» » Адам тегі ұлтынан хабар беруі тиіс

Адам тегі ұлтынан хабар беруі тиіс

qarmaqshy-tany.kz Көп ортада қызу талқыға түсетін мәселенің бірі осы аты-жөннің жазылуы. Бір әке-шешеден туған балалардың да тегі түрліше көрініс тауып жүр. Бұл әрине, өкінішті. Мұны Кеңес кезінде жіберілген өрескел қателіктің кесірі делік. Дегенмен, бүгінгі атымыз бен әкеміздің аты жазылған екі бірдей есімнің қайсысы өзінікі, қайсысы әкесінің аты (Марат Мұрат) оны да кейде ажырата алмай пұшайман болып жатамыз. Қатып қалған дүние жоқ. Қоғам өзіне жүйелісін тапса, неге ұсыныс-пікір айтып, оны да бір ізге салмасқа?!

Осы сауал төңірегінде талқылаған ісшара халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының ұйытқы болуымен Жосалы кентінде орталықтандырылған аудандық кітапханада өтті. «Ұрпағымыздың аты-жөнінің ұлттық нұсқада қалыптасуына мән берейік!» атты дөңгелек үстел отырысына филиалдың алқа мүшелері, бастауыш ұйымдардың төрайымдары, ардагерлер, үкіметтік емес ұйым өкілдері, тіл жанашырлары мен жастар жиналды.
Отырысты филиал төрайымы Гүлжауһар Раева жүргізді.
– Осы мәселені өзіміз де айтқымыз келіп жүретін. Міне, сәті түсіп жатыр. Ұрпағымыздың аты-жөнін ұлттық нұсқада дұрыс жазып қалыптастыруға үлесімізді қосайық деген мақсатта бас қосып отырмыз. Әлемдегі бар халық аты-жөнін тек өзінің ұлттық негізін сақтап жазып келеді. Тегін, әкесінің атын дәстүрімізге лайықтап, жеке куәлігін қазақы өмір салтымызға сай «ұлы», «қызы» деп өзгерткендер бар. Дегенмен, Кеңестік дәуірдегі «ов», «ев»... секілді аффикстер әлі де қыр соңымыздан қалмауда. Олардың орнына ұлттық үлгіде жазу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінде жаңа туған сәбилердің аты-жөні қазақша жазылып жатыр ма, тегі ше?, – деп, ортаға ой тастады.
Жиынға қатысқан аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Дина Шакеева баланың тегі мен атын өзгертуге байланысты түсіндірме берді.
– ҚР Неке және отбасы туралы» Кодексінің 63-бабында көрсетілгендей, баланың ат алуға, әкесінің атын және тегін алуға құқығы бар. Баланың тегі атаанасының тегімен айқындалады. Атаанасының тегі әртүрлі болған жағдайда балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Атап айтқанда, ата-аналардың тілегімен баланың тегі ұлттық дәстүріміз ескеріле отырып, баланың әкесінің аты тегі болған жағдайда міндетті түрде бірінші тегі, одан соң баланың атының жазылуына жол берілген, ал әкесінің аты жазылмайды. Баланың тегіне қатысты ата-аналарының арасында келіспеушілік туындаған кезде сот тәртібімен шешіледі. Сонымен қатар, балаға қойылатын аты ата-анасының келісімі бойынша бөлек жазылған жағдайда қосарланған ат беруге рұқсат етілген, бірақ ол екі аттан аспауға тиіс. Егер бір-бірімен некеде жоқ адамдар арасында бала туылса, ал әкесінің басқа заңды некесі болса, егер әке сол туылған балаға тегін беретін болса, ол әкесі заңды некеде тұрғанына қарамай босанған әйел екеуінің бірлескен өтініші негізінде балаға тегі мен аты жазылып беріледі. Егер баланың анасы заңды некеде болып ажырасқан, ал әкесі екінші некедегі болса, бала екінші тәрбиелеген әкесінің тегін алғысы келсе, тек 16 жастан асқан соң осы аталған Кодекстің 257-бабына сүйеніп, тәрбиелеген адамның тегі мен әкесінің атын алу қарастырылған, – деді ол.

