Жаңғырық немесе нақақ жала
qarmaqshy-tany.kz Елімізде 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл - азалы күн. Бұл күні халқымыз сонау зұлмат жылдары жазықсыз жазаланып, тар қапастарға қамалып, атылған ұл-қыздарының ауыр тағдырын еске алады. Олар жазықсыз жапа шеккендер. Жалпы, зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1927-1953 жылдары қазақ жерінде 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған екен. Қаншама тағдыр...
Осы бір қиын-қыстау кезеңде, тағдырдың теперішіне ұшыраған жанның бірі – менің үлкен атамның бауыры Әсіл Сапаров. Ол 1908 жылы Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. Қарапайым ғана ғұмыр кешсе де Кеңес кезеңінің лаңы оны айналып өтпеді. Жазықсыз атылатындай ол сая саткер де, жазушы да, мемлекеттік қызметкер де емес-тін.
Әсіл Сапаров 17 жасынан сол кездегі «Комсомол» ұжшарын басқарып, партия мүшесі болған. 1935 жылы атамызға «ұжшар мүлкін талан-таражға салған» деген айып тағылыпты. Әсіл атамыздың туған жиен немересі, облысқа белгілі кәсіпкер Нұрмұрат Ерманов «Талан-таражға салды деп отырғаны, көнекөздердің айтуынша ұжшар иелігіндегі аяғы ақсаған қашарды сойып, етін аштықтан қырылып жатқан халыққа таратып берген. Сосын қоймадағы бидайдың жауын суынан ылғалданып көгерген бөлігін де ашыққандарға үлестірген. Осы «қылмысы» үшін партия қатарынан шығарылған» дейді. Әсіл Сапаров жауапты жұмысынан босатылып, партиядан аластатылғаннан кейін де ауылдағы дүкенде меңгеруші болған. Алайда, тағылған айып назардан тыс қалмай, 1938 жылдың 19 қаңтарында қаннен-қаперсіз отырған отбасын отағасынан айырып, суыт келгендер шаңырақты ортасына түсірген. Әкесі тұтқындалғанда қызы Әбила есін білмейтін бала екен.
– Тұтқындап әкеткеннен кейін есіл ер оралмапты. Ең сұмдығы, нағашым бар-жоғы бір айға жетер-жетпес уақытта «үштіктің» шешімімен ату жазасына кесіліп, көп ұзамай, яғни 1938 жылдың 14 ақпанында үкім орындалған. Сол жылдары ауданда бірінші хатшы болған Ізбанов Түркістан ЦИК-інде жауапты қызмет атқара жүріп тұтқындалған екен. Артынша менің нағашыма да «Ізбановтың құйыршығы» деген сөз ере бастаған, – дейді өткенді саралаған Н.Ерманов.
Бұл кезеңде «Халық жауы» атанып, қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да айтарлықтай зардап шекті. Әсілдің жалғыз бауыры, менің үлкен атам Сүлеймен де «Халық жауының туысы» деген атпен қудалауға ұшыраған. Осы бір қара таңба қайда барса да алдынан шығып, атам бір жерге тұрақтай алмай, көшіп-қонып жүріпті. Ал «Халық жауының қызы» деген атты жамылып, мектепте мазаққа ұшыраған Әбила апамыз училищеге түскенімен, мектептегі келеке мұнда да қайталана ма деген қорқынышпен оқудан бас тартады. 17 жасқа келгенде ауылдағы төртжылдық мектептің мұғалімі Наятуллаға тұрмысқа шығады. Ол кісі де «халық жауының қызын алғаны үшін», «мектепте артық бір сабақ жүргізген» деген айыппен бір жылдан аса түрмеде отырған. Сауаттылығының арқасында жоғарыға хат жазып, өзін ақтап алады. Нұрмұрат Ерманов әкесі туралы «Әкем түрмеде түс көріпті. Түсінде Әсіл атамды терең құдықтан алып шығып жатыпты. Ояна сала, «Әсілдің атын мен немесе балаларым жаманаттан арашалап, қайта жаңғыртады екен» деп жорыпты» деген естелігімен бөлісті.
