» » Ырымға сенесіз бе?

Ырымға сенесіз бе?

qarmaqshy-tany.kz Бала күннен «нанның қиқымын жесең бай боласың» дегенді естіп өстік. Сірә, бұл бізді бала күнімізден ысырапшылдыққа бейім болмауымызға үйретсе керек. Иә, бұл қарапайым ғана бір мысал. Мұндай ырым-тыйым бізде жетерлік. Ырымның жаманы болмайды. Ырымдай алмайтын адам болады. Жақсы ниеттен туған әрбір іс жақсы амалға бастайтыны белгілі емес пе?!

Қазақ – ырым-тыйым сөз арқылы ұрпақ тәрбиелеп, ата салтын жаңғыртып отырған халық. Әрине, бұл халықтың өмірінде, салтсанасында, әдет-ғұрпында, тұрмыстіршілігінде – кеңінен көрініс тапқаны белгілі. Ырым-тыйым арқылы бала тәрбиелеу, жат әдеттерден тыю, туындауы мүмкін қауіп-қатерді ескерту – ұлтымыздың рухани кеңістігінде әлі күнге дейін сақталып келеді.
Тыйым – белгілі бір жағдайда ғана жасалуы тиісті әрекет, әдет. Күнделікті өмірде кейбір дүниені жасауға болмайды деп шектеу қойып жатады. Бүгінгі қоғамда ырым-тыйымға келгенде пікір екіге жарылады. Бірі – мұны ескіліктің қалдығы санайды, ал енді бірі – күнделікті тұрмыста қолданады.
Енді ырымдарға кеңірек тоқталайықшы. Жүкті анаға ырымдап, түйенің шұбатын ішкізбейді, етін жегізбейді. Себебі, жүктілік уақыты ұзарып кетеді деп болжаған. Бұл ырымды түйе ботасын 13-14 ай буаз болатынымен байланыстырады. Жүкті әйелдің 9 ай уақыты өтіп, босанбаса «Түйе етін жеген бе?» деп сұрауы да осыдан қалса керек.
Түйенің үстінен аттату немесе түйе жүнін тұтатып аттату – егер жүкті ананың босанатын мерзімі ұзарып кетсе немесе байқаусызда түйе сүті мен тағамын жеді деп есептелсе, түйеден үш рет аттататын немесе түйенің астынан өткізетін болған. Кейде бураның бас сүйегін төрге іліп те қояды.
Ал, қазір қалалық жерде түйе болмаған соң оның жүнін тұтатып, немесе суретін сызып, содан аттатады. Бір қызығы, сол ырымды орындаған кезден кейін-ақ толғақ басталады екен. Осыдан кейін ырымға сенбей көріңіз.
Жергілікті жерде үйдің сыртына тұз іліп қояды. Бәлки тіл мен сұқ көзден сақтану деп ырымдайтын болса керек. Жалпы тұз өзіне жағымсыз энергияны тартып алады. Мәселен балаға тіл-көз тисе есіктің тұтқасын тұзды сумен сүртіп, баланың бетін, екі алақанын, екі табанын жуса тәуір болып кетеді. Ал үй іші араздасып немесе үйдің берекесі кетіп жатса, үйді тұзбен тазартқан. Сол себепті тұз үйдегі негативке, яғни жағымсыз энергияға тосқауыл қою үшін ілінеді.
ТҮЙІН Болмысымызда бар бұл дүниені ертеде тәрбие құралы ретінде пайдаланған. Жат әдеттерден тыюға шақырған. Қазақ – ырымшыл халық. Оны қазіргі кезде жаңа туған балаға сирек қойылатын мына есімнен де білуге болады. Рымбек, Рымғали, Рымкеш, Рымкүл, Рымшаш секілді есімнің түп төркіні «ырым» сөзінен шығып тұр. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Жақсылыққа бастайтын ырымға сенгеннен ешкім ұтыла қоймас, сірә.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
10 тамыз 2023 ж. 514 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 312

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 411

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930