» » Мектептегі қауіпсіздікке кепіл бар ма?

Мектептегі қауіпсіздікке кепіл бар ма?

qarmaqshy-tany.kz ЖАҚЫНДА ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНДАҒЫ №4 МЕКТЕПТЕ БОЛҒАН ОҚИҒА ЕЛДІҢ ЗӘРЕСІН ҰШЫРДЫ. ҚАЗАҚ АЙТҚАН «АТЫҢ ШЫҚПАСА ЖЕР ӨРТЕНІҢ» НАҒЫЗ ТЕРІС ӘРЕКЕТІ ОРЫН АЛДЫ. 15 ЖАСТАҒЫ ОҚУШЫ МЕКТЕПКЕ БАЛТА МЕН ПЫШАҚТЫ СӨМКЕСІНЕ ЖАСЫРЫП ӘКЕЛІП, ҮШ ОҚУШЫНЫ ЖАРАҚАТТАҒАН. ҚҰДДЫ ШЕТЕЛ КИНОСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ КӨРІНІС ПЕ ДЕРСІЗ. БЕТІНЕ БЕТПЕРДЕ КИІП ҚАТАРЛАСТАРЫН ҚАРУМЕН ҰРҒАН. ӘЛГІ ОҚУШЫНЫҢ МҰНДАЙ ӘРЕКЕТКЕ БАРАТЫНДАЙ ОЛ «КҮЙЗЕЛІС» ДИАГНОЗЫМЕН ПСИХИАТРИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕ ТҰРҒАН.
Осы оқиғадан кейін әрбір ата-ана мектептегі қауіпсіздікке алаңдаулы. Себебі мектептің ішінде түрлі жағдайлар болады. Ол қаншалықты бақылауда екені белгісіз. Әр бұрышқа қойылған бейнекамералардың бірі жұмыс істеп тұрса, енді бірі тек көзбояушылық үшін қойылғандай. Оқыс оқиға орын алса камералардың көрсетер дәлелі жоқ. Осыдан кейін «Мектептегі қауіпсіздік шараларын арттыру үшін міндетті түрде оқыс жағдай орын алу керек пе?» деген сұрақ көпті мазалайтыны сөзсіз. Мәселен, 2021 жылы Татарстанның Қазан қаласындағы мектепте оқушы тоғыз адамды атып өлтіргеннен кейін ел Үкіметі мектепте бақылауды күшейту керек деген бастаманы көтерді. Жалпы көп жағдайда жағымсыз оқиғадан кейін ғана сол салада сең жүретіні жасырын емес.
Қазір кез келген білім ордасының кіре берісінде күзетші бар. Бірақ арнайы қарумен қамтылған күзетшілер емес, қарапайым азаматтар. Арасында егде тартқан азаматтарды байқап жатамыз. Алайда төтенше оқыс оқиға орын алса немесе қасақана жағдай бола қалса қауіптің бетін қайтаруға дайын емес. Бұл қызметке келерінде белгілі бір сынақтан да өтпейді. Осыдан кейін ата-ана қауіпсіздік жағына келгенде алаңдаушылық білдіруде.
– Петропавлдағы оқыс оқиғадан соң алаңдап қалғанымды жасырмаймын. Өзім секілді баласы мектепте оқитын аналар да бұл жағдай үшін уайымдайды. «Бала – адамның бауыр еті» дейді ғой. Олардың келешегі қандай болмақ? Мектептегі қауіпсіздік шаралары қолға алынса екен. Мектеп бұзақылықтың орны емес, білім мен тәрбиенің орны. Сондықтан да отбасында баланы мейірімге, әдеп пен тәртіпке үйретіп отырғанымыз абзал, – дейді Серіккүл есімді ата-ана.
Иә, мектепте төбелес те, зорлық-зомбылық пен әлімжеттік те кездесіп тұрады. Ата-ананың мектеп қауіпсіздігіне күдікпен қарауының басты себебі осы. Былтыр күздегі мәліметке сүйенсек, елімізде 7228 мектеп болса, оның жартысы ғана дабыл жүйесімен жабдықталған. 400-ден астам мектеп қана мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген. Осыдан кейін қауіп қайдан демеңіз.
Кешегі аталмыш оқиғадан кейін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайлов Үкімет отырысының күн тәртібінде мектептерде қауіпсіздік шараларын пысықтауды қатаң тапсырды. Сонымен қатар, ел аумағындағы барлық мектепке лицензиясы бар күзет қоюды жүктеді. Ал Ішкі істер министрлігіне балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алуды, Оқу-ағарту министрлігіне Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуді тапсырды.
Сайып келгенде балалардың қауіпсіздігі мен қорғанысы бұл тек бақылау камерасы, өткізу режимі, дабыл түймелері ғана емес, төтенше жағдай кезіндегі мектеп қызметкерлері мен оқушылардың өзін-өзі ұстауы, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруы да өте маңызды. Себебі бала – ата-ана үшін ең қымбат. Ал олардың қауіпсіз болуына бар жағдайдың жасалуы қажет.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
24 ақпан 2023 ж. 486 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 352

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 433

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930