейін түрлі челлендж басталып, үндеу жасалды. Негізі челлендж сөзі қиын тапсырма, шақыру деген мағына береді. Америка зерттеушілері челленджді бастаушы мен қостаушының байланысы деп түсіндіреді. Өйткені алғашқысы қиын тапсырма жасап, шартын бекітеді. Ал оның таралуы, танымал болуы – қолдаушының қолында.
Қазақтар да қалыспайды
2018 жылы шымкенттіктер музыкалық челлендж бастады. Аяз кезінде тоңбау үшін әуен ырғағымен билеген видео желіде кең тарады. Бұл бастаманы әсіресе солтүстік өңірде тұратын жұрт қолдады. Флешмобты өнер жұлдыздары, журналистер мен мемлекеттік қызметкерлер жалғастырды. Нәтижесінде, сол қыста билеп жылынғандар көп болды деп ойлаймыз. Ал челлендж ғұмырына келсек, әдеттегідей қысқа.
Сондай-ақ елімізде эпостық жырларымызды жаңғыртып, ұлттық рухты көтеру мақсатында «Тұлпар мініп, ту алған» челленджі бастау алды. Желіде «Алпамыс» жырын оқығандар көбейді. Бастаманы алғашқы болып, ақын Серік Сейітман көтерген. Артынша Бекжан Тұрыс қолдап, ел ағалары мен белгілі тұлғалар жалғастырды. Бұл челленджді мақтағандар да, даттағандар да болды. «Өткенімізді ұлықтап, ертеңімізге бағдар беріп жатыр» немесе «суфлердан қарап бәрі оқи алады. Тым болмаса жаттауға болады ғой» дейтіндер де табылды. «Тұлпар мініп, ту алған» үндеуінің мақсаты – бәйгенің беташарын жасау еді. Дегеніне жетті де. Республикалық байқауға жолдама алу үшін мектеп оқушылары аудандық, облыстық кезеңнен абыроймен өтуге тырысты. Жырсүйерлер көнені жаңғыртып жатса, Тұрсынбек Қабатов ескі челленджді қайта «өңдеген». Себебі 2018 жылы шымкенттіктер «Көшені қардан бірге тазартайық» акциясын ұйымдастырған. Оған дем берген – сабақтан кейін анасына ауланың қарын тазалауға көмектескен баланың Instagram-дағы видеосы. Артынша өзге де парақшада үндеу тасталып, барша Қазақстан қар тазалауға кірісті. Кейіннен Тұрсынбек Қабатов «Біз біргеміз» челленджін бастады. Не десек те, әзілкештің игі бастамасы қар құрсауында қалған елорданы қардан тазалауға себі тиді. Президент бұған оң көзбен қараған соң мемлекеттік қызметкерден бастап қарапайым тұрғынға дейін қолға күрек алды. Осылайша, жол аршылып, халық кейбір компаниялардың жұмысын жеңілдетті.
Қарап отырсақ, челлендж жыл мезгілі сияқты. Ауа райы өзгергені секілді атауы мен форматы түрленеді. Саны жыл санап артпаса, кемімейді. Әрі пайдасы мен зияны қатар жүреді. Мәселен, «21 күн» атты челлендж кез келгенді өзінше тәрбиелейді. Зиянды әрекеттен бастап, таңертең оянуға дейін өзіңізді 21 күн шектейсіз. «Әр істің қайыры бар» екені белгілі. Қандай бастама көтерілсе де, нәтижесі маңызды. Сондықтан челлендж бастап, марафон жарияламас бұрын, ертеңін «елестетіп» көрген жөн. Әйтпесе қоғамда бастаманың тереңіне үңілмей жатып, қостайтындар табылады.
«ЖҮГІРІП ӨТ НЕМЕСЕ ӨЛ»
Бүгінде Tik-Tok желісінің қолданушылары сан алуан челлендждерді ойлап тауып, жан-жаққа таратып жатады. Соның ішінде өмірге қауіпті бастамалар да аз емес. Мәселен, Италияда 10 жастағы қыз «шыдамдылықты шыңдауға арналған» бір челленджге қатысып, қайтыс болды. Оған сәйкес, барынша ұзақ уақыт дем алмау қажет. Кішкентай қыз соны жасаймын деп, тұншығып қалды. Үлкен әпкесі оны ваннадан тауып алған, оқушыны шұғыл ауруханаға жеткізген. Бірақ дәрігерлер ештеңе істей алмады. Tik-Tok болса, баланың өліміне себеп болған контенттің табылмағанын мәлімдеді.
