Әлем әйелмен әдемі
Ару қала Алматыда әлемнің іскер және көшбасшы әйелдерінің "Әлемді өзгертетін әйелдер: жаңа мүмкіндіктер мен сынақтар" тақырыбында V Еуразиялық әйелдер саммиті EWS-V өтті. Идея авторы – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірінші болып іскер әйелдердің басын біріктіріп, елімізде әйелдер қозғалысының тізгінін ұстаған көшбасшы әйелдердің бірі, Қазақстан Іскер әйелдер ассоциациясының президенті – Раушан Біргебайқызы.
Екі күнге созылған Қазақстанның әйелдер қозғалысы ерекше әсер қалдырды. Себебі, әйелдер мәртебесін асқақтату, әйелдердің азаматтық белсенділігін арттыру, сондай-ақ, әйелдердің барлық салада елдің дамуына қосып жүрген үлестеріне қоғам назарын аудару жолындағы серпінді іс-шара болды деп айта аламын.
Оған АҚШ, Тәжікстан, Қырғызстан, Араб Әмірлігі, Өзбекстаннан және өз еліміздің әрбір аймағынан азаматтық белсенділігі зор, мықты көшбасшы-әйелдер қатысып, ең озық, үлгі боларлық тәжірибелерімен, жетістіктерімен бөлісіп, тренингтер, шебер-сыныптар өткізді. Сонымен қатар белгілі коуч-тренерлер, ұйымдастырушылар, кәсіби шеберлер жеке брендті құрастыру, дамыту, жетістіктерге қол жеткізу, көпшілікпен пайдалы қарым-қатынастар орнату, жұмысты нәтижелі жоспарлау сынды маңызды мәселелерге байланысты әдістерімен бөлісті. Бұл жердегі принцип үлкен жетістіктерге жеткен әрбір әйел замандастарына да үйретіп, қолдап, алға жылжуына септесу және әйелдер күшін біріктіру.
Топты Қызылорда облысы бойынша Әйелдер күші альянсының жетекшісі, делегация басшысы Рахима Ахметова, Қызылорда облысы Іскер әйелдер ассоциациясының жетекшісі Манат Тамабайқызы бастап барды. Оның құрамында Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандарының, Қызылорда, Байқоңыр қалаларының қыз-келіншектері болды. Олар кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдарының әйел басшылары мен мүшелері, ұстаздар мен дәрігерлер, балабақша меңгерушілері, қоғамдық істердің белсенділері болды. Мен де бұл құрамға облыстық "Әйелдер күші" альянсының, облыстық "Әйелдер ассосациясының" (қоғамдастығының) мүшесі ретінде қосылдым.
Бұл ерекше басқосудың сәнін келтірген қызыл түс еді. Саммит жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жан-жақтан келген әйел-делегаттардың бір бағытта, бір тұтастықта, бір мақсатта екендігінің белгісіндей етіп, символын қызыл гүл деп алса, дресс кодын – қызыл костюм, екінші күні әрбір әйел ханшайым екендігін сезінсін деген мақсатпен ұзын ақ бал-көйлегін және төбесіне тәжі киді. Шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен барған делегация жетекшілерінің ерекше парады өтті. Республикалық "Ажар жұлдызы" байқауының лауреаттары марапатталды. Соның ішінде біздің аймақтан Қызылорда облысы бойынша Іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы Манат Алмашева да болды. Қызыл кілем үстінде жұлдызды сәт – барлық қатысушы делегаттардың шеруі де керемет әсер сыйлады.
Осындайда Бауыржан атамыздың мына сөзі біздерді қанаттандырады:
"Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл. Діңгек – жапырақсыз, гүлсіз, қазақша айтқанда "қу бас" деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат "жемісі" ешқашан да болмайды".
Еліміздің мақтаныштары "Қазақстанда жасалған" айдарымен өнімдерін көрмеге қойды. Кешкі Алматыны тамашалай қыдырып, "Абай атындағы опера және балет театрында" делегацияға арналған ерекше концерт қойылымын тамашаладық. Саммиттің соңғы күнінде гала-концертпен ерекше кешкі ас берілді.
Басқосу әрбір әйел өз күші мен мүмкіндіктері арқасында әлде де керемет дүниелерді жасап шығарарына, әр салада биік белестерге жетеріне, саяси мәселелерге араласуға, әлемді жақсы жағына өзгертуіне зор қанаттанып, сенімділік арттырып қайтты десек болады. Осы кең көлемде өткен әлемдік деңгейдегі ауқымды шараның ұйымдастырушыларына, әйелдердің бір сәт өздерін еркелетуге, өздерінің нәзік жан бола тұра ер және батыр екенін, сондай-ақ, сүйкімді әрі ерке қыз екенін сезінуіне мүмкіндік берген жетекшілерге, керемет атмосфера сыйлаған барша қатысушыларға зор алғысымды білдіре отырып, ауданымыздың барлық қыз-келіншектеріне "Қыздар, өз қажыр-қайраттарыңызды, мүмкіндіктеріңізді еліміздің өркендеуіне, дамуына, заманауи жетістіктерге ұмтылуға жұмсаңыздар, өздеріңізді дәлелдеуге берілген сәттерден құр қалмаңыздар, соны пайдаланыңыздар, іске асырыңыздар, жеңіс алда!" дегім келеді. Біз бәріміз бірге әлемді өзгерте аламыз!
Әмина КЕТЕБАЕВА,
облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі