» » Қарақұм көтерілісі ұрпақтар санасында

Қарақұм көтерілісі ұрпақтар санасында

qarmaqshy-tany.kz Бала кезімізде жастық па, әлде жауапсыздық па, әйтеуір әке-шешелерімізден, қариялардан естіген әңгіме-әфсаналарды, ұлт басынан өткен тарихи оқиғаларды есімізге сақтауға онша мән бермеппіз.

Өткеннің қызықты да тарихи оқиғаларын ұмытпай, ата-бабамыз жайлы, елімізде Кеңес үкіметі билеген жылдары ел басынан өткен зобалаң оқиғалар туралы, оның ішінде 19291930 жылдардағы өңірімізде кеңестік үстемдікке қарсы халық ұйымдастырған «Қарақұм көтерілісі» жайлы біз біле бермейтін мағлұматтардың әлі де көп екені рас. Осындай зұлмат жылдардағы қасіретті оқиғаның басы-қасында жүріп, ондағы болған жайттарды басынан өткерген қармақшылық Асықап Басанұлы, Мешітбай Ыбырайұлы есімді оқиғаның майын тамызып, бізге жеткізген әкелеріміз өмірде болды.

Бірде Ералы Бөлекбайұлы деген елге белгілі ақсақал дүниеден өтіп, оның шілдеханасына ағайындар жиналып жатты. Ағамыздың намазына Қызылорда қаласынан Асықап Басанұлының келіп, қатысатынын білдік. Асықап бойы ортадан жоғары, өткір көзді, ашаңдау кісі екен. Шай-су ішіп болғаннан кейін ортада түрлі тақырыпта әңгімелер айтылып жатты.

Содан үзіліс арасында: «Асықап аға, Науанның Нұрғалиі жайлы және Қарақұм көтерілісіне қатысқаныңыз жайлы білгіміз келеді», – деді бір ағамыз.

Асықап аға ойланып отырып: «Жарайды, онда Науанның Нұрғалиінен бастайын, әңгіме әрі Қарақұм көтерілісіне ұласады», – деп әңгімесін бастап кетті.

«Менің 13-14 шамадағы кезім, Қармақшы қыстағындағы орталық базар түбіндегі 7 жылдық мектепте оқимын. Қарсы көшеде тұратын нағашымның үйінде жатамын. Бір күні үй-іші абырсабыр болды да қалды. Үйдегілер қонақ келе жатыр деп дереу мал сойып, қазан көтеріп, дайындыққа кірісіп кетті. Мен ештеңеге түсінбей абдырап тұрмын. Есімді жиған соң нағашымнан келетін қонақтың кім екенін сұрадым.
«Нұрғали нағашың келетін болды, осында түрмеде нақақ жаладан інілері істі болып, жағдайын білуге келіпті», – деді. Содан нағашым кештете ұзын бойлы, сақалды қонақты құрметтеп қарсы алды. Мен болсам әлгі құрметті қонақтың қолына су құйып, әлім келгенше қызмет жасап жүрмін. Содан үйге кіріп, дайын тұрған асқа отырдық. Ас үстінде нағашым қонаққа: «Нұреке, мынау отырған Асықап деген жиенім, оқушы», – деп мені таныстырды.

Содан қонақ маған мойнын бұрды да: «Менің түнде тұрып, сусын ішетінімді білесің, жиеннің төсегін менің қасыма саларсың, бір түн нағашысына қызмет жасаса ештеңесі кетпес», – деді нағашыма күле қарап.

Ас ішіліп болған соң, қонақ бөлмеге екеумізге қатар төсек салынып, қымыз құйылған ыдысты нағашым менің жаныма әкеліп қойды.
Ұйықтап кетіппін. Сәлден соң қонақтың «Жиен» деген дауысынан оянсам, айдың сәулесінен үй іші алакөлеңке болып тұр екен, мезгіл түн ортасы, асығыс тұрып қонаққа сусын ұсындым.

