Бірлескен істе береке бар
qarmaqshy-tany.kz БЕЙСЕНБІДЕ АУДАН ӘКІМІ ЖАНДОС ЕРКІНБЕК ҚР ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫНА СӘЙКЕС ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН БІРГЕ ЖАҢАЖОЛ, ІІІ ИНТЕРНАЦИОНАЛ, АҚТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСІП, ТЫНЫСТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫ.
Алдымен сапарын өзге ұлт өкілдері шоғырланған ІІІ Интернационал ауылынан бастап, ауыл әкімі Нұрлыбек Сайымовтың өткен жылы атқарған жұмыстарының есебін тыңдады.
– Ауылдық округте тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны – 124 болса, оның жұмыс істеп тұрғаны – 96,8%. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім жоғары. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 5 жоба 94,5 млн теңгеге несиелендіріліп, «Ұлттық жоба» аясында 16 жұмыссыз азамат 19,6 млн теңгенің грантын ұтып алды. Былтыр облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес агро аймақ үшін 30 гектар жер ашылып, тұрғындарға егін егуге берілді. Нәтижесінде 107 отбасы 6 гектар жерге картоп, 5 гектарға көкөніс, 19 гектар жерге бақша өнімдерін екті. Биыл да бақша өнімдерін егу жұмыстарын 48 гектарға ұлғайту жоспарда бар, – деді ауыл әкімі өткен жылға шолу жасап.
Мұнан соң аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы аудан бойынша атқарылатын жұмыстарды, соның ішінде биыл ауылда түйіні шешілетін бірқатар мәселелерді таныстырып, тұрғындарды қуантты. Мәселен, ауданды электрмен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналған. Тозығы жеткен электр желілері ауа райының қолайсыздығына шыдас бермейді. Осылайша ауылдық жерлерде де жарықтың жиі сөнуі орын алуда. Биыл осы мәселе қолға алынып, аудандық бюджеттен қаржы бөлінбек. Жоба-сметалық құжаттары әзірленсе тез арада жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылда көптен күткен спорт кешенінің құрылысы басталмақ. Одан бөлек, Астана көшесі күрделі жөндеуден өтетін болады. Аудан басшысы осы айтылған құрылыс жұмыстары дұрыс әрі сапалы орындалуы үшін ауыл тұрғындарын ауызбіршілікте бірге жұмыс істеуге шақырды. Кездесуден кейін тұрғындар тарапынан ұсыныстар айтылды. Жеке мәселесі барлар аудан әкімінің жеке қабылдауына кіріп, өз ойларын сол жерде жеткізді.
Аудан әкімінің кезекті сапары одан әрі Жаңажол ауылдық округінде жалғасты. Ауылдық клуб үйінде тұрғындармен кездесіп, ауыл әкімінің былтырғы атқарған жұмысын тыңдау барысында оған оң бағасын берді. Былтыр Дүр Оңғар ауылында шаруашылықтың демеуімен балалар ойын алаңы салынып, ел игілігіне берілген. Ауылды көркейтукөгалдандыру, тазалық сақтау басты орынға қойылса, осыған сай әр көшеге қоқыс тастайтын контейнерлер орнатылған. Аудан басшысы Жандос Еркінбек оң өзгерістер мен алдағы атқарылар ауқымды бастамаларға тоқталып, ауылдың жағдайы және халықтың тұрмыстық әл-ауқатын көтеру мәселесі үнемі назарда екенін жеткізді. Соның бірі – биыл елді мекенде ауылдық амбулатория мен спорт кешенінің құрылысы жүргізілетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Ә.Мәжібаев, К.Қошқаров, Қ.Нұрлыбеков, О.Шегебаева, К.Нұрпейсов көшелері жарықтандырылмақ. Газдандыру мәселесі бойынша былтыр Төретам кенті мен Ақай ауылында газ тарту жұмысы жүргізілсе, биыл Дүр Оңғар ауылын газдандыруға жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, келер жылы газ құбырын жүргізу жоспарланып отыр.
Кездесуден кейін аудан әкімі тұрғындардың ұсынысын-пікірін тыңдады. Құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге жеке қабылдау өткізіп, әр азаматтың талап-тілегін назарға алды. Тұрғындар жұмыссыздық, көшедегі электр бағаналарын жаңарту, малдың қауіпсіздігі үшін жолға қоршаулар орнатуды мәселе етіп көтерді. Аудан басшысы айтылған мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берді.
Ал Ақтөбе ауылының даму динамикасында өсім бар. Мал санын арттыру бойынша өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 5%-ке өскен. Мүйізді ірі қара саны – 1883, қой – 1911, ешкі – 3092, жылқы – 1627, түйе – 93, құс – 2006. Ауылдағы төрт көше құжаттандырылып, орталық саябақ және Кеңсе көшесіне бейнебақылау камерасы орнатылған.
Биыл ауыл жағдайын көтеру мақсатында Т.Салқынбайұлы көшесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, электр мәселесі шешілмек. Аудан басшысы алдағы уақытта мұндай жұмыстардың атқарылуы кезең бойынша жүргізілетінін атады. Кездесуден кейін азаматтар аудан әкімінің жеке қабылдауында болып мәселелерін көтерсе, айтылған ұсыныс-пікірлер заң аясында қаралып, шешілетінін жеткізді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