» » Қайтқан қарыз

Қайтқан қарыз

– Бауырым, қарызды қашан қайтарасың? Бала-шағамның аузынан жырып берген ақша еді... Не істедің сен?
Берікбол үнсіз. Қашан, қай уақытта қайтарарын да айта алмайды. Итке бір сүйек қарыз болған соң, айналасындағы достарының алдында да абыройдан жұрдай болды. Тіпті кейде қыл арқанға асылып қалғысы келеді. Оның мұндай халінен хабардар Ақан да оны қатты қинап жүрген жоқ. Намысына тиер бірер сөз айтқаны болмаса, шымбайына батар дәнеңе де қылған емес. Тұтқаны арғы жақтағы борышкер тастай салып құтылды. Мұндайды әдет қылғалы қай заман. Артынша-ақ, Ақанның телефонына хат келді. «Ер мойнында қыл арқан шірімейді. Қайтарам қарызымды». Содан үн жоқ. Айлар өтті, жылжып жылдар кетті. Ақанның екі айлық жалақысын «балам ауырып жатыр» деген желеумен аттай қалап сұрап алған еді, сөйтсе, онысы да жалған болып шықты. Біреуінен алған қарызды екінші біреуінен алып жауып жүргені екен. Қарызды қарызбен жамағанның күні құрысын. Онсыз да қымбатшылық дендеп, мұз үстінде тайғанақтап әрең жүрген қариядай айлығын шайлығына жеткізе алмаған Ақанның жүйкесі жұқарғандай еді...
– Берікбол, қазір саған бара жатырмын. Көлігіңді маған бер, үстіне ақшаңды қосып беремін. Сөйтіп қарызыңды жап.
Даусы зілді шықты. Зығырданы қайнап, берген көмегінің өзіне қиындық тудырып жатқанына әбден күйінді. Қасына досын ертіп алып, барған оған әлгі:
– Қандай қарызды айтасың? Мен сенен ештеңе алғам жоқ, – деп қойып қалды.
Мұндайды күтпеген Ақан тамағына бәкі тақауға дейін барып еді, досы сабырға шақырды. Құрдымға кетіп бара жатып өзін ерте кетуі әбден мүмкін еді. Жатақхананың аядай бөлмесіне сығырайған болмашы күн сәулесі қою қараңғылықтан арылта алмай тұр. Беті бүлк етпестен күзетшіні шақыртып үйден қуып шықты.
– Досым, қайтесің соны. Құдай өзі жеткізеді. Қапа болма, – деген Бостанның сөзін де естімеді. Өйткені, оның ойы шырғалаңда еді. Қалың ойдың құшағында келе жатты.
**
Жұмаға жиналған жамағатқа уағыз айтып тұрған имам бір сәтте:
– Айлардың сұлтаны – рамазан, күндердің сұлтаны – жұма. Егер де сіз біреудің сізге жасаған күнәсін, қарызын кешсеңіз, Алла тағала сізге оны еселеп қайтарады. Сондықтан сауап жинайтын қасиетті айда дұрыс жолда жүріп, тек дұрыс қадам жасай біліңіздер. Кешірімді болайық, – деді.
Ақан мешіттен шығып жұмысқа дейін ойланып келді. Өзі де қиналып жүр. Қайтпек керек?! Бәлкім, Берікбол да қиналғаннан осы қадамға барған шығар? Әйтпесе, өзінің сау баласын ауру деп айтуға кім барады дерсіз. Қарызға белшесінен батқан оның мұнан өзге де талай хикаялары бар шығар. Кім білсін?! Дереу телефонын алды да хат жазды. «Берікбол, сен енді маған қарыз емессің. Өс, өн, көркей. Тек жақсылықты тілеймін. Бірақ, ендігәрі өз балаң жайлы өтірік айтып, ақша сұраушы болма» деп жазды. Оқып болып, артынша әдеттегідей: «Ер мойнында қыл арқан шірімейдіні» жөнелтті Берікбол. Өйткені, Ақан кешірімді болуды бастады. Жүрегіндегі иман нұры молайып, қиналған жанға көмек көрсету керек екенін сезінді.
– Ақанжан, – деп есікті ашып кіріп келген бастығының жүзінен қуаныш лебі еседі. – Жүрсеңші, сөйлесейік.
Ақан бастықтың кәбинетінде ұзақ отырды. Жүзі күлімдеп шығып бара жатқан ол хатшы қызды әдеттегідей еркелете мұрнынан түртіп, жымиып өтті.
Араға көп уақыт салмай қызметі жоғарылады. Айлық жалақысы да артты. Содан бері ол мешітке барған сайын қайырымдылық қорына қаражат салуды естен шығарған емес.
Иә, Жаратқан иеміз несібеңді молайтып берем десе, сауаптан жазам десе бір-ақ сәт...
Аян СПАНДИЯР.
29 наурыз 2023 ж. 291 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 341

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 424

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930