» » "Еліміздің болашағы – білімде"

"Еліміздің болашағы – білімде"

qarmaqshy-tany.kz Өмірде алдына нақты мақсат қойып, оған жету жолында аянбай тер төккен қармақшылық Гүлжанат Нұрмағанбетқызы Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде қазақ әдебиеті және мәнерлеп оқу пәндерінің оқытушысы болып ұстаздық етеді. Қарапайым да талапшыл мінезімен шәкірт жүрегінен орын тапқан ұстаздың бүгінде бағындырған белесі аз емес. Ол – педагог-шебер, филология ғылымдарының магистрі. Сондай-ақ Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі.

Г.Серкешбаева 1972 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Ү.Томанов атындағы No183 орта мектепті бітіргесін Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірген жас маман 1995 жылы Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болып жұмысқа орналасады.
Білімге құштар жастың ұстаздық қызметіндегі белсенділігі көп уақыт өтпей-ақ жемісін бере бастайды. Колледждің бастауыш мектеп және музыка, филология бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады. Ұстазды ана тіліміздің, яғни қазақ тілінің болашағы алаңдатады. Бұл салада да өнімді еңбектер жасайды. 2007-2010 жылдар аралығында Ақмола облыстық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының "Тіл және әдебиет", сонымен қатар аталған колледждің "Тіл және әдебиет" бірлестіктерінің жетекшісі ретінде көптеген істер тындырып, ана тіліміздің құндылығын арттыруға үлесін қосады. Ол 2012 жылдан бері Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ әдебиеті мен мәнерлеп оқу пәндерінің оқытушысы болып еңбек етіп келеді.
Гүлжанат ұстаздық еңбек жолында әркез ізденісте. Студенттердің білім-білігімен бірге тәрбиесіне де үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ол жастардың шығармашылығын дамытып, шыңдап отыруды үрдіске айналдырған. Шәкірттерін түрлі сайыстар мен жарыстарға қатыстырып, алған білімдерін тәжірибеде жетілдіріп отыруды өзіне мақсат еткен білікті ұстаз бұған дейін бірнеше кітап шығарып үлгерген. Атап айтқанда, олардың дені оқу құралдары мен оқу бағдарламалары саналады. 2019 жылы Астана қаласында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен "Мәнерлеп оқу дағдыларын дамыту" атты оқу құралын баспадан шығарса, 2017 жылы министрліктің қолдауымен "Қазақ балалар әдебиеті" тақырыбында үлгілік оқу бағдарламасы жарық көрді. Оның саладағы тағы бір жеткен табысы – "Мәнерлеп оқу" бағдарламалық шығармашылығы. Осы бағытта 2018 жылы "Оқу құралын" жарық көргізіп, әріптестеріне таратылса, "Тәрбие-тәлім құралы", "Сахна – әдебиеттің бір белгісі", Орайлы сөз өрнегі" атты оқу процесіндегі көмекші құралдары педагогика саласына үлкен жаңалық болып енген жұмыстар.
Жаңа ғасырда білім саласына қойылатын талап та – жаңашылдық, жаңашыл ой-идеялар. Бұл ретте ұлағатты ұстаздың атқарған еңбегі өлшеусіз. Оның білім саласындағы ұзақ жылғы ізденісі, шығармашылығы мемлекет тарапынан елеусіз қалмады. "Ізденген жетер мұратқа" дегендей, жерлесіміз Гүлжанат Нұрмағанбетқызының кеудесінде еліміздің бас ұстазы атанған "Ы.Алтынсарин" атындағы, "Үздік ұстаз" төсбелгілері жарқырайды. "Кәсібіне адалдығы үшін" медалі де оның еңбегіне көрсетілген құрмет. Өткен жыл жерлесіміз үшін де өте табысты болды десек қателеспейміз. Себебі ол министр Асхат Аймағамбетовтың өз қолынан Қазақстан Республикасы "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісін алып, мерейі үстем болған еді.
– Қармақшы – туған жерім. Көкшетау – табиғаты жағынан керемет мекен. Десе де кіндік қаның тамған туған жеріңе ештеңе жетпейді. Кейде аңызақ желін, ағынды дариясын сағынамын. Осында отбасылымын. Балаларымыз өсіп келеді. Еңбекпен өркенімді жайдым. Студенттерім халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаз-жүлдегерлері. Әрі қарай да Отанымыздың гүлденуі үшін қажыр-қайратымды жұмсайтын боламын, – дейді сала саңлағы.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
31 қаңтар 2023 ж. 290 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031