Дөңгелек үстел отырысында түрлі қоғамдық пікірлер ортаға салынды.
Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы:
– Баланың атын қойғанда ұлттық нұсқада болу үшін ең бірінші перзентханада дәрігерлер атсалысуы керек. Өйткені олардың айтқаны сол кезде жүріп тұрады. Сәби өмірге келген бойда ата-анасымен тілдесе алатын адам солар. Қандай есім бергелі жатсыздар деп сұрап, ақылкеңестерін берсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Зал Шаймерден, еңбек ардагері:
– Тегімді 1996 жылы заңға сәйкес, бірден өзгерттім. Бұрын Шаймерденов болсам, қазір Шаймерденмін. Ұлт батыры Бауыржан Момышұлы бізге қай жағынан да үлгі. Сол кісі секілді Шаймерденұлы деп жаздырғым келген. Бірақ мамандар кейін кедергісі болатынын айтқасын, соған тоқтап қалдым. Қазақ атамыз ат қоюға үлкен мән берген. Дәстүрден алыстасақ, қасиетімізден де, болмысымыздан да алшақтақтаймыз. Осыны ұмытпау керек.
Темірбек Пернебаев, еңбек ардагері:
– «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» ҚР Президентінің 1996 жылғы №2923 санды жарлығының талаптарына сәйкес жаңа туылған нәрестелердің тегі туу туралы куәліктерінде ұлттық дәстүрде қазақша жазылып жүр. Бұл қуанарлық дүние. Дегенмен, бұрынғыны өзгертіп, ұрпағымыздың аты-жөнін ұлттық нұсқада жазуға әлі де күш салуымыз керек.
Шегебай Құндақбаев, «Ұлт бірлігі – Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Бала туыла салып өзіне ат қоймайды. Бала есімінің ұлттық нұсқада қойылуына да мән берген дұрыс. Есімнің астарында адам тағдыры жатады деп айтушы еді кезінде аталарымыз. Менің алдымдағы апаларым қалып, ағаларым кетіп қала берген екен. 7 жасар Қуаныш деген ағамыз «Ай, осы жеңешемнің ұл балалары өле берді ғой. Құдай шегелеп берер ме екен, атын Шегебей деп қояйықшы» деп айтады. Жас баланың сөзін құптаған үлкендер аузына Алланың өзі салып тұрған шығар деген ырыммен мақұлдай кетеді. Сөйтіп менің атымды Шегебай атапты.
Гүлжанат Дүзенова, тіл маманы:
– Өмірде неше түрлі жағдай болады. Аяғын шалыс басып дегендей. Бір танысым некесіз сәбиді дүниеге әкелген еді. Қызының атын Сезім қойды. Бала туғаннан ауыра береді. Денсаулығын тексертуге апармаған жері қалмайды. Емі табылмады. Бірде қазақыға апарса, «Бұл бала шынайы сезімнен туылмаған. Неге атын Сезім қойдыңыздар? Дереу өзгертіңіздер» дегеннен кейін есімін жаңалап Қарлығаш деп атады. Осыдан соң ол ауруынан айыққан болатын. Редакцияда жауапты хатшы болып қызмет еткен Бақыт Қаналиева апамызды ел жақсы біледі. Қазір зейнет демалысында. Сол кісі «Біздің үйдің адамдарының есімі кілең тілектен тұрады» деп айтып отыратын. Жолдасы Амандық, өзі Бақыт, балалары Мақсат, Жанар, Дәулет деп. Апай айтқанда, қандай керемет үйлесім деп қызығатынмын. Енді өзімнің де балаларымның аттары Арман, Аяла, Мейірім болып жатыр.
Гүлшара Қаниева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры:
– Біздің балалар 1990-2000-жылдарда туылғасын тегіне жұрнақ жалғанып кетті. Бірақ немерелеріміздің тегі қазақшаланды. Ұжымда, жүрген ортамда немерелерінің атын қойғанда қазақша есім қойсаңдаршы деп айтып отырамын. Біздің үйдің немерелерінің есімдерін Заңғар, Хантөре қойғанбыз. Қазақы аттар жетерлік қоямын деген ата-анаға. Қазіргі жастар балаларына түсініксіз аттар қойып жатады. Адамның аты ұлтынан хабар беріп тұруы тиіс деп ойлаймын.
Босқосуда басқа да жастар, тіл жанашырлары өз ойларын көппен бөлісті.
Іс-шара қорытындысында Гүлжауһар Төлегенқызы келген қонақтарға алғысын білдіріп, бұл күн тәртібінен түспейтін тақырып. Біздің жұмысымыздың нәтижелілігі ана тілімізді төрге шығаруды мойнына алған азаматтардың қайраткерлігіне, күрескерлігіне байланысты. Осыған орай, филиалдың бастауыш ұйым жетекшілері, мүшелері белсенділік танытуы керек. Қазақы тегімізді қайтару – ұлттық негізімізді сақтау арқылы келер ұрпақ бойына ұлтжандылық қасиетін сіңіру болып табылатынын естен шығармайық, деді.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
26 қыркүйек 2023 ж. 436 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 307

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 406

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930