» » Балаңыз бақылауда ма?

Балаңыз бақылауда ма?

qarmaqshy-tany.kz Күнбағыс дейтін өсімдіктің күнге қарап өсетінін білеміз. Өйткені қажетті нәрін күннен алып, пісіп жетіледі. Ал үйіңіздегі балаңыздың не көріп жүргенін білесіз бе? Қаншалықты бақылауыңызда? Қазір технология дамып, әлемді әлеуметтік желі жаулағалы бала біткеннің бәрі тәрбиеден тыс қалуда. Баламыз жылап, мазамызды ала бастаса оны оңай жұбатудың жолын да таптық. Иә, біліп отырсыз. Қолымыздағы телефонды ұстатып «ана бөлмеге барып, тып-тыныш көрші» деген сөзді оған жағымды етіп алдық. Осыдан кейін баланың қай әлемге кіріп, не көріп жүргенінен бейхабармыз.
Мысалды алыстан іздемей-ақ, жақында бір болғанды айтып берейін. Ағайын болғасын жақындарыңның үйіне жиі барасың. Бірде дастарқан басында шай ішіп, аға-жеңгеммен шүйіркелесіп отырғанбыз. Сонда бізбен тамақтанып отырған кішкентай қызының беймаздығы жүйкеге тиді. Алдындағы асын төгіп тастап, құйылған шайын жақтырмағандай ысырып, әбден білгенін істеді. Қасында отырған жеңгем қызының ісіне ашуланып, ұрсып тастады. «Соңғы уақытта осындай әдепсіз қылық істейтін болыпты, білмеймін кімге еліктеп жасап жүргенін» деп басы қатып отыр. Сөйтті де жылаған қызын алдандырған болып телефонын ұстата салды. Осыдан кейін баланың соңынан бақтық. Құдды біреу үйретіп қойғандай саусағын жылдамдата телефонға сүйкеп, ішіндегі ютуб каналына қуана кірді. Күнделікті ашатыны да белгілі болды, дайын мультсериалдар мен анимациялар жылп етті. «Бақсақ бақа екен» дегендей үйренгені әлгі бұзық «Маша» мен «Лайк Настя» болып шықты. Тура соның теріс әрекеттері. Бала көргенін айна қатесіз қайталаушы. Бұдан кейін өкпелеп көріңіз. Жеңгемізге түсіндіріп, тентек қызының дертінің диагнозын тауып бердік. Қысқасы баланы телефоннан әрі ұстауды тапсырдық. Бұл қазіргі ата-ананың басты қателігінің бірі. Телефондағы жағымсыз кейіпкерлерді сомдаймын деп талай баланың опық жегенін де естіп, көріп те жүрміз.
Бұл мәселе бұрыннан қаузалып, айтылып жүр. Айтыла береді де. Себебі қазіргінің баласына телефон немесе жағымсыз анимациялар басты тәрбие беруші болып алды. Балаңыздың күйзеліске түсіп, тез ашуланшақ болуы да осыдан. Біреу айтқан екен. «Балам түнімен түс көріп, «Бэтман», «Өрмекші адам», тағы басқалардың атын атап шошып оянады» деп. Бала санасының қалыптасуына кедергі жасап жүрген факторлардың бірі – осы шетел ұсынған мультсериалдағы кейіпкерлер. Ғалымдар кішкентай баланың белгілі бір жасқа дейін миының тез қабылдайтын бөлігі жұмыс істейтінін айтады. Ал сол ми бөлігі қазір пайдалы нәрсені емес керісінше керексіз дүниелерді қабылдап, толып қалатынын ескертуде.
Қазір қазақ аниматорлары шетелдік мультфильмдердің орнын басу үшін және балаға жақсы тәрбие беру мақсатында қазақ батырларының анимациясын жасауда. Көруге лайықты деп лиро эпостық, батырлар жыры, Алдар көсе, Алпамыс батыр, Ертөстік, Құйыршық секілді мультфильмдерді жасап, ұсынуда. Бұл отандық анимацияны дамытып жатқан «Сақ» студиясының өнімі. Шетелдік аниматорлардан асып түспесе де ақырын жүріп анық басып, еңбек етіп, қатардан қалмай келеді. Бірақ оның да балаға әсер ететін тұстары баршылық. Мәселен, анимациядағы кейіпкердің түр-түсі, оның қозғалысы баланы көп жағдайда жалықтырып жібереді. Батыстан ағылған туындылардың қасында көлге сіңген тамшыдай көрінбей қалады. Қазақ мультфильмдері жоқ емес, көп. Тек сапасы төмен. Оның басты себебі – біздегі қазақ анимациясы мемлекеттік деңгейде жолға қойылмаған. Қолдау аз. Бұл жөнінде мамандар талай мінберде көтеріп те жүр. Одан бөлек бізде балаларға ұлттық құндылықты насихаттап жүрген бір ғана туынды бар. Ол «Балапан» арнасы. Кейде одан да бала жалығады. Сондықтан балалар арнасын көбейту керек. Телеарналар арасында бәсекелестік болмағаннан кейін сапалы дүние шығарып, озық елдің қатарына қосылуымыз екі талай. Бізде анимацияға сұранып тұрған шығармалар көп, тек қолдау тапса көштің ілгері жүрері сөзсіз.
Қош. «Ел боламын десеңіз, экраныңызды түзеңіз» деп бала санасының тәрбиеленуін көк жәшікке әкеп тіредік. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің нақылын осылайша қазіргі сөзбен алмастырдық. Алайда бар кінәні бір жақтан көруге де болмас. Баланың дұрыс өсуіне, жақсы тәрбиеленуіне ата-ананың жауапты екенін ұмытпаған жөн. Ата-ананың қадағалауында өскен бала жаман болмайды, ерсі әрекетке бармайды, ыза жер баспайды. Бала еліктегіш, көргенін айна қатесіз қайталаушы. Сондықтан болашағына дұрыс жол сілтеп, тәлімді тәрбие беруден танбайық. Балаңыз бақылаусыз қалмасын.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
08 ақпан 2023 ж. 328 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031