Желідегі тағы бір қауіпті челлендждің атауы – «40 таблетка ішіп ал да, не болатынын көр». Бұдан бөлек, тиктокерлер арасында «отшашу» челленджі тараған. Талап бойынша үйдегі тоқ сымдарын тұйықтап, фаер-шоуды көрсету керек. Осы челлендждің құрбандары жайында ақпарат шықпаса да, талай мектептер мен сауда орталықтары жарықсыз қалды.
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде балалардың көліктің жолын кесіп, жүгіретін жаңа ойын түрі шыққан екен. Мәселен, бала жолда келе жатқан көлікті тосып тұрады екен де, көлік жақындағанда көшенің арғы бетіне жолды кесіп, жүгіріп өтеді. Ал қалған балалар бұл қауіпті әрекетті бақылап тұрады. Жолды кесіп өтіп аман қалған ойыншы жеңімпаз атанады. Бұл ойын «Жүгіріп өт немесе өл» деп аталады. Адам өміріне қауіпті ойынның шығуы да бекер емес. Бұл ойынның бастауы балаңыздың қолындағы смартфонда. Яғни телефонда осындай ойын бар. Онлайн платформада кейіпкер тезірек жолды кесіп өтуі тиіс. Егер берілген уақытта өтіп, пернені басып үлгермесе кейіпкер көлік астына түсіп ойыннан шығарылады.
Сырт елден келген бұл ойын түрі Ақтау облысында көшедегі камераның бейнежазбасына түсіп қалған. Яғни телефондағы ойын, өмірдегі ойынға айналып барады. Балалар онлайн мен офлайн өмірді бірдей етіп көре бастады. Еліміз бойынша дәл осы ойын түрімен ешқандай жол-көлік апаты тіркелмеген. Болмағаны да жақсы. Десе де балалар кез келген нәрсеге еліктегіш келеді ғой. Біздің мәселе көтеруіміз – ол қауіптің алдын алудағы қам-қарекет.
Психолог Гүлбаршын Әбілтаева балалар бұл ойын арқылы өзінің мықтылығын көрсеткісі келуі мүмкін екенін айтады. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне ата-ана дұрыс бағыт-бағдар беруі керек дейді.
– Әлеуметтік желідегі қауіпті ойындарға балалардың еліктеп, соны қайталауы ең бірінші ата-ананың бақылауының жоқтығынан. Екіншіден ортасына, ата-анасына, әлемге өзінің батыл екенін көрсету. Балаға бұл ойын туралы мұғалім емес, басқа емес, ең бірінші ата-ана таныстыру керек. Оның салдарын ұғындыру керек. Яғни «мүгедек болып қаласың» немесе «өліп кетесің» дегендей әңгіме ашық айтылса бала оның дұрыс емес екенін түсінер еді. Бұл ретте ата-ана мен бала арасындағы байланыс өте маңызды. Бала ата-анасының өзіне ешқандай дәлелдеусіз-ақ сенетінін білуі тиіс. Психолог ретінде айтарым, балаға өмірдің мәнділігін, оның ішінде ата-ана үшін баланың орны ерек екенін түсіндіру қажет. Әрбір ата-ана баласының кімдермен сөйлесетінін, ортасы қандай екенін, әлеуметтік желіде нені көретінін бақылап отыруы тиіс, – дейді №183 мектептің психологі Гүлбаршын Төреханқызы.
КІМ КІНӘЛІ БОЛАДЫ?
«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, бала ойын ойнаймын деп көшедегі зулап келе жатқан көліктің алдынан шықты делік. Бұл қауіпті ойынды балалардың өзі әдейі ұйымдастырса да, қайғылы жағдай болғанда, балалар емес жүргізушілер кінәлі болады екен. Бұған қатысты заңгерлер «Факті бойынша көлік жүргізушісі ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша яғни Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша жауапты болады. Себебі ҚР Азаматтық кодексінің 931-бабының 1 бөлігі бойынша жоғары қауiптiлiкпен байланысты көлік құралдарының иелерi егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, онда жоғары қауiптiлiк көздерiмен келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi болып табылады» деген дәйек келтіреді.
Бұл ойынның қауіптілігі сол екі немесе одан да көп адамның өмірін құрдымға кетіруі мүмкін. Мәселен, жүгіріп шыққан баланың өзі жарақаттануы немесе өліп кетуі, көлік жүргізуші баланы баспайын деп жолдан шығып немесе келесі көлікпен соғысып үлкен жол апатының орын алуы ғажап емес. Бұл апат сол жерден өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіге де зиян келтіруі мүмкін. Ойлаудың өзі қорқынышты. Яғни, мұнда бірнеше адамның өмірі қатер үстінде. Сондықтан да қоғамға қауіп төндіріп отырған ойынға «баланың ойыны» деп емес, елдің мәселесі деп қарауға тиіспіз. «Сақтансаң, сақтаймын» дегендей, қауіпсіздік саласының мамандарына да хабарластық.