Қымызды сіміре ішіп алған қонақ «Жақсы жиенім, енді демалайық», – деді.
Тағы көзім ілініп кетіпті. «Жиен... жиен», – деп мені қонағым тағы оятты. Таң жаңа сібірлеп атып келеді екен. Содан мен ұшып тұрып оның сусынын беріп, қайта жатып қалдым.

Ертесіне таң ата тұрған біз ертеңгілік шайды енді ала бергенде үйге баса көктеп екі милиция қызметкері кіріп келіп: «Осы үйде Науанның Нұрғалиі бар ма?», – деді. Содан жәйбарақат шәй ішіп отырған қонағымыз «Мен» деп орнынан тұрған кезде оны екі милиционер әй-шайға қарамай, қолтығынан ұстап, сыртқа ала жөнелді. Ал, біз болсақ, не болғанын білмей абыржып, естен танып қалдық.

Сүт пісірім уақыттан кейін манағы милиционерлер нағашымның үйіне қайта келіп, мені ішкі істер бөліміне алып кетті.
Бөлімге келген соң тергеуші: «Ал, бала мәселе мынадай, түнде соттың күзетшісін байлап, мына Нұрғалидің інілерінің тергеу құжаттары қолды болыпты. Ал, Нұрғали болса оны мойындамай, түні бойы сіздің үйде болғанын, ешқайда шықпағанын айтып, сені куәге тартып отыр», – деді.

Мен жағдайды түсіне қалып: «Я, аға бұл кісі түнде қасымда болды, оған екі рет, яғни түн ортасында және таң алдында қымыз құйып бердім», – дедім.

Олар болса «Шыныңды айт», – деп мені қорқыта бастады. Кешке дейін жауап ала алмаған соң, бізді босатып жіберді. Кейін інілері де түрмеден босап шығып еді.

Тарихтан білесіздер 1929-1930 жылдары Қарақұмда шаруалар көтерілісі басталып, оның басшысы молда Жұмағазы Бәйімбетов болды. Мыңдаған халық Қарақұмның «Қараүңгір – Тұздақ» деген жеріне жиналып жатты.

Бір күні мен НКВД-ның басшысы Пяткиннен шақыру алдым.
«Асықап сен жассың, комсомол мүшесісің, елдегі болып жатқан жағдайдан хабарың бар, сенің көмегің қажет. Қарақұмда туысқан апаң тұрады екен. Сол жақта көтерілісшілердің саны, қару жағы қандай, басшысы кім, тағы басқадай мәліметін бізге жеткізу керексің», – деп тапсырма берді.

Сонымен мен ірге көтеріп, Қарақұмды бетке алған көштің біріне қосылып, көтерілісшілер тобына келгеніме де 3-4 күн болды. Айбалта, сойыл, найза, мылтықтарын қамдаған шаруалар амалсыздан көтерілісшілерге айналып шыға келген. Олардың саны шамамен екі мың қаралы адам. – Асықап, – деді бірде апам ертеңгі шай үстінде, Қармақшыдан көтерілісті басуға жазалаушы қызыл әскер қосыны шығыпты, бес қаруы сай дейді. Екі ортада қосақтың арасында кетерсің, жассың, көрер жарығың алда, тілімді алсаң ертең ас-су, ат-көлігіңді дайындап берейін, елге қайт», – деді.

Содан апайымның тапсырмасымен ертесіне таң қараңғысында ұрланып, бір жарау атпен бір өзім Сырға, елге бет түзедім. Бұрын көрмеген жерім болса да болжам шамамен тәуекелді серік етіп жолға шықтым. Содан жүріп отырып, мен бір құм төбеге шығып, құлай бергенімде, алдымнан бес атар мылтығы бар атты адам шыға келді. Жақындап сәлем беріп, тани кеттім. Ол нағашым Науанның Нұрғалиі екен.
«Я, жиен қайда бет алдың, Кеңес үкіметінің жансызы емессің бе?», – деді ол

«Жоқ, нағашы апайдың ауылынан келемін, елге қайтып барамын», – деп мен қарсы жауап қайтардым.
«Айран-шалабың бар ма?», – деді ол сөзін жалғап.
Мен жалма-жан оған торсықтағы шалабымды ұсындым.
Ол мен ұсынған торсықты қолына алып, шалап ішкен соң: «Ал, жақсы, жолың болсын, араға бір күн қонып ауылға жетерсің», – деп әрі қарай мінген атын қамшылап жүріп кетті.

