» » Жедел-жәрдем желіде

Жедел-жәрдем желіде

qarmaqshy-tany.kz АДАМҒА АУРУ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ. ТӘНІҢДЕГІ АҒЗА ДЕП АТАЛАТЫН ТЫЛСЫМНЫҢ БІР ТІНІ АЯҚ АСТЫ БҰРЫС ЖҰМЫС ІСТЕП, БЕЛГІ БЕРСЕ, ОЛ АДАМДЫ ҚАЛПАҚТАЙ ҰШЫРЫП ТҮСІРЕТІНІ СӨЗСІЗ. КЕУДЕҢДЕГІ ЖАНЫҢ АЛҚЫМҒА КЕЛГЕНДЕ АЛЛАДАН КЕЙІНГІ ОЙҒА ТҮСЕТІНІ – ЖЕДЕЛ-ЖӘРДЕМ. БҰҒАН ДЕЙІН ТІЛШІЛІК ДЕЙТІН ТІРШІЛІКПЕН АУДАНДАҒЫ ЖЕДЕЛ ШАҚЫРТУ ҚАБЫЛДАЙТЫН ӨРТ СӨНДІРУ МЕН ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІ ЖӘНЕ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІМЕН РЕПОРТАЖ ЖАСАҒАН БОЛАТЫНБЫЗ. БҰДАН КЕЙІН ЖЕДЕЛ-ЖӘРДЕМ БӨЛІМІНЕ БАРУДЫ КӨПТЕН БЕРІ ЖОСПАРЛАП ЖҮРГЕНБІЗ. СӘРСЕНБІНІҢ СӘТІНДЕ ЖОЛЫМЫЗ ТҮСТІ.

