» » Полицейлер династиясы

Полицейлер династиясы

"Ат тұяғын тай басар" деген әдемі сөз бар. Оның мысалын әке жолын қуған адамдардан жиі көреміз. Қоғамдағы дәрігерлер мен ұстаздар династиясы соған дәлел бола алады. Ал бүгінгі біз сөз еткелі отырған отбасы – қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты, әулеттегі абыройды биік қоятын полицейлер династиясына арналмақ.

Отставкадағы полиция подполковнигі Жақып Ермеков ішкі істер саласына өлшеусіз еңбек сіңірген азамат. Ол Төретам кентінде шаруа отбасында дүниеге келіп, орта мектепті тәмамдаған соң ішкі істер бөліміне жұмысқа орналасып, өмірін осы салаға арнайды. Алдымен 1971 жылы қатардағы полиция боп қызметке кірген ол жылдар өте келе Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, онда төрт жыл білікті мамандардан дәріс алады. Бітірген соң туған жерге оралып, өзі қызмет еткен полиция бөліміне қызметке қабылданады. Бұл салада, яғни Байқоңыр қаласындағы қазіргі Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Байқоңыр кешеніндегі Өкілдігінде оған қарасты 2-ші бөлімшесін ұзақ жыл абыроймен басқарса, кейіннен оның талапшылдығы мен қызметке деген жауапкершілігінің арқасында басшылық оны полиция бастығының кезекші көмекшілігіне, сонымен қатар ол 1996 жылы қалалық өрт сөңдіру бөлімінің бас маманы қызметіне тағайындаса, 1998 жылы ұзақ жылғы қызметі ескеріліп, ол құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады. Бірақ Жақып Әбжанұлы сала басшыларының, яғни ресейлік әріптестерінің қолдауымен қаладағы «Байқоңырэнергия» мекемесінің өрт сөндіру бөліміне басшы болып тағайындалып, оны үздіксіз 11 жыл басқарады. Бүгінде жасы 72-ге келсе де өзін тың санайтын ағамыз өңірде өтіп жатқан қоғамдық жұмыстарға араласып жүрген белсенді. Ол Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылының билер кеңесінің төрағасы, Төретам кенті қауымдастығының мүшесі. Сонымен қатар, Ресей Федерациясы Байқоңыр кешені ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде өңірдегі қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүрген азамат. Осындай елеулі еңбегі үшін де ардақты азамат көптеген марапаттың иесі атанған.

Атап айтар болсақ, «Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Құрметті қызметкері», «Байқоңыр қаласының ардагері» төсбелгісінің иегері, сондай-ақ, «Байқоңыр қаласына 40, 45, 50, 55, 60, 65 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Алғыс хатымен және басқа да мадақтамалармен марапатталған. Осындай тұлғаның өміріне серік болып, оның қалыптасуына еңбек сіңірген бақытты шаңырақтың отанасы жайлы бірер сөз айтып өтсек, артық болмас. Отбасының қадірлі анасы Злила Жеткергенқызы бүгінде Жақып аға екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, бақытты ана атанып отырған жайы бар.

Шаттыққа толы отбасында әке жолын жалғастырып келе  жатқандар да бар. Атап айтар болса, Жақып Әбжанұлының ортаншысы – Өркен Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Байқоңыр кешеніндегі Өкілдігінің тергеу бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі. Отбасында 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Жары Айсұлу қаладағы әскери емханада медбике.

Сондай-ақ, отбасының үлкені – Руслан да Байқоңыр қаласындағы әскери емханада дәрігер-невролог болып қызмет етеді. Жақында ол Қазақстан дәрігерлер қауымдастығының ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен бүкілқазақстандық форумда Қызылорда облысы дәрігерлері арасында «Алтын жүрек» номинациясымен мадақталды. Жары Гүлдана қалалық санитарлық-эпидемиологиялық стансада дәрігер. Екеуі 2 бала тәрбиелеп отыр. Ал қызы – Индира Байқоңыр қаласындағы Халық банкінде маман болып қызмет етеді.

– Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың бақуатты да табысты болашағының кепілі. Отбасы – ең қымбат және құнды қазына. Себебі, жақындарыңыздың қолдауы кез келген қиындықты жеңуге көмектеседі. Сондықтан елімізге тыныштық, бейбіт заман және әр отбасына амандық, шаттық, бақыт тілеймін. Балапандарымыз аман болып, дамыған, берік мемлекетіміздің нағыз азаматы болсын. Әрбір қазақстандық отбасының өркендеуімен біздің Қазақстанымыз, біздің Отанымыз нығая берсін, – дейді Жақып Әбжанұлы жүрекжарды жылы лебізін білдіріп.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
06 қыркүйек 2023 ж. 372 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 308

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 407

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930