» » Тау алыстаған сайын биіктей түседі

Тау алыстаған сайын биіктей түседі

qarmaqshy-tany.kz Жақсы адаммен жолсерік немесе дәмдес болсаңыз, қандай ғанибет. Оның адами болмысы мен қасиетіне риза болып отырасыз. Ал сондай жан сіздің өмірлік, еңбек жолыңызда бағыт берер ұстазыңыз, ақылшыағаңыз болса, тіпті де керемет емес пе?! Менің де дәрігерлік қызметімде дара дәрігер Сағымбек Рысмаханов ағамыздың орны ерекше болатын.
Ауданға 1990 жылы интернатурадан кейін дәрігер-хирург болып жолдандым. Ол жылдары ауданның бас дәрігері Асқар Омаров ағамыздың бұйрығымен аурухананың хирургия бөліміне жұмысқа орналастым. Осыдан бастап 2000 жылға дейін хирургия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған Сағымбек ағамен 10 жыл қызметтес болып, сол кісінің қарамағында жұмыс істедім. Бір қарағанда ірі денелі, түсі суық, қабағы қатыңқы, зор дауысты кісіні көргенде қобалжығаным рас. Келген күннен бастап өзіме тиесілі науқастардың ауру тарихын бөліп берді. Олармен жеке таныстырған соң сол кісінің жеңіл қолымен жұмысқа араласып кеттім. Сондағы байқағаным, ол кісінің денесі қаншалықты ірі болса, сол кеуденің астында соншалықты мейірім, жалпы адамға, халыққа деген таза көңілдің жатқанын аңғардым. Хирург мамандығы жан тазалығын, ішкі дүниеңнің күштілігін, батылдықты, шапшаңдықты, жылдам шешім қабылдауды, физикалық жағынан мықтылықты қажет ететінін ескерсек (өйткені кейде қиын оталар бірнеше сағатқа созылып кететін), осының барлығы Сәкеңнің бойынан табылып жататын.

Абзал азаматтың өмір жолына тоқталып өтсек. Ол 1940 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Нұра ауылында дүниеге келген. 1947-1957 жылдары Қазалы ауданында 10 жылдық орта мектепті тәмамдайды. Одан соң Ақтөбе Мемлекеттік Медицина институтынан «Емдеу ісі» факультетінде жоғары білім алады. Алғашқы еңбек жолын 1963 жылы Қармақшы аудандық ауруханасында хирург-дәрігер ретінде бастаса, 1966-1969 жылдары осы аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарады. 1969- 1971 жылдары аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, 1971 жылдан 1975 жылға дейін аурухананың бас дәрігері қызметін атқарады. Кәсіби деңгейін жетілдіруде дәрігер Алматыдағы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының екі жылдық ординатурасын бітірді. Білімін жетілдіре жүріп №12 Алматы қалалық клиникалық ауруханасында хирург-дәрігер қызметін қатар алып жүрді. 1977 жылы Сыр еліне оралып, жылға жуық уақыт облыстық ауруханада еңбек етсе, 1978-2003 жылдар аралығында аудандық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметінде табанды тер төкті.
Ол жұмысқа ерте келетін, ерте науқастарды қарап, түнгі ауысымда түскендерді де бір шолып шығып, біздің жазған науқас тарихын тексеріп отыратын. Жоспарланған оталарды ертемен жасайтынбыз. Өз ісіне деген жауапкершілікті жоғары қоятын. Сол кездерде хирургия бөлімінде жұмыс жасаған Нұраш Оңайсынов, Ғани Серікбаев, жансақтау бөлімінің меңгерушісі хирург Марат Мырзағұлов, травматология бөлімінде медицина ғылымының кандидаты Қонақбай Сыдықов, Абдулла Омаров, терапия бөлімінде Садро Набиев сынды аға буын дәрігерлер өз ісінің мықты мамандары болғаны анық. Аудандық аурухана хирургия саласының даму деңгейінің шыңына шыққан уақыттарымен сәйкес келді десек те артық емес. Осы жұмыстың басында Сәкең ағамыз жүрді. Кезек күттірмейтін жедел хирургиялық, травматологиялық оталарды күн-түн демей, атар таңды көзімен атырып, арасында елді мекендерде болатын шақыртуларға ешқашан қабақ шытпастан барып, медициналық көмектерін уақытылы көрсетіп, өз міндетін адал атқарды. Шәкірт тәрбиелеуде және оларды оқытып, үйретуден бір жалықпайтын. Апта сайын орта буын медицина қызметкерлері арасында өтетін семинар, аттестация, емтихандар арқасында хирургия бөлімінің медбикелері белсенді, білімді, әрқайсысы кәсіби маман бола білді. Аға медбике Роза Таңатарова бастаған Ұлжан Елжанова, Жанар Шүйтенова, Ажар Алматова, Әмина Сармолдаева, Рауа Көбекова апаларымыз ұжымның ауызбірлігін көрсетіп, қандай да бір қиындықтарда мойымайтын. Ауруханаішілік жарыстарда да ағамыздың ұйымдастыруымен хирургия бөлімі алдыңғы қатарда жүрді.


90-шы жылдардың қиындығы барлық саланы қамтығанда медицина саласы да тыс қалмады. Сол кездегі дәрі-дәрмектің, операциялық материалдардың, антисептиктер жетіспеушілігі, хирургиялық құрал-саймандар тапшылығы болды. Осы сәттерде Сәкең ұйымдастырушылық қасиетін көрсете білді. Жеке дәріханалармен қарым-қатынасын күшейте отырып, өзінің беделін салып керекті дәрі-дәрмекпен, материалдармен хирургия бөлімін қамтамасыз етті. Ағамыз әңгімесі арасында Алматыдағы 1975-1977 жылы ординатурада оқығанда №12 ауруханада жұмыс жасаған кездегі ұстазы болған Қазыбай Қалиев, Өмірбек Жалбыровтардан көп тәжірибе жинап, үйренгенін айтатын біздерге. Облыстың бас хирургі Сағынбай Құлсартовты да ұстазым деп қатты сыйлады.


Отбасында анасын өте сыйлайтын, анасы да ол кісінің жақсы істерін айтқан кезде баласы ретінде мақтан етіп көңілі шат болатын. Зайыбы Күлайхан апай стоматолог дәрігер болып көп жыл Сәкеңмен бірге қызмет атқарып, еңбек демалысына шықты. Ерлі-зайыптылар бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Қыздары Жанар, Айсұлу қазір отбасылы. Ұлы Мылтықбайдың баласының үлкені әке жолын қуып, Ақтөбе медицина институтын тәмамдады. Қызылорда, Астана, Ақтөбе қалаларында хирург болып жұмыс істеді. Бүгінде транспотология саласында докторлық диссертация қорғауға дайындалуда.

Ардақты азаматымыз медицина саласына сіңірген еңбегі үшін «Лениннің 100 жылдығы», КСРО-ның «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.

Уақыт қамшы салдырмас жүйрік қой. Сәкеңнің арамыздан алыстағанына да жиырма жыл болып қалыпты. Ортамызда болса сексен үш жасын тойлар ма едік? Өзі бізден алыстағанымен медицина саласы және халыққа жасаған еңбегі, айтқан өсиеті, берген тәрбиесі, білімі кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Бақытжан НЫСАНБАЕВ,
аудандық аурухананың бас дәрігері
25 сәуір 2023 ж. 1 124 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 329

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 419

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930