Жұмысымызға кіріспес бұрын ойға құрып қойған жоспарымызды сәл өзгерттік. Бұл жолы бірінші ақ халатты абзал жандардың емес қарапайым жедел-жәрдем көлігін тізгіндеген жүргізушілердің жұмысынан бастадық. Кез келген тосын жағдайда адам жанының бірінші арашасы әрине – дәрігер. Дегенмен үйдегі қысылып ауырып жатқан науқасқа, алыс-жақын жердегі авариялық-апаттық орынға, жолдың қауіп-қатерлігіне қарамай басын тәуекелге тігіп, дереу жеткізетін ол жүргізуші. Алдымен аудандық емхананың жертөлесінде орналасқан механик кабинетіне бардық. Себебі жұмысқа түскен жүргізушілер осында бас қосады. Бас механик Әділбек Қалдыбекұлы жүргізушілермен жиын өткізіп, көліктің жай-күйін сұрап, біліп отырады. Өйткені әр жедел-жәрдем көлігінің үздіксіз жүруі, бұзылған жағдайда дереу қажетті бөлшектермен қамтамасыз ету осы кісіге жүктелген. Ауданға қарасты ауылдардағы амбулаториялық бөлімде қызмет істейтін жүргізушілер әр келген сайын осында бас сұқпай кетпейді. Көлігінде ақау пайда болып жатса бас механикке жолығып, уәжі болса айтып, керек затын алады.
– Аудан бойынша 23 жедел-жәрдем көлігі қызмет көрсетеді. Оның 15-і кент ішінде жүрсе, елді мекенде 8 көлік қызметте жүр. Барлығы заманға сай жаңаланып жабдықталған. Әр аптаның дүйсенбі күні жүргізушілермен жиналыс жүргізіп отырамын. Астындағы көлігінің жағдайын сұрап, майы-суы, керек заты болса береміз. Тіпті енді ақауы шығып, басталып жүргендеріне алдын ала ауыстыруға беріп қоямын. Қазір шүкір біздегі барлық жедел-жәрдем көліктің бөлшектері бар, уақытында келіп тұр. Емхананың бас дәрігері көліктердің тоқтап қалмауына жағдай жасап, қамтамасыз етіп отыр. Жүргізушілердің барлығы өз ісінің маманы. Ішінде ұзақ жыл еңбек етіп жүрген ағаларымыз да бар, – дейді бас механик Әділбек Өмірбеков.
Бақытжан Оспанов – жүргізушілердің ішіндегі жасы үлкені. Ол Қуаңдария ауылындағы амбулаторияда жұмыс істейді. Осы қызметке келгеніне 16 жыл толса, бұдан бұрын ауылда шопырлық қызмет істегеніне 42 жыл болыпты. Бұйырса жасы да зейнет жасқа таяу. Жүргізуші болу үшін әу бастан соған бейім болу керек екенін айтады.
– Жедел-жәрдем көлігін тізгіндегенге дейін ауылдың ірі көліктерін жүргізіп қызмет еттім. Кейін 2007 жылы осы салаға келдім. Қасымдағы дәрігер мамандармен қызметтің ыстық-суығын бірге көріп келемін. Түн жарым демей шақырту түссе дереу жетіп барамын. Кейде науқасты жағдайына қарай іргелес жатқан Көмекбаев ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға апарамын. Егер ол жақ ауданға жіберсе, зымырап отырып осында әкелемін. Біз тек көлік жүргізіп қана қоймаймыз, дәрігерге көмектесіп, бір жағына болысамыз. Ауа райының жаңбыр, тайғақ дегеніне қарамаймыз. Басты миссия аман-есен жеткізу. Көлік жолда бұзылып қалса, көрші ауылдан, ауданнан көмек сұрап, көлік шақыртамыз. Бірақ әзірге жолда қалмаппын шүкір. Ләйім да бұзылмасын, – дейді ол.
Ал Бүркітбек Әубәкіров қызмет барысында соның ішінде жол үстінде түрлі жағдайлар орын алатынын жасырмады. Әсіресе науқасты тасымалдауда оқиғалар болып тұрады дейді.
– Мен көбіне қала мен ауданның екі ортасында жүремін. Ауыр науқас болса қалаға шұғыл жеткіземіз. Бұрын бір күнде 2-3 рет қалаға барған кездерім болды. Ауылдарға да барамын. Менің көлігімде үш рет жүкті әйелдер ауруханаға жетпей босанып қойды. Оның өзі қызық жағдай. Кейде қалаға шұғыл қан әкелуге жібереді. Бір күні осындай сәт туып, облысқа жолға шықтым. Бізде дәрігерлер уақыт есептеп отырады. Жолда жылдамдығымды тездету үшін басыңқырадым. Сол кезде жол полициясы жылдамдығымды түсіріп алып, артымнан айыппұл жіберіпті. Біз ондай кезде тойға немесе қыдыруға бара жатқан жоқпыз ғой. Бәрі шұғыл тапсырмамен. Кейде ауыр науқас болады, ондай да дабылқаққыш қосамыз. Салған айыппұлы қалтаны қағады. Осының бәріне түсіністікпен қараса, – дейді ол.
Аудандық емханада екі жедел-жәрдем бөлімі қызмет істесе, оның бірі облысқа қарайды. Олар 1,2 санаттағы ауыр жағдайдағы шақыртуларға барады. Ал екіншісі кезек күттірмейтін жедел-жәрдем бөлімі кент ішіндегі 3,4 санаттағы науқастардың шақыртуларын қабылдайды. Бірақ кез келген авариялық жағдай туындаса оған қосымша көмек ретінде тез әрекет етіп отырады. Ашылғанына 5-6 жыл болған кезек күттірмейтін жедел-жәрдем бөлімінде Жасұлан Көкеев бөлім меңгеруші. Жұмысымызды осында жалғастырып, ол кісімен жолықтық. Мойнында сан жұмысы боласа да келгенімізге көңіл бұрып, жылы шырай танытты. Атаулы бөлімде 1 дәрігер, 5 фельдшер, 5 диспетчер және 5 жүргізуші 24 тәулік бойы 2 ауысыммен кезектесіп жұмыс істейді. Мұнда жедел-жәрдемге түскен шақыртуларды облыс қабылдап, науқастың дертімен оның санатына қарай бөліп отырады екен. Бірақ кент ішіндегі шақыртуларды көп қабылдаймыз дейді ол әңгіме барысында.
