Балаға тыйым салудың да жөні бар

– «Жоқ, болмайды» деген сөз жиі айтылмау керек. Себебі бала оны үйреншікті сөз ретінде емес, ерекше қабылдауы тиіс. Сол кезде ғана сіз тыйым салған нәрсеге ол аса қатты назар аударады. Егер сіз үнемі «жоқ» дегенді айтатын болсаңыз, бала тыйымды байқамайды, оған көңіл бөлмейді.
– «Жоқ» деп айтылған сөзді қайтып алуға болмайды. Балаға «жоқ, болмайды» деген сөзді айтқан сайын сіз өзіңіздің мойныңызға үлкен жауапкершілік алатындығыңызды ұмытпаңыз. Себебі сіз бір нәрсені тыйым салған соң ол нәрсенің істелуіне кейін де жол бермеуіңіз керек. Ал жол берілген жағдайда балаңыз үшін сіздің «жоқ» дегеніңіздің салмағы болмай қалады.
– Егер «жоқ» деп тыйым салуға шешім қабылдасаңыз, онда үлкен жұмыс атқаруға дайын болыңыз. Ол жұмыс балаңыздың жасалған тыйымға қарсылық білдіруінен басталады. Мұндағы маңызды нәрсе – баламен күресіп кетпей, сабырмен өз дегеніңізде тұру. Ал балаңыз көнген кезде оны қолпаштап отыру керек.
– Балаңыздың ақылына сай «жоқ, болмайды» дегеніңіздің себебін түсіндіріңіз. «Саусағыңды аузыңа салсаң, асқазаның ауыруы мүмкін» дегенді түсінуге балаңыз үшін тым ерте болуы мүмкін. Ол оны түсінбейді, тыңдамайды. Бірақ «ыстық үтікке тиіспе, күйіп қалсаң ауырады» дегенді түсіндіріп көрсеңіз, ыстыққа қол тигізіп көрген бала түсініп, үтікке жоламайды.
– «Жоқ» деген сөз бейтарап айтылуы тиіс. Тым қатал дауыспен айтылатын болса, бала сіз оны жақсы көрмейсіз деп ойлап қалуы бек мүмкін. Ал күліп айтсаңыз, бала сізді ойнап тұр деп ойлайды. Бір нәрсені тыйым салатын кезде даусыңызды бірқалыпты ұстап, байыппен сөйлеңіз. Сонда балаңыз сіздің сөзіңізге мұқият құлақ асып, түсіністік білдіреді.
– Балаңыз тыйғаныңыздан тыйылып, айтқаныңызды орындап жатса, оны марапаттап, мақтап қойыңыз. Сөзіңізді тыңдап, тіл алған сайын балаңызды қолпаштап отырыңыз. Себебі балаға өзінің істерінің дұрыстығына сенім керек.
– Отбасының әрбір мүшесі балаңыздың өміріндегі әрбір «жоқ» деген нәрсеге бірдей көзқарас ұстануы керек. Бұл – кез келген жастағы бала тәрбиесінің нәтижелі болуы үшін қойылатын маңызды талаптардың бірі. Ойындағысын іске асыруға кім қарсылық білдіріп, кім рұқсат ететінін бала тез түсініп қояды. Сондықтан балаға жасалатын тыйымдар отбасы ішінде өзара келісулі болуы керек.