» » Тіл тазалығы – ар тазалығы

Тіл тазалығы – ар тазалығы

qarmaqshy-tany.kz Ұлтымыздың, сондай-ақ мемлекеттің ең басты байлығы, ерекше белгісі, бөлінбес бөлшегі болып табылатын қазақ тілін тек білу ғана емес, көздің қарашығындай сақтап және дамыта отырып, оны ұрпақтың келесі буынына жеткізу – әр азаматтың қасиетті парызы. Ал мемлекеттік тілдің заңды мәртебесіне лайық қызмет етуін ең алдымен атқарушы билік, мемлекеттік қызметшілер қамтамасыз етуі керек. Бірақ бұл жалпы жұртшылық осынау игі істен қалыс қалуы керек деген сөз емес. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалы өз маңына тіл жанашырларын, белсенді азаматтарды топтастыра отырып, мемлекеттік тілді қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолдануын бақылауға алып, тілбұзарлықпен күресуде.
Қай жерде болсын ең алдымен көрнекі ақпарат көзге түседі, осы шындық болмысты бейнелеудің жоғарғы қалпын ойлауға, сондай-ақ мінезқұлықты қалыптастыратын, өзгертетін психологияға әсер етеді. Көрнекі ақпараттың қазақ тілінде анық, қатесіз, көз тартарлық болуы кентке көрік беріп, адамдардың назарын өзіне аударып қана қоймайды, таңбалық қызмет арқылы ойды білдіреді, оның материалдық тірегі болып табылады. Тіл тазалығы – ар тазалығы екенін еске салып, ай сайын осындай жүргізілген түсіндіру жұмыстары нәтижесін беріп келеді. Кент орталығындағы Көшербаев көшесінде орналасқан «Эльнұр» сауда дүкенінің жарнамасында жазылған «Я – Жосалы» деген үлкен жазу «Мен – Жосалы» деп өзгертілді. Сондай-ақ маңдайшадағы қисайған, түсіп қалған әріптер қайта жаңаланып ілінді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Гүлжауһар Раева, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің маманы Бауыржан Қайырбаев, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің қызметкері, сондайақ тіл жанашырларымен бірлесіп, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бап талаптарына сәйкес кәсіпкерлік нысандарға жарнамалардың талапқа сай жасалуына, маңдайшалардың әріптері түскен, қате жазылған жазуларға ақпараттық түсіндірме жұмыстары бойынша рейд жүрді. Бірқатар нысанды аралап дәмхана, мейрамхана, дүкендер мен тағы басқа жалға берілетін ғимараттардың сыртқы келбетіне көңіл аударылып, ғимарат иелеріне бірқатар ескертпе жасалды.

– Біз мемлекеттік мәртебеге ие ана тіліміздің тазалығын сақтауға тиіспіз. Сондықтан қоғамда осындай күнделікті кездесетін көрнекіліктердің сауатты, дұрыс жазылуын қадағалау, тілге сақшылық көзқараста болу әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз. Көрнекі ақпараттағы заңдылықты сақтамаудағы қателік көзге оғаш көрініп тұрады. Бірақ көп адам соған мән бермейді. Біздің әрқайсысымыз тіл күрескері болуымыз керек, – дейді аудандық мәдениет және спорт бөлімінің маманы Бауыржан Қайырбаев.

Ал тіл жанашыры Асқар Дәулетбаев «Кейбір жолаушылар тасымалдау мекемесі автобустарының есігінде «вход», «выход» деп жазылған. Оны «кіру», «шығу» деп өзгертуге болады ғой. Күнделікті адамдар көп жиналатын орындарда тілімізге деген құрмет әрбір қазақ азаматының өзіне байланысты. Мынадай теріс пікір бар. Үлкен қалаларда, солтүстік облыстарға қарағанда бізде шүкіршілік дейді. Олай болмайды. Сөйлеу тіліміз де, көрнекі ақпарат та таза қазақ тілінде болуы керек. Бұл – тәрбие, жастардың елжанды болуына әсер етеді. Алдымен өзімізді түзейік, содан кейін басқаларды да түзейміз» деген пікірді өзгелерге насихаттап жүр.

Рейд барысында түрлі меншіктегі мекемелердің атауы болмаса, басқа көп қателік көрінген жоқ, бұл да үнемі жүргізіліп отырған жұмыстың нәтижесі. Меншік иелеріне орысша, басқа да шетел тіліндегі атауларға үйір болмау жөнінде де ескертілді.
Гүлнар БИСЕНҚҰЛОВА,
аудандық «Қазақ тілі» қоғамының қызметкері
29 мамыр 2023 ж. 579 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 324

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930