Сонымен мен жүріп отырып, тастақты төбеге иек арта бергенімде артымнан «Жиен» деген дауыс естілді. Оқыс дауыстан шошып кетіп: «Ту сыртымнан атпай, жүзімді қаратып ататын болды-ау», – деп, қорыққаннан жүрегім тоқтап қалғандай болды.
«Қорықпа, саған айтатын әңгімем бар, кел мына төбеге жайғасып отырайық», – деді нағашым.

Содан нағашым көрсеткен төбеге жайғасқан соң ол әңгімесін бастап кетті: «Сонау бала кезіңде маған қымыз құйып бергенің есіңде ме, алғашқы қымыз құйғаныңнан кейін сен ұйықтап қалғанда маған ауылдан 3-4 інім келіп, сот үйіндегі күзетшіні байлап тастап, бүкіл құжатты қапқа салып, дарияның құрдымына жібердік. Әрі қарай жігіттерді Қараөзектен өткізіп, үйге келіп жатып қалдым. Және болған жерімді қайта барлап таң біліне үйге келгенде сені ояттым. Сен маған екінші рет қымыз құйып бердің. Ал ертесіне қызылдар мені үйден алып кетіп, мен туралы айтуымды талап еткенде сен менің өзіңмен бірге болғаныңды айттың. Бірақ олай емес еді. Сені тергеуші алдында жалған өтірікке куә қылдым, кешір. Енді міне, ертеңгі махшардың күнінде мойныма қарыз болмасын деп кіші болсаң да алдыңнан өтіп отырған жайым бар», – деді. Содан кейін сөзін жалғастырып: «Ал, қайыр хош жиен, енді көрісер, көріспеспіз, ол бір Аллаға аян», – деп менімен қоштасты нағашым. Ол мінген атының басын кері бұрып, өзі беттеген жолына түсті. Мен болсам өзім бағыт алған елге бет түзедім», – деп әңгімесін аяқтады Асықап аға.

Қарақұм қасіреті... Сол жылдары Кеңес Үкіметінің солақай саясатына қарсы шыққан шаруалар көтерілісінің негізгі талабы әділетсіз компескіленген шаруаның малы қайтарылсын, дінге бостандық, артық салық салынбау талабы орындалса, біз қарсылықсыз қаруымызды тапсыру болатын. Осы арада екі жақ келісімге келіп, яғни мемлекеттік комиссия мен халық арасындағы келісім жарастық тауып, көтерілісшілердің қаружарағы НКВД қызметкерлеріне тапсырылды. Алайда, Қазақ елін басқарған қанішер Голощёкиннің солақай саясаты мен аудандағы НКВД қызметкерлері жоспарлы жұмыс жүргізіп, көтеріліске қатысқандарды және олардың басшыларын уәделерінде тұрмай, опасыздықпен аяусыз жаншыды.

Иә, сол жылдары тәуелсіздік үшін жан беріп, жан алысқан көтерілісшілерді, нақтысын айтқанда «Қарақұм» көтерілісіне қатысқаны үшін 125 қармақшылық азамат жазаланды. Оның ішінде, 59 адам 15 жылға, 41 адам 5 жылға, ал 25 адам 3 жылға бас бостандығанан айырылды. (Бұл мәлімет М.Тілеулиевтің «Қарақұм» кітабынан алынды).
Уахитбек СҰҢҒАТОВ,
еңбек ардагері
17 мамыр 2023 ж. 273 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 326

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 418

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930