Ұрпақтарымыздың аты –жөнінің ұлттық нұсқада қалыптасуына мән берейік
qarmaqshy-tany.kz «Қазақ тілі» қоғамы Қармақшы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ұрпақтарымыздың аты –жөнінің ұлттық нұсқада қалыптасуына мән берейік!» тақырыбында аудандық орталықтандырылған кітапханада дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Шараға аудандық филиалдың алқа мүшелері, аудандық қоғамдық даму бөлімі, аудандық Мәдениет және спорт бөлімі, Қармақшы аудандық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімі, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері мен аудандық филиалдың бастауыш ұйымының төрайымдары, тіл белсенділері қатысты.
Отырысты «Қазақ тілі» қоғамы Қармақшы аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева ашып, шараның мақсатымен таныстырды. Әлемдегі бар халық аты-жөндерін тек өздерінің ұлттық негіздерін сақтап жазып келеді. Тегін әкесінің атын ұлттық дәстүрімізге лайықтап, жеке куәлігін қазақы өмір салтымызға сай «ұлы», «қызы» деп өзгерткендер бар. Дегенмен кеңестік дәуірдегі -ов, - ев жұрнақтарынан арыла алдық па?! "ов" ("ова"), "ев", ("ева") қосымшаларының орнына "ұлы", "қызы" деп жазуға көшу туралы мәселе әлі де күн тәртібінде.
Бүгінгі күні жаңа туылған нәрестелердің аты-жөні қазақша жазылып жатыр ма? Жаңа туылған нәрестелер мен кәмелетке толып, жеке куәлiктерiн қолына алатын азаматтардың тегі қалай жазылып жатыр? Осы мәселелер төңірегіндегі пікірімізді ортаға салсақ. Алғашқы сөз кезегі Қармақшы аудандық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Шакеева Дина Ұзақбергенқызына берілді. Ол бөлім қызметімен таныстырып, ҚР «Неке және отбасы» заңына сәйкес жаңа туған нәрестелер мен жеке куәлік алатын азаматтардың тегін тіркеуге байланысты айтып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға байланысты жан –жақты түсіндірді. Дөңгелек үстел отырысына аудандық «Қарамақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Жаудатбекқызы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, «Қазақ тілі» қоғамының алқа мүшесі Шегебай Құндақбаев, аудандық ардагерлері кеңесінің мүшесі Шәймерден Зал, Пернебаев Темірбек, облыстық Тілдерді оқыту орталығының аудандық бөлімшесінің оқытушысы, қоғамның алқа мүшесі Гүлжанат Дүзенова, аудандық Қоғамдық даму бөлімінің маманы Әсем Бүркітбаева, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің маманы Бауыржан Қайырбаев, орталықтандырылған кітапхананың директоры Гүлшара Қаниева, аудандық «Қарамақшы таңы» газетінің бас редакторының орынбасары Ерсін Сәдулы келелі ойларын ортаға салып, өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар жаңа туған нәрестеге ат қоя білудің өзі оның келешегіне әсері бар екенін, тегін қазақша жаздыру жөнінде жас ата - аналарға түсіндіру керектігі айтылды.
«Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 ақпандағы №2923 санды Жарлығының талаптарына сәйкес жаңа туылған нәрестелердің тегі туу туралы куәліктері ұлттық дәстүрде қазақша жазылып жатыр. Дегенмен бұрынғыны өзгертіп жаңалап алуға немқұрайлылық жоқ емес. Сондықтан да ұрпақтарымыздың аты –жөнінің ұлттық нұсқада қалыптасуына, кеңестік –ов, -ев жұрнақтарынан арылып, тегімізді қазақшалауға мән берейік! Бұл күн тәртібінен түспейтін тақырып. Біздің жұмысымыздың нәтижелілігі ана тілімізді төрге шығаруды мойнына алған азаматтардың қайраткерлігіне, күрескерлігіне байланысты. Осыған байланысты айтарымыз бастауыш ұйымдарымыздың төрағалары, сол жердегі мекеме, ұйым басшылары ісіміздің оң шешімін табуға атсалысып, әсер ете алатындай жұмыс жасау керек деп ойлаймын. Қазақтық тегімізді қайтару ұлттық негiзiмізді сақтау арқылы келер ұрпағымыздың бойына ұлтжандылықты сіңіру.
Негізі жастарымызбен жиі кездесіп, ұлттық рухта санада қалатындай етіп әңгімелеп отырған жөн.