Халық көңілінен шыққан қойылым
qarmaqshy-tany.kz Бүгінде ел ішіндегі тума таланттардың басын біріктіріп көркемөнерпаздардың күшімен құрылған халық театрлары әр ауыл мен аудандарда күннен-күнге шама шарқынша дамып келеді. Алыс-жақын жерлерге танылып, әлінше өз өнерін көрсетіп, еліміздің биіктен көрінуіне үлес қосып жүрген жайы бар. Жақында облыс орталығында халық театрларының апталығы өткен-ді. Онда ауданымыздың 50 жылдық тарихы бар мәдениет үйінің жанынан құрылған халық театрының өнерпаздары Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнасында Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасын қала тұрғындарына ұсынды.
Аудан өнерпаздары бүгінгі күнге дейін түрлі жанрда көптеген қойылымдар қойып, көрермен көзайымына айналған. Жетістіктері де мол. Мәселен, Жалағаш ауданында өткен облыстық халық театрлары байқауында «Тендерге түскен келіншек» драмасын қойып, І орынды жеңіп алды. Халық театры сахнагерлерінің көпшілігі кәсіби әртіс емес. Десе де, жергілікті жұрттың көзайымына айналған бұл театрдың жасындай жарқылдап тұрған өз Асанәлісі бар. Бас аяғы 4-5 адамнан құралған аудандағы халық театр осы атауды өлтірмей, көпшілікке танытуда. Ал, енді осы театрдың әртістері сахналаған тендерге түскен келіншекте бүгінгі қоғамдағы боямасыз шындық суреттелген. Пара беру, отбасылық құндылықтың бұзылуы айқын көрсетіледі. Аудандық халық театрының режиссері Мадияр Махамбетұлы бұл драманы таңдап алудағы мақсаты астарында үлкен мән жатыр дейді.
– Драма – құлдырауға ұшырағалы тұрған отбасының жай-күйін бейнелейді. Бұл қазіргі қоғамда болып жатқан басты проблемалардың бірі. Көлігімен адам қағып, темір торға түскен жалғыз ұлын бостандыққа шығару үшін Таубай мен Сағила тергеушіге пара берудің жолын қарастырады. Алайда, қолдарында ақшалары жоқ. Бірақ, бір жерден ақшаның шеті шығады. Ол Сағиланың мектеп кездегі бала махаббаты Мырзабай «қажетті ақшаны беремін, бірақ күйеуіңді тастап маған тұрмысқа шығасың?» деп шарт қояды. Осы оқиғадан соң 30 жыл отасқан ерлі-зайыптылардың шаңырағы шайқалады. Қойылымның халыққа берері қазіргі жас отбасылардың мұндай қадамға бармауына үндейді. Жалпы драма екі бөлім, төрт актылы болса, біз соның бір бөлімі мен екі актысын қойдық. Жалғасы бар әрине, алайда бір бөлімменақ әрі қарай отбасының қандай күйге түскенін түсіндірдік. Режиссер бірінші қойылымға трактовка жасайды. Нақты айтқанда, драматургтың ойын жоғалтып алмай, шекарасынан шығып кетпеуі керек. Біз сол автордың үстінен өз қолтаңбамызды, яғни соавторлық жасадық. «Тендерге түскен келіншек» драмасына кішігірім өзгерістер енгізіп, көптеген сөзді қысқартып, халыққа жететіндей әдеби сөздер қостық. Одан бөлек, мәдениет үйі жанындағы халық театрында әртістердің саны аз. Сондықтан біз бірінші кезекте неше актер бар, соларға қарай пьесадағы персонаждың санын санап аламыз. Жалпы «мына қойылымда мынша ғана рөл бар екен, соны қояйық» деген мақсат болмайды. Төрт актер халыққа не бере алады, пьесаның бағыты қандай соған мән береміз. Қойылым көптің көңілінен шықты. Әр рөлді сомдаған актерларымыз кейіпкердің кейпін аша алды деп ойлаймын. Кәсіби маман болмаса да солардан кем түспеді. Олай дейтінім халық шын ықыласымен қабылдай алды, – деді режиссер Мадияр Махамбетұлы.
Аудандағы халық театрының бүгінгі әртістері Нүркен Әлиасқаров, Мадияр Махамбетұлы, Гүлфариза Шакарова, Айжан Қыдырбек қазіргі таңда көпшілікке танылып, халықтың ыстық ықыласына бөленген жандар. Тіпті, әр қойылымнан кейін көрермендер орнынан тұрып қошемет көрсетеді. Олар мұндай жетістікке жетуіне басшылары, кеше ғана өмірден өткен Арнұр Көшенейұлының еңбегі ерекше екенін жасырмады. Қай кезде де аңқылдақ ақ көңілімен қолдауын аямайтын дейді еске алып.
– Кез келген жұмыстың алға басуы, тыңғылықты әрі тиянақты орындалуы басшыға байланысты. Осы ретте, біздің шығармашылыққа еркіндік беріп, керек жабдықтарымызды уақытында алып берген, жол шығынымызды ұйымдастырып барлығын жүйелеп отырған Арнұр Көшенейұлы еді. Өнерге өзінің пейілі қандай болса, бізді де соған баули білді. Халық театры дегенде барлығымызды артық жұмыстан босатып, соған тиянақты дайындалуға мүмкіндік жасайтын. Міне, соның арқасында 13 халық театры арасынан бірініш орынға шықтық. Оның өзі үлкен жетістік. Алайда, білікті бас¬шымыздың ортамыздан ерте кетіп қалғаны барлығымыздың қабырғамызды қайыстырды. Ол кісінің орны қашанда бөлек тұрады. Бірақ мұнымен бәрі тоқтап қалмайды, әрі қарай жалғастыратын боламыз, – дейді театр мүшесі Нүркен Әлиасқаров.
Ерсін СӘДУҰЛЫ