Қазақ тілі – ұлт болашағы
qarmaqshy-tany.kz ОСЫ ТАҚЫРЫПТА ЖАҚЫНДА КЕНТ КІТАПХАНАСЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ӨТКІЗІЛГЕН ИГІ ШАРА ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРІН, ӘДЕТ-ҒҰРПЫН, ТІЛІН, ҚАДІР-ҚАСИЕТІН, ИБА-ІЗЕТІН, МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫН, ЖАЛПЫ ҰЛТТЫҚ ҚАСИЕТТЕРІН ДАРАЛАЙТЫН ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА НЕГІЗДЕЛДІ.
Оған аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов, Қармақшы ауданының Құрметті азаматтары, қоғам белсенділері аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, «Ұлт бірлігі – Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шегебай Құндақбаев, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева және аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Нұрлан Бейбітов, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниева, аудандық білім бөлімінің әдіскері, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Тәжігүл Әбенова, облыстық тілдерді оқыту орталығының аудандағы мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова, Қармақшы жастар денсаулығы орталығының психологы Әмина Кетебаева, аудандық жыраулар үйінің маманы Айдынбек Скендіров, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің әдіскері Бауыржан Қайырбаев, аудандық оқушылар үйінің бұқаралық-ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Марал Аймаханова, кент кітапханасының меңгерушісі Ақкүміс Қарашаева, аудандық жастар орталығынан ерікті жас Рахат Бақытжанұлы қатысты.
Отырыстың мақсатымен «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы ГүлжауҺар Раева таныстырып, жүргізіп отырды.
Халқымыз еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын салт-дәстүрмен сусындатып, туған тілін, елін, жерін адал сүюді үйреткен. Осы ретте қонақтар алдымен ұлттық үлгіде безендірілген бөлмеде дастарқан үстінде дидарласып, көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту мерекесінің маңызы жайлы әңгімелесті. Ардагер Әбдірахман Құлдүйсенов пен Асқар Мереков ақ тілегін ақтарып, жастарға батасын берді. Белсенді жастар Айдынбек Скендіров пен Гүлжанат Дүзенова тіл туралы өлең оқыды.
Бұдан соң іс-шараға қатысушылар оқу залында «Тіл – баға жетпес байлық» тақырыбындағы кітап көрмесімен танысып, әрі қарай дидарласуды үстел басында жалғастырды. Отырысты сауал-сұқбат мәнерінде «Қазақ тілі қоғамы» аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева бастап берді. Онда аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов тіл мәртебесін көтеру жолында талмай еңбектеніп жүрген тіл жанашырларына алғысын білдірді.
Қоғамдағы ең өзекті деген тақырыптар ортаға салынды. ХХІ ғасырда шешендік өнер қажет пе, ұлттық киім кию руханиятты жаңғырта ма, ұлттық мінезімізден ажырап қалған жоқпыз ба, ата-ананың перзент алдындағы борышын білесіз бе? – сынды сауалдарға тұшымды жауаптар берілді. Қатысушылар көптің көкейіне орнаған шешендік даналық сөздер, ұлттың, мәдениеттің бет-бейнесін көрсетіп тұратын ғажайып қазақтың киім үлгілері, ұлттық мінезге заман лебінің әсері жайлы ойларын ортаға салса, ата-ананың бойында тазалық, имандылық болса, дүниеге келген ұрпақ та саналы болатыны туралы жан-жақты пікірлер айтылды. Тіл белсендісі Әмина Кетебаева ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін оқып, көпшілікке рухани сезім сыйлады.
Көктемнің алғашқы күніндегі келелі кездесу көптің көңіліне кереметтей әсер қалдырды. Онда қаузалған тақырыптар кімге де ой саларлықтай еді. Ұлттық құндылықтарымыз адам санасына сіңіп, жүрегінен орын алған сайын ана тіліміздің де мәртебесі асқақтап, тұғыры берік бола түсетіні кәміл.
Гүлнар БИСЕНҚҰЛОВА