» » Ортақ іске жұмыла білейік

Ортақ іске жұмыла білейік

qarmaqshy-tany.kz ҚАЙ ЖЕРГЕ БАРСАҢЫЗ ДА, ОНЫҢ АЛДЫМЕН ТАЗАЛЫҒЫНА, ӘСЕМДІГІНЕ МӘН БЕРЕСІЗ. БҰЛ МӘДЕНИЕТТІЛІКТІҢ ҮЛКЕН БЕЛГІСІ. ҚОРШАҒАН ОРТАҢЫЗ НЕҒҰРЛЫМ ТАЗА, ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАЛҒАМҒА САЙ БОЛСА, СОҒҰРЛЫМ ЖАНЫҢЫЗ РАҚАТТАНЫП ДЕМАЛАДЫ. ОСЫНДАЙ ТАЗАЛЫҚ ПЕН САНИТАРИЯНЫ САҚТАП ОТЫРҒАН АДАМДАРҒА ДЕГЕН КӨЗҚАРАС ТА ЕРЕКШЕ БОЛАРЫ СӨЗСІЗ.
Тазалыққа әрбір адам ұқыппен қараса, айналасын таза ұстап отырса, асыл дінімізде айтылғандай, "Тазалық – иманның жартысы" болып шықпай ма? Ақ түтегін боратқан қыс та кәрінен қайтып, көктемнің шуақты күндері де келіп жетті. Көктем басталысымен жержерде санитариялық тазалық айлығы жанданады. Бүгінде сол сәтке келіп тұрмыз.
Осы ретте, Жосалы кентін көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалығын жақсарту бағытында қабылданған бірқатар жұмыс жоспарын баяндап өтпекшіміз.
Қазіргі таңда кенттің аумағы 6780 гектарды құрайды. Жалпы халық саны – 21350 болса, 4449 тұрғын үйі бар. Оның ішінде 54-і қөп қабатты тұрғын үйге жатады және 137 көше орналасқан. Аудан орталығында 74 мемлекеттік мекеме мен кәсіпорын елге қызмет көрсетеді.
Көктемгі көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалықтың 2 айлығы барысында тазалық жұмыстарын ұйымдастыру үшін көшелерді 6 аймаққа бөліп, ол мекеме, кәсіпорындарға бекітіліп отыр.
«Қызылорда облысындағы жасыл екпелерді күтіп ұстау және қорғау, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 16 мамырдағы №121 шешіміне сәйкес, мекемелер өздеріне бекітілген көшеде ұсақ және тұрмыстық, ірі көлемдегі қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару, шөптерді шабу және шығару, қоршауларды сырлау, аяқ су арығының ішін тазарту, талдарды балақтау, әктеу, көше бойында жиналған құрылыс заттарын алдырту жұмыстарымен қатар, көшеде орналасқан кәсіпкерлік ғимарат нысандарының және өздерінің теңгеріміндегі мекеме ғимаратының сыртқы келбеті талапқа сай болуын, архитектуралық дизайнға сәйкестендірілуін қадағалау, шарбақтарды сырлау, тал егу, мекеме алдында қоқыс жәшігін орнатып, тұрғындарды тазалық жұмыстарына тарту және насихаттық үнпарақтары таратуы тиіс.
Көркейту-көгалдандыру барысында көше бойына жиналған күл-қоқысты белгіленген орынға (полигонға) өздерінің техникаларымен шығару міндеттеледі. Әсіресе, тұрғындар мен жеке кәсіпкерлерді тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын мекемемен келісімшартқа отырғызу қазіргі таңда үлкен мәселе болып отыр. Себебі, тұрғындар тарапынан қоқысты бейберекет көше бойына қойып кету жиіледі. Бұл тұрғыда құқық бұзушылықтарға қарсы бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Оған жол берген тұрғындарға заң аясында шаралар қолданылуда. Мысалы, өткен жылы көшеге қоқыс тастаған, ортақ пайдаланатын орындарды ластаған 70 азаматқа айыппұл салынса, биыл жыл басынан бастап 56 азаматқа айыппұл салынды.
