Жаңа формат: ашық пікір алаңы
qarmaqshy-tany.kz ТІЛ – ХАЛЫҚТЫҢ БАСТЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ҚҰРАЛЫ. ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛІНІҢ «БАЛЫҚ ТІЛСІЗ БОЛСА ДА, ХАЛЫҚ ТІЛСІЗ БОЛМАЙДЫ» ДЕГЕН НАҚЫЛЫНДАҒЫДАЙ, ТІЛСІЗ ХАЛЫҚ ТҮГІЛ ЖЕКЕ ТҰЛҒА ӨМІРІН ЕЛЕСТЕТУ ҚИЫН. ТОЛЫҚҚАНДЫ АДАМ РЕТІНДЕ ӨМІР СҮРУДІҢ НЕГІЗГІ КІЛТІ – ҚОРШАҒАН ОРТАМЕН БАЙЛАНЫС БОЛСА, БҰЛ БАЙЛАНЫСТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТІН БАСТЫ ЭЛЕМЕНТ – ТІЛ. ИӘ, ТІЛІМІЗ ТУРАЛЫ ТОЛҒАСАҚ, ТОҚТАУЫМЫЗ ҚИЫН. ДЕСЕ ДЕ, ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ АЛАҢСЫЗ ОТЫРУДЫ КӨТЕРМЕЙДІ.
Жуырда аудандық орталықтандырылған кітапхананың «Coworking» залында «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-і мен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Жастар және тіл» тақырыбында ашық пікір алаңы өтті.
Мемлекеттік тіл саясатын дамыту, жастар арасында тіл мәдениетін қалыптастыру және қазақ тілінің мәртебесін арттыру мақсатында өткен шараға облыстық тілдерді оқыту орталығының аудан бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы, «Үздік оқытушы – 2023» республикалық байқауының жеңімпазы Гүлжанат Дүзенова модераторлық етті. Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесуінде талқыланған мемлекеттік тіл мәртебесін нығайтуға арналған шараға тіл жанашырлары, аудандағы түрлі сала қызметкерлері, оқытушылар мен ауданның көшбасшы жастары қатысты.
«Ted X» форматында өткен кездесуде аграрлы-техникалық колледждің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, облыстық, республикалық дебаттардың жеңімпазы Әзиз Досболов «Көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, қыстырма сөздерді қоспай сөйлеу дағдысын қалыптастыру», «Қармақшы таңы» газетінің тілшісі Ардақ Сәкенқызы «Қазақ тілінің мәртебесі», Төретам кенттік клуб үйінің актерлік өнер үйірмесінің жетекшісі Зарина Мыңжасарова «Сахна тілі», аудандық музейдің ғылыми қызметкері Әзірбек Бақтыбаев «Астарлап сөйлеу тәсілі» секілді бірқатар тақырыпты кеңінен қаузады. Сондайақ, Орталық тарапынан оқытылатын «Сөйлеу мәдениеті» курсын аяқтаған қатысушылар да арнайы сөз алды. Іс-шараға қатысушылар тіл туралы өлең оқып, оның маңыздылығын әсерлі әнмен жалғады.
Мемлекеттік тілдің жастар арасында кеңінен қолданылуын, болашақ ұрпаққа туған тіліміздің қадір-қасиетін ұғындыруды көздейтін кездесуге облыстық тілдерді оқыту орталығы оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлбану Ғарифуллақызы, орталықтың аудан бойынша орыс тілі оқытушысы Роза Сейілова, тіл жанашыры, аудандық жыраулар үйінің қызметкері Нұршат Наурызбаева және аудандық орталық кітапханалар жүйесінің директоры, «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Күлшара Қаниева сарапшылық етіп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
– Бүгінгі шарада мемлекеттік, елдік деңгейдегі мәселелер сөз болды. Олай деуге себеп те бар. Жуырда ғана ел президенті мен республикалық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының кездесуінде мемлекеттік тіл төңірегінде біраз сөз өрбіді. Әсіресе, бүгінгі шараның маңызын айшықтап тұрған жастар арасындағы мемлекеттік тілдің қолданыс деңгейін арттырып, жас буынға қазақ тілін игерту жолында анимациялық көрсетілімдер әзірлеу керектігі айтылды. Міне, бүгінгі ұйымдастырып отырған іс-шараны осындай игі дүниенің бастауы десек те болады. Айта кетейік, қазіргі уақытта Қытай, Монғолия елдерінен келген қандас бауырлар Орталық оқытушыларынан мемлекеттік тіл курсын оқуда. Мұның өзі – қазақ тілінің абыройын көтеру мақсатындағы игі іс, жүйелі жоспар, – деді орталықтың бөлім басшысы Гүлбану Сембиева.
Шара соңында мемлекеттік тіл саясатының жүйелі жүзеге асуына үлес қосып, ашық пікір алаңында азаматтық көзқарасын білдірген қатысушыларға арнайы алғыс хат пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалы тарапынан бағалы сыйлықтар табыстады.
А.СҮЛЕЙМЕНОВА