Наятулла ақсақалдың көрген түсі, жорыған жақсылығы бүгінде шынға айналған. Әсіл атамыздың жалғыз қызы Әбиладан туған жиен немерелері ата атын жаңғыртып, 1994 жылдан бері «Әсіл» шаруа қожалығын жүргізіп келеді. Бұл жазықсыз жазаланған атаға, әке махаббатын сағынған анаға деген құрмет болса керек.
Ал аталған шаруашылық әлі күнге дейін табысты жұмыс істеуде. Ата даңқын асырған немерелері тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін тындырымды тірліктер атқарып жүр. Қызы Әбиладан тараған ұрпақ бүгінде еліміздің түкпіртүкпірінде, ел үшін еңбектеніп, халыққа қызмет етуде. Ал, атамыздың қалай ақталғанына келсек, облыстық прокуратураның құжат тарына қарағанда Әсіл Сапаровқа «Комсомол» төрағасы қызметін атқарып жүріп, Кеңес үкіметіне қарсы ұлтшылдық ұйымға кірді. Ұжшардың 300 пұт бидайы мен күрішін талантаражға салды. Фермадағы қой санын кемітті» деген айыптар тағылған. 1958 жылы облыстық прокуратураның наразылығымен облыстық сотта іс қайта қаралып, «үштіктің» шешімі бұзылған. Нәтижесінде тағылған айыптың дәлелденбеуіне байланысты қылмыстық іс өндірістен қысқартылған.
Қуғын-сүргін құрбандарының тағдыры туралы деректер топтастырылған «Аза» кітабына «Сыр бойы» газетінің 2001 жылғы 31 мамырдағы санында жарияланған «Он сегіздің тағдыры» атты мақала енгізіліпті. Онда сол кездегі облыс прокурорының аға көмекшісі К.Баймаханов: «1938 жылдың 14 ақпаны Қармақшы халқы үшін қаралы күнге айналған. Бірақ бұл зауалды НКВД «үштігінен» басқа ешкім білген жоқ. Сол күні ауылдас 18 азаматтың 16-сы қылмыстық заңның айыптау баптары тағылмастан жазықсыздан атылып, екеуі итжеккенге айдалды. Айдауға кет кен нен оралмады» деп жазған. Осы боздақтардың ішінде біздің атамыз Әсіл Сапаров та бар.
1958 жылы жазықсыз жапа шеккендердің біршамасы ақталып, ауылға бұл туралы хабарлауға келгенде ағайынтуыстары «Ол кісіні білмейміз, танымаймыз» депті. Бұлай деуінің себебі – зұлмат жылдардың қиын естелігінен еді. Туыстардың ойында «Танимыз десек, тағы да қудалауға түсеміз бе» деген қорқыныштың болғаны айдан анық.
Баспасөз беттерінде 1994 жылғы «Қармақшы таңы» газетінің №31 санында облыстық прокурордың көмекшісі К.Баймахановтың «Жазықсыз жаза ланғандар» атты мақаласы жарияланады. Онда жоғарыда есімдері аталған 18 кісінің 1958 жылы ақталғанын, 1993 жылы ҚР-ның «Жазықсыз саяси қуғынға ұшы рағандарды ақтау» туралы жаңа заңға сәйкес, тағылған айыптың алынып тасталғаны көрсетіледі. 2009 жылы «Сыр бойы» газетінде Г.Жалғасованың атамыз туралы «Қос уыс бидайдың құрбаны» атты мақаласы жарық көрген.
Иә, көрінгеннің көлеңкесінен қорық қан сол бір кезең қазір артта қалды. Өткенсіз болашақ жоқ. Ендеше өткенді ұмытпай, кейінгі ұрпаққа қазақ халқының Кеңес кезеңінде қолдан жасал ған қызыл террордың салқынынан аман қалмағанын білдіру – азаматтық парызымыз. Саналы ұрпағы барда Әсіл Сапаровтай есіл ерлер де ел есінен шықпай, ұрпақтар санасында жаңғыра бермек.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА