» » Қарыздан құтылғыңыз келе ме?

Қарыздан құтылғыңыз келе ме?




Несиесі жоқ, қарызы жоқ, уайымы жоқ адамды кездестіру қиындап бара жатқандай. Әсіресе алдыңғы қарызын жабу үшін тағы қарыз алып, бірнеше миллион қарызға бат жан болса, тіпті өмірден түңіліп, адаммен араласудан қалуы мүмкін. Мұның түбі өзіне қол жұмсауға апаруы да ықтимал. Сондықтан адам алдымен миын «қарызымды қалай жабамын» деген мазасыз ойдан арылтып, өз-өзіне келіп алғаны абзал.
Алдымен кімге қанша берешегіңіз бар, сізге кім қанша сома қарыз, барлығын есіңізге түсіріп, қағазға жазып алыңыз. Барлық қарызды қосып, мойныңызда қанша қарыз барын есептеп шығарыңыз. Осылай қағазға түсірген кезде ғана оның қаншалықты көп екеніне немесе сіз ойлағандай адам шошырлық сома емес екеніне көзіңіз жетеді. Осылай бәрін қағазға түсіріп, миды ойша есептеп, шегіне жете алмай жүрген бір міндетінен арылтыңыз.
Ең аз, қазір шамаңыз келетін сомадан бастап қайтаруға кірісіңіз. Бәлкім, біреуден 3 мың, біреуден 5 мың алған шығарсыз. Осындай азын-аулық қарыздан құтылған кезде миға аз ба, көп пе, бәрібір, қолымнан келеді екен, қарыздан құтылуға болады екен деген сигнал барады. Қағаздағы әр қарызды төлеген сайын сызып тастап не белгі қойып отырған кезде жаныңыз жай таба бастайды.
Танысыңыздан қарыз алып, оны біраз уақыт қайтармай, қоңырауына жауап бермей, қашқақтап жүрсеңіз, бұл үш жасар баланың әрекетіне тең екенін еске саламыз. Күндердің күнінде ол адам алдыңыздан шығады. Сонда қашып құтыла алмай қипақтағанша, мәселеге бетпе-бет қарап, қазірден басын ашып алыңыз. Адам сияқты хабарласып, жағдайыңызды түсіндіріп, шамамен қанша ай, қанша жылдан соң қайтара алатыныңызды айтып, келісімге келіңіз. Егер ол кезде де қайтара алмайтын жағдай болса, тағы келісіп мерзімін созуға болады. Бәлкім, сіз қарызын қайтара алмадым деп қиналып жүрген жан әлдеқашан сізден үмітін үзген шығар. Ондайда «кештім, қайтармай-ақ қой» деген жауап алсаңыз да таңданбаңыз. Бір қарыздан құтылдым деп есептеңіз, арқаңыздан бір ауыр жүк түскендей болады. Әрине, орайы келгенде қайтара жатасыз.
Несие алған болсаңыз, банкке өз аяғыңызбен барыңыз. Ол жерде де форма кигені болмаса, қарапайым сіз бен біз сияқты адам отырады. Жағдайыңызды айтып түсіндіріңіз. Бәлкім, төлейтін мерзімін созып, ай сайынғы ақысын азайтуға болатын шығар. Барлық жағдайды қарастырып көріңіз. Әйтеуір жауапкершіліктен қашып, бас сауғалап жүрмегеніңізге көзі жетсін. Бар екеніңізді, несиені қайтарудан бас тартпайтыныңызды білдіріңіз.
Ай сайынғы кіріс пен шығысты ұсақ-түйекке дейін қағазға жазып, саралап көріңіз. Сол нәрсені алмасаңыз болмайтындай не сізді еш бақытқа бөлемейтіндей шығындардан бас тартыңыз. Тізім жазған кезде, тапқан ақшаңыз қайда кетіп жатқаны, не нәрсеге бос ақша құртып жүргеніңіз көз алдыңызда айқын бейне боп шыға келеді. Осыдан қорытынды шығарып, ақшаны мейлінше үнемдеп, алдымен қарыздан құтылуға күш салыңыз. Ай сайын ақша артылатындай жағдай жасауға талпыныңыз, бір бөлігін аз болса да жинауға дағдыланыңыз.
Бұйырған бір күні барлық қарыздан құтылып аламын деп ғажайыпты күтіп жүруді тоқтаңыз. Мәселені тереңінен ойланып, саналы әрекетке көшіңіз. Өзіңізді ешкімнің алдында кінәлі сезінбеңіз. Үнемі қарызды қалай қайтарамын деген ойдың шырмауында жүре беруге болмайды. Барлығын толықтай қағазға түсіріп, миды босатыңыз. Сонда ғана ойыңызға ақшаның көзін табуға болатын жаңа идеялар келе бастайды.
Барлығымен келісіп, банктермен қайта келісімшарт жасасқан соң бойыңыз жеңілдеп қалары сөзсіз. Ары қарай ешқандай қарызы жоқ адам секілді өмір сүріңіз. Әлбетте, енді ешкімнен қарыз алмаймын деп өзіңізге сөз беріңіз.

29 мамыр 2021 ж. 418 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031