Бір өкініштісі, айыппұл арқалаған адамдардың ішінде бюджеттік мекемеде жұмыс істейтіндердің, оның ішінде білім саласында қызмет жасайтын, балалар алдында ұлағатты ұстаз болып, білім мен тәрбие беріп жүрген мұғалімдердің үйінен шыққан қоқыстың көшеден табылуы ұят болды.
Егер заң талаптары сәйкес келсе, құқық бұзған азаматтардың аты-жөні, қызмет істейтін мекемесі әлеу­меттік желіге және жергілікті «Қармақшы таңы» газетіне жарияланатын болады. Сондықтан, абыроймен жалпыға бірдей қабылданған тәртіпті сақтау үшін мекеме, кәсіпорын басшылары қарамағындағы қызметкерлерге және тұрғындарға міндетті түрде түсіндірме, үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізуі тиіс деп ойлаймыз.
Сонымен қатар, Жосалы кентінің әкімшілігі тұрмыстық қалдықтар төгуге арналған қоқыс жәшіктерін (контейнер) бір жыл мерзімге, егер тараптар жағынан қарсылықтар болмаған жағдайда ұзақ мерзімге жалға беру және оған ақы төлеу үшін жекелеген тұрғындармен келісім-шарт жасасып отыр. Сөз ретінде жалға беру ақысы айына – 400 теңге, жылына – 4800 теңге болатынын айта кетсек артық етпес. Егер қоқыс жәшігін жалға алуға ниетті тұрғындар болса, Жосалы кентінің әкімшілігіне келіп, жалға алу келісім-шартын жасасқан күні контейнерді өз көлігімен алып кетуіне болады.
Тазалық айлығы барысында Жосалы кенті мекемелерін арнайы тексеруге мониторинг топ шығады. Оның қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктер аудан әкіміне және кентте жұмыс істейтін облыстық басқармаларға қарасты мекемелердің облыстағы басшыларына тікелей хат жазылып, ақпарат беріліп отырылады.
Кешегі өткен «Алғыс айту» күнінде бір-бірімізге мың алғыс жаудырып жатырмыз. Алған алғыстың нәтижесі мен шынайылығы болғаны жақсы. Сондықтан ағайын, елге, жерге деген жанашырлықпен қызмет ету арқылы елдің шынайы алғысын алып, бір-бірімізге ренжімей, шынайы алғыс айта жүрейік.
Биыл облыс көлемінде санитарлық тазалық жұмыстары аясында «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіліп жатыр. Оған Жосалы кенті де қатысуда. Осы орайда, Сіздерден меншіктеріңіздегі мекеме ғимараты алдына жерден түрлі-түсті жарық түсіп тұратын жарықтандыру (прожектор) орнатуды ұсынамын. Бұл көп қаржыны талап етпейді. Бірақ, түнгі уақытта кентімізге өзгеше сән беріп, түнгі келбетін аша түседі. Осы жұмысты мекеме қызметкерлері мен басшылары өзімізден бастап үлгі-өнеге болсақ, жеке кәсіпкерлерге де сауда нысандарының сыртқы келбетін абаттандыруға ұсыныстар жасайтын боламыз.
Жалпы қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – әрбір азаматтың міндеті. Ал, сенбілікті ұйымдастырудың басты мақсаты – бюджеттік мекеме қызметкерлері бастап елге өнеге болу арқылы халықты ортақ іске жұмылдыру. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, Сіздерді 2 айлық сенбілік жұмыстарына жанашырлықпен, ауызбіршілікпен тұрақты түрде қатысуға шақырамын.
Шыңғыс СЫДЫҚОВ,
Жосалы кентінің әкімі
19 наурыз 2023 ж. 519 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 346

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 428

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930