– Ауданда жыл көлемінде кезең сайын «Назар аударыңыз, балалар!» атты профилактикалық іс-шара жүргізіледі. Одан бөлек, жол-көлік оқиғаларына байланысты ювенальды полиция инспекторлармен бірлесіп, 10-нан аса іс-шара өткізілген. Түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Ауданда жыл басынан бері балалар қаза тапқан 2 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұлардың аталған ойынға қатысы жоқ, әрине. Десе де, әрбір ата-ана осындай қауіптің алдын алып, жолда жүру ережесін, оның ойынға айналмауын ескертіп отырған жөн. Ал біздің тарапымыздан мұндай түсіндірме жұмыстары жалғаса бермек. Балалар біздің болашағымыз болғандықтан бізге де қойылған талап мықты. Олардың амандығы, жол ережесін нақты білуі үшін біз барынша жұмыс атқаратын боламыз, – дейді аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Ардақ Бермішов.
ТӘРБИЕДЕГІ КЕМШІЛІК
Баланың жақсылығын да, жамандығын да, жемісі мен жеңісін де көретін ата-анасы. Қай заманда болсын, ата-ананың басты арманы – баласының инабатты, ізетті, еңбексүйгіш, ержүрек, адал, қайырымды болуы. Соған өз балаларын тәрбиелейді. Баланың көп уақыты отбасымен бірге өтеді. Бала дүниеге келген күннен бастап ұлттық тәрбиені санасына сіңіре берсе, өсе келе бала зиянды нәрселерден аулақ болады. Сондықтан да, ата-ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап және қадағалап отыруы керек.
Тәрбиенің қиындықтары көп, сол қиындықтан қашпаған ата-ана ғана саналы тәрбие бере алады. Ол үшін баланың не істеп жүргенін, кіммен ойнайды, қай жерде жүргенін, тапсырманы қалай орындағаны сияқты жұмыстарын қадағалап, түсіндіріп, жан-жақты тәрбие беру, оны әрі қарай дамыта білу керек. Отбасындағы өзара қарымқатынастың дұрыс болуы, бала тәрбиесінде әке мен шеше рөлінің өте маңызды екені белгілі.
– Тәрбие адам тағдырын шешетін ұлы іс. Ұлы істің бастау бұлағы, қайнар көзі – отбасы. Тәрбиенің түп тамыры – ұлтты қадірлеу, ұлттық әдет-ғұрыпты дамыту, ұлттық дәстүрді жандандыру, ұлтаралық достық қарым-қатынасты нығайтуға үйрету. Сабақ та, тәрбие де осы бағытта болса ғана баланы ортаға қарап тәрбиелеген боламыз, сонда ғана оның адамгершілігі қалыптасады. Адамды құрметтеуге, оның өмірін қадірлеуге тәрбиелеуіміз қажет. Кейде көшеде жолдың қақ ортасымен зулаған көлікке қарамай баласының қолынан ұстап «жүгіріп өтіп үлгерейік» дейтін аналарды да көріп қаламын. Бұл дегеніңіз, сіз айтып отырған ойын ғой. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, өзі қалғанда мұны ойынсыз-ақ жасап көрмесіне кім кепіл? Сондықтан ата-ана өзінің бала алдындағы жауапкершілігін толық сезініп, перзент алдындағы борышын дұрыс атқаруы тиіс. Күйбең тіршілік деп бала қолына телефон беріп қоямыз. Заман ағымына қарай пайдалы жағы да бар, әрине. Алдағы уақытта баланың қолынан телефонды түгелдей алып қоя алмаймыз, десе де дұрыс қолдана білуді үйретуіміз шарт. Егер бала жоғарыдағыдай ойындарға еліктеп, оны қайталайтын болса, оны мен түпкі тәрбиеден кеткен кемшілік деп білемін, – дейді ардагер ұстаз Райкүл Қаратаева.
Түйін Бала дегенде бәріміздің де жанымыз шүберекке түюлі. Қоғамдағы қаптаған өзгеріс пен жағымсыз дүниелер алаңдамасқа қоймайды. «Жақсы өнеге көрсе бала бүгінде, еңбегімен қуантады түбінде» немесе «Ертең өзің қалмау үшін табаға, жақсы өнеге көрсете біл балаға» деген Жүсіп Баласағұн бабамыздың аталы да баталы сөзін бағдар етіп ұстансақ бала тәрбиесінде баршамыздың жоғарғы жетістіктерге жететінімізге ешкімнің күмәні жоқ. Қауіпті челленджен қатер келмесін десеңіз, үйдегі баланы бақылауда ұстап, тәрбиені тізгінге алайық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