Даму мүддесіне топтасу
qarmaqshy-tany.kz Елімізде 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында саяси партиялар мен өзін-өзі ұсынған азаматтар Конституция және Сайлау туралы Конституциялық заңмен қойылатын сәйкестіктері анықталып, тіркеуден өтті. Қазір сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті. Депутаттыққа кандидаттар мен олардың сенім білдірген адамдары және сайлауалды штабының құрамдары қала мен ауыл-ауылдарға барып «бізден мықты ешкім жоқ, біздің партияға, біздің кандидатқа дауыс беріңдер» деген сөздерін жиі еститін боламыз, түрлі шараларын көреміз. Бірақ бәрі де мықты ма? Мәселе сонда. Бұл сауалдың жауабы 19 наурыз күні сайлаушылардың таңдауына байланысты күннің соңында ғана анықталатын болады. Ең үлкен нәтиже бұл жолы сайлауға алғаш рет елімізде тіркелген жеті партияның бәрі қатысайын деп отырғаны.
Мұндай халықтың ерекше белсенділігіне, ұмтылысына, сеніміне қалай қол жетті деген сұрақ туындайды. Оған негіз болған Мемлекет басшысының өткен жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында атап көрсеткен төмендегі қағидасы болды. Елімізде саяси жаңғыру үдерісінде парламентаризмді дамуыту ісі, айрықша орын алады. Жаңарған Ата Заңымыз әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стандарттарын енгізеді. Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетіледі. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылады.
Жалпы конституциялық реформада көзделген конституциялық өзгерістердің бәрін осы жылдың соңына дейін Заңмен бекітіп, аяқтау қажет. Бұл өзгерістер саяси партиялардың санын арттырады, саяси бәсекені күшейтеді, халық қалаулыларының жаңа легі пайда болуына септігін тигізеді.
Бұрынғы тәртіп бойынша сайланған биліктің өкілді органдарының кезектен тыс сайлау науқаны арқылы жаңаруы заңдылық. Сондықтан, Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын.
Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігін алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін.
Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік беретін әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды деп көрсеткен.
Мемлекет басшысының өз Жолдауында көрсеткен Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы реформалары бағдарлама жүзінде қалып қойған жоқ. Заңдылық тұрғыдан нақты іске аса бастады. Бұрынғы кезеңдерде кезектен тыс сайлаулар аяқ астынан тағайындалып, жарияланатын болса, бұл жолы алты ай мерхзім берді. Саяси күштерге өздерінің саяси бағдарламаларын әзірлеу және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін дайындалуға уақыт бөлінді.
Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіледі. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгереді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партиялар тіркелді. Бұл Қазақстанда саяси реформалар құр сөз жүзінде емес, нақты іске асырылып жатқандығы, ешбір күмән келтіруге келмейтін шындыққа айналып жатқандығының бір көрінісі. Ең бастысы, бұл көзқарастар мен идеялар құр айтылған күйінде қалмай, Заң жүзінде орындалатын ұстанымдар мен нақты мемлекеттік саясатқа айнала бастады.
Мұның бәрі айналып келгенде Президенттің елімізге көптеген жылдар бойы қалыптасқан саяси монополияны жою мақсатын көрсетеді. Ендігі кезекте партиялар арасында ашық бәсекелестік артып, саяси аренаға жаңа күштер қосылып, қоғамның белсенділігі артары айқын. Міне сондықтан Мемлекет басшысы Жолдауында: «Халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі», деген болатын. Сондықтан да сайлау үрдісінде пропорционалды жүйемен бірге мажоритарлық жүйе қолдануда енгізілді. Әрине түптің түбінде барлық дамыған елдердегідей Қазақстан қоғамының бырыңғай көп партиялы жүйеге көшетіні анық.
Алайды қазіргі қоғамдық ахуал мен саяси мәдениетіміз пропорционалды жүйеге бірден емес, біртіндеп өтуді қажет етіп тұрған сыңайлы. Бұл ретте саяси партиялар да маңызды міндеттерді мойнына алып, қоғам мүддесіне шынайы қызмет ететін тұлғаларды өз идеологиясының төңірегіне біріктіре білуі шарт. Қазіргі кезеңде аудандық мәслихат депутаттарын мажоритарлық жүйемен сайлауы ауылдық жерлердегі даму үдерісіне өте қажетті деп есептеймін. Мұндай қадам жергілікті ортада бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптастыруға жол ашады. Әр округтен сайланған депутат сайлаушылар алдында сайлауалды бағдарламаларын жеткізіп, мақсаттарын айқындайды, олардың аманатын арқалайды. Тұрақты түрде орындалуы жайлы есептерін береді, жауапкершілігі арта түседі. Тұрақты байланыс орнап, іс нәтижелі болады. Депутаттар халыққа жақындай түседі. Тағы бір ерекшелігі – сайлауалды уәдесін орындамаған депутаттарды кері қайтаруға болады. Жауапкершілік пен сенімге негізделген мұндай жаңа саяси мәдениет – депутаттарға ықпал етудің демократиялық жолы.
Қорыта айтқанда, елдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалдың түбегейлі өзгеріп, ашық қоғам құрып жатқанымызды демократия, бостандық, пікірлер алуандығы, адам құқығы, азаматтық қоғам идеялары жалпыұлттық идеяларымен үйлескенде тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік саясаттың табандылықпен, жүйелі де қарқынды жүргізіліп жатқандығымыздың тағы бір айғағы 19 наурызда өтетін Мәжіліс сайлауына елімізде тіркелген жеті партияның түгел қатысуы болуда.
Сондықтан да ауданымыздың барлық сайлаушылары өз таңдауларын ашық білдіріп, белсенді тұлғалардың мандатты иеленуіне үлкен мүмкіндік беріп, тартысты бәсекеден тыс қалмайды ғой деп санаймын.
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы