» » «Бес тас» ойнай білесіз бе?

«Бес тас» ойнай білесіз бе?

qarmaqshy-tany.kz АУЫЛ БАЛАЛАРЫНЫҢ СҮЙІКТІ ОЙЫНДАРЫ КӨП-АҚ. ҰЛДАР АСЫҚ ОЙНАСА, ҚЫЗДАР «БЕС ТАСҚА» КІРІСУШІ ЕДІК. ИНТЕРНАТТА ОҚЫП ЖҮРГЕНДЕ «БЕС ТАС» ОЙЫНЫН ӨЗІМІЗДЕН ЖАСЫ ҮЛКЕНДЕРДЕН ҮЙРЕНДІК. БҰЛ ОЙЫН ЖЫЛЫ ЖЕРДЕ ОТЫРЫП ОЙНАҒАНҒА ЫҢҒАЙЛЫ. ӨЙТКЕНІ, СУЫҚ КҮНІ ДАЛАДА ТОҢБАЙСЫҢ, ІШІҢ ДЕ ПЫСПАЙДЫ. «БЕС ТАСТЫҢ» ҚЫР-СЫРЫН БІЛІП АЛҒАН ЕРЕСЕК ҚЫЗДАР ҚОЛДАРЫ МАЙЫСЫП, БАРЛЫҚ КЕДЕРГІЛЕРДІ ЖЕҢІП ШЫҒАТЫН. ОНЫҢ ҚЫЗЫҒЫНА КІРІП КЕТКЕНІМІЗ СОНДАЙ АПАЙЛАРЫМЫЗ ДА БІЗБЕН БІРГЕ ЖАРЫСА КЕТЕТІН. БҰЛ ОЙЫННЫҢ ДА ӨЗГЕ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР СИЯҚТЫ ӨЗ ҚАҒИДАЛАРЫ БАР.
Ойынның бірнеше тәсілі бар. Ойын ойнау әр жерде әртүрлі тәсілмен ойналуы мүмкін. Мен бұл ойынды кішкентай кезімізде ойнағанымыздан ойға түсіріп жазбақпын. Ойынға қатынасушылар дөңгелене отыра қалып, бастайды. Ең алдымен, «бес тастың» бастамасы саналатын «бірлік» түрінен өту керек. Яғни, бір тасты аспанға қарай лақтырып, жердегі қалған төртеуін кезекпен бір-бірлеп жинайды. Одан сүрінбей өткен адам «екілікке» көшеді. Екілікте бес тасты еденге шаша тастап ішінен өзіне қолайлы бір тасты алады да, жоғарыдағы тәсілмен жерде жатқан тастарды екі-екіден жиып алады.
Үштікте еденге бес тасты шаша тастайды да ішінен біреуін алып, жоғары лақтырып, алдымен біреуін іліп алып, лақтырған тасын тосып алады, сонан соң жерде жатқан үш тасты сол тәсілмен жиып алуы керек.
Төрттікте бес тасты қолына алады да, біреуін жоғары серпіп жіберіп, қолындағы төрт тасты жерге койып, жоғары серпіген тасын қағып алады. Сонан соң ол тасты жоғары қарай қайта лақтырып, жерге қойған төрт тасты жинап алып, жоғары лақтырған тасты қоса қағып алады.
Бестікте бес тасты уысына алып, бірін жоғары қарай серпіп жібереді де тасты алақанына қыса ұстап, шынашағымен еденді үш не бес рет (ойыншылардың алдын ала келісімі бойынша) сипап өтіп (жалап өтіп деп те айтады) лақтырған тасын қағып алады.
Алтылықта сол қолының бас бармағы мен (сұқ қолын ортан қолының үстіне айқастыра ұстап) ортан қолын жерге тіреп тұрып, оң қолымен сол қолының астына әкеліп сыртынан асыра бес тасты алдыға қарай тастайды да ішінен бір тасты «ата» деп белгілейді. Оны «Нәби» деп атайды. «Нәбиді» (атаны) белгілейтін отырған ойыншылар. Ол иілген қолдың астына өткізуге қиын бір тас болады. He тас өткізетін жерге тақау, не ең алыс түскен тас болады. Ойыншы жерде жатқан «Нәбиден» басқа тастардың бірін алып, оны жоғары серпе тастап отырып, барлық тастарды біртіндеп иілген қолдардың астынан өткізеді де ең соңында «Нәбиді» өткізеді. Жоғары лақтырып отырған тасын жерге түсірмеумен бірге «Нәби» сайлаған тасқа да басқа тастарды тигізуге болмайды.
Әр тәсілді орындаған кезде қойылатын шартты бұзған ойыншы кезегін келесі ойыншыға береді де, өзіне қайта кезек келгенше көруші болып отырады. Қайта кезек алған кезде, қай тәсілден қателік жіберсе, сол тәсілден бастап ойнайды.
Ал қазіргі таңда, балалардың ойыншықтарының арасынан бес тасты кездестіре алмайсыз. Дегенмен, балаларымызға ұлттық ойындарымыздың ұмытылып бара жатқан түрлерін үйретіп, ойната білсек, қазіргі ұялы телефон мен компьютерге телмірген балапандарымызға сәл де болса септігімізді тигізетініміз анық.
Тапқыр да алғыр, шымыр да епті, қайратты да қажырлы бала өсіруді армандамайтын ата-ана жоқ. Демек, ойынның өзі бала үшін біліктің, тәлімнің қайнар көзі болып табылатыны сөзсіз. Балаларға ұлттық ойындарымызды үйретіп, олардың қызығушылығын оятуды естен шығармайық.
Қымбат БЕРДЕШ
21 наурыз 2023 ж. 471 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 342

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 425

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930