– Кентте созылмалы аурумен ауыратын науқастар бар. Балалар арасында ыстық көтерілу жиілеп тұр. Тұмау әртүрлі әсер етуде. Осыған орай бізге шақырту көп түседі. Бір күнде жиырмадан аса үйге барамыз. Кейде елді мекендерді де қамтып отырамыз. Тұрғындар арасында кешігіп жатсыңдар деп ренжитіндер бар. Ондай кезде сабырмен қарап, барынша түсіндіреміз. Бізде қазір жолда көп кедергі келтіретін теміржолдағы өткел. Оны өздеріңіз де білесіздер. Кейде жарты сағатқа жуық тұрып қаламыз, сондайда дабыл қосып өтіп кетеміз. Бұрын Мөлтек жақтан көше атауы мен үйдің нөмерін табу қиынға соғатын. Уақыт өте оның бәрі реттелді. Жүргізушілеріміз көшенің барлығын жаттап алған, тез тауып барады. Біраз уақыт бұрын мынадай жағдай болды. Бізге шақырту келген жоқ. Бір науқастың үйінен шығып бара жатқанда, жолда авария орын алды. Оны жүргізуші өтіп бара жатып байқап қалған. Артқа бұрылып жедел көмек көрсеттік. Ковидтің кезінде де елуден көп шақыртуларға барып, тынымсыз жұмыс істедік. Аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Сағилатұлы қосымша бригада ашып берді. Соның арқасында үлгеріп отырдық, – дейді Жасұлан Көкеев.
Мұнан соң бөлім меңгерушіге ілесіп, атаулы бөлімнің жұмысымен таныстық. Біз барғанда бригада шақыртудан келіп жатыр екен. Сағат күндізгі он бір жарымға дейін бес шақырту түсті деді қоңырау қабылдап отырған Ләззат Әптаева. «Бізге келген шақыртулар компьютерға түсіп отырады. Қоңырау қабылдаған бойда фельдшерге айтамын. Ол науқастың үйіне жеткенін және шыққанын маған хабарлап отырады. Келесі шақырту түсіп жатса сол жаққа жіберемін. Ішке келгеннен кейін науқасқа қандай диагноз қойылды, қандай дәрі салды бәрін толтырып, содан кейін картаны жабамыз» деді ол жұмысын қысқаша түсіндіріп. Мында жүргізуші тынығатын бөлмеге дейін қарастырылған. Жүктің бір басын жүргізуші көтеретіндіктен ол сергек болуы керек. Дәрігерді дер кезінде жеткізіп, науқасты аман-есен апару соның мойнында. Қыста көлігі оталып, жылы тұруы керек.
Көп ұзамай диспетчерге жедел қоңырау келіп түсті. Баратын бағыт Көмекбаев көшесі. Тұрғынның айтуы бойынша кішкентай баласының ыстығы көтеріліп, мазасы болмай жатыр екен. Фельдшер Дания Бижанова мен Нұрболат Байтөлепов қолдарына дәрі салынған сөмкені ұстап көлікке қарай жылдамдатты. Артына бізде ілесіп, көлікке отырдық. «Қазір балалар арасында тамақ ісіп, ыстық көтерілу жиілеп кетті. Күннің суығы да бар» деді жолай бізбен сөйлесіп. Жылдам жүріспен мекен-жайға тез жеттік. Алайда шақырған үйдің иті бос, бізге қарап сес көрсеткендей ырылдап қояды. Терезесін қағып үй иесінің сыртқа шыққанын күттік. Үйге кірсек балақай мазасызданып отыр екен. Фельдшер мамандар дереу іске кірісті. Бірі баланы қолына алып ыстығын көрсе, екінші маман анасынан баласының туу туралы куәлігін сұрап, қашаннан бері ауырып жүргені жөнінде сұрай бастады. Анасының айтуы бойынша үш күннен бері ауырып мазасы болмапты. Өз білгенімен ем де жасаған. Ыстығы түспеген соң жедел-жәрдем шақырғанын айтты. Өзі ауырып тұрған балақай дәрігердің құрал-сайманын көріп жылай бастады. «Ауырып тұрған баламен жұмыс істеу кейде қиындық туғызады. Тамағын көрсетпей жылап, аузын жауып алады. Ондайда ойыншықпен алдандырып, тәтті көрсетіп, икемге келтіреміз» деді фельдшер Дания Бижанова баланың өкпесін тексеріп болып. Ыстығын түсіруге дәрі беріп, артынша күтті. Сәлден соң қайта өлшеп, анасына керек дәрілерді жазып берді. Осылайша жиырма минуттан аса өз жұмыстарын аяқтады. Сыртқа шығып, көлікке отыра бере тағы шақырту түскені жөнінде хабарланды. Бұл жолы кенттің арғы беті. Жылдам жүргенімізбен темір жол өткеліне келіп тоқтадық. Әдеттегідей жол жабық, кептеліс. Тұрғындардың «кешігіп жатырсыздар» деп ренжитін басты себеп осы. Одан бөлек бірінші өтуге асыққандар көлігінің тұмсығын тығып әлек. Көп ұзамай жол ашылып, орнымыздан қозғалдық. Жедел-жәрдем көлігіне жол беретіндер бар ма дегендей, көз қырымызды салдық. «Бұрынғыдай емес, қазір жол бермейтіндер бірен-саран. Керісінше сені көре сала жол жиегіне ығысып жол ашады» деді көлік жүргізуші ағамыз. Әне-міне дегенше келесі үйге жеттік. Үй иесі алдымыздан күтіп алды. Мұндағы науқастың қан қысымы көтеріліп кетіпті. Жағдайы күрт нашарлаған соң жедел-жәрдем шақырған. Алғашқы көмекті көрсетіп, дәрісін салды.
– Науқасқа алғашқы көмек көрсету барысында кейде біз шешім қабылдай алмайтын жайттар болады. Сол кезде бөлім меңгерушіге немесе аға дәрігерге хабарласып көмек сұраймыз. Ол кісілер білгенін айтып, әрі қарай жұмыс істеуге көмектесіп жібереді, – деді фельдшер Нұрболат Байтөлепов.
Екі сағатқа жақын жедел-жәрдем бөлімімен бірге болған сәтімізде көп нәрсені ұғындық. Күні-түні бір орында отырмай, аяғынан тұрып қызмет көрсеткен дәрігерлердің еңбегін, науқас үшін тәуекелге барып, жолмен арпалысқан жүргізушінің жұмысын әбден көрдік. Әне, тағы да келесі шақырту түскендей. Олар жолдан кері бұрылып, дабыл ойнағышын қосып, жылдамдығын үдетті. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеңіз!
Ерсін СӘДУҰЛЫ
22 қаңтар 2023 ж. 989 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 368

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 447

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930