Табыстың төресі – ізденісте
qarmaqshy-tany.kz Отбасында тәрбие негізі қалыптасса, мектепте тәрбие мен білім бала бойына бірдей егіледі. Елдің ел болып, қоғамның қоғам болып дамуында да тәрбие мен білімнің атқаратын рөлі орасан. Сөзімізді жандандыру үшін Жосалы кентіндегі үлгілі мектептердің бірі, өткен жылғы білім саласының қорытынды есебінде «Ізденімпаз мектеп» атанған Ү.Томанов атындағы No183 орта мектептің қазіргі тыныс-тіршілігі мен табыстарына тоқталып өтсек.
Алдымен аз-кем тарихына көз жүгіртейік. Мектеп бастапқыда 1953 жылы Калинин атындағы жеті жылдық мектеп болып құрылған. Директоры Әбдуәли Жаназаровтың басшылығымен 29 оқушы білім ұясының қабырғасынан түлеп ұшқан. Мұнан соң сегіз жылдық орта білім беретін мектеп ретінде жұмысын жалғастырып, оған Бертай Ташенов басшылық жасаған. Ал 1969-1971 жылдары аралығында Кәрімбек Төреалиев директорлық еткен. Сол жылы мектепті 135 оқушы бітіріп шығып, үлкен өмірге қанат жаяды. 1981 жылы облыстық халық депутаттары кеңесінің шешімімен тәрбие ошағына Үсен Көлдейұлы Томановтың есімі беріледі. Ол – Кеңес одағының билік органдарын құру, азамат соғысы, сауатсыздықпен, ашаршылықпен күрес, ұжымдастыру науқандарының бел ортасында жүріп, өлкеде кеңес өкіметін орнату мен нығайтуға белсене қатысқан тұлға болды.
Енді орта мектептің бүгінгі жай-күйіне зер салар болсақ, тарихы тереңнен тамыр алатын тәрбие ордасына 2020 жылдан бастап Гүлнара Әшірова басшылық етіп келеді.
– Мектепте жалпы саны 61 мұғалім жас ұрпаққа білім нәрін себуде. Сапалық құрамға келсек, 11 педагог-зерттеуші, 16 педагог-сарапшы, 15 педагог-модератор, 19 педагог-ұстаз балаларға жан-жақты білім беруде. Мақсатымыз – зерделі де дарынды, талантты да адамгершілігі мол азаматтар қалыптастыру. Тәрбие мен білімнің бір орында тұрып қалуына болмайды. Ол әркез алға жылжып, дамып, жетіліп отыруы тиіс. Бұл бағытта мұғалімдер жылдан-жылға біліктіліктерін арттырып, арнайы курстардан өтіп отырады. Ұстаздар үшін білім деңгейін көтеріп, сертификатқа ие болу – білім үдерісінде маңызды саналатын іс. Оқу жылында осы мақсатта 25 мұғалім арнайы курстан өтіп, біліктіліктерін дәлелдеп шықты. Сол ұстаз қауымның білімін жетілдіріп, жаңа жүйеге бейімделгені оң өзгерістер әкеліп, жақсы нәтижесін беруде.
Айта кеткен жөн, 2018 жылы 25 мамырда Жосалы кентіндегі Тәуелсіздік ықшам ауданынан мектептің жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, оқушыларымыз заманауи білім ордасында кең де жарық кабинеттерде білім алуды жалғастырды. Заман талабына сай салынған ғимаратта 100 орындық оқушылар асханасы, 90 орындық мәжіліс және спорт зал бар. 22 сынып кабинетінде, оның ішінде, информатика, АКТ, лингофон кабинеттері баланың тәрбие және білім сапасына қызмет етуде, – дейді Гүлнара Исақызы.
Ескерерлігі, мектептегі жас шәкірттердің білім сапасы көрсеткіштерінің жыл санап артып келетіндігі. Мектеп ұжымы 2016-2017 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан 101,38 орташа баллмен аудан бойынша І орынды иеленсе, 19 түлектің 15-і мемлекеттік білім грантын жеңіп алған. Өткен жылғы қорытындыда 11 сыныпты 21 оқушы аяқтап, оның 14-і тестке қатысып, 2 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісін кеудесіне таққан. Мектептің педагогикалық құрамының жеткен табыстары біршама. Мысалы, 2006 жылы «Білім ұясы» ІІ республикалық конкурсының қатысушысы ретінде «Үздік мектеп» номинациясын жеңіп алса, 2009-да аудандық «Үздік педагогикалық ұжым» байқауында бас жүлдені бағындырған. 2014 жылы «Балалар және жаз» республикалық байқауының жеңімпазы атанса, осы жетістік үшін ұжым Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің дипломымен марапатталып, мерейлері өсті. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ең үздік қазақ тілді мекеме» байқауында жеңімпаз атанса, 2016-2017 оқу жылында «Үздік білім ордасы – 2017» номинациясын қанжығалады.
Бұл мектеп ұстаздарының бағындырған биік белестері деп есептесек, сол білікті мұғалімдерден білім алған мектеп шәкірттерінің де айтарлықтай оқу нәтижелері көзге түсуде. Мектеп оқушылары облыстық, республикалық байқауларға тұрақты қатысып, бірқатар жетістіктерге жетіп отыр. Облыстық эссе, жазба ақындар мүшәйралары мен түрлі байқауларында жас шәкірттер Диас Төлегенов, Назым Асылжан, Әзиза Кеңшілік жүлделі болса, оларды сөздің киесі мен қасиетіне баулыған ұлағатты ұстаз Шынар Райымбаеваның бала тәрбиесіндегі еңбегін айта кету керек. Сонымен қатар, химия, биология пәні бойынша олимпиада көрсеткіштерінде Дана Шаухатбекова, Әлхамидулла Сүлеймен де жүлделі орыннан көрініп, мектеп намысын қорғап шыққан білімгерлер. Осындай олимпиада жүлдегерлерін баптаған сала майталманы Манат Көбекова, Жадыра Сатылғанованың да өлшеусіз еңбектерін айта кету ләзім. Мұнан бөлек, Қызылордада өткен «INNO. FEST» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалі» байқауында мектептің 10-11 сынып оқушылары Диас Төлегенов, Дулат Бисенбай, Нұрлығаным Жүнісова, Нұрила Бектай, Дильназ Әзілхановалар жоба қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен. Қорытындысында Диас баламыз Қызылорда Технология және қызмет институты құрылтайшысының грантын жеңіп алған. Жас жеткіншектердің білімін шыңдап, талабын ұштауда пән мұғалімдері Айгерім Тұрғанбек пен Ләззат Бакманованың зор ізденістерін атамай кету мүмкін емес.
Мектеп – тәрбие мен білім берумен қоса, басқа да сан саланың іргетасы қаланатын қасиетті орын. Мұнда өнер, мәдениет, спортқа бейімі бар балалардың қабілеті оянып, оның дамуына апаратын даңғыл жол әрдайым ашық. Осы бағыттар бойынша да жетістіктерге жетіп жүрген шәкірттер саны көптеп саналады. Атап айтқанда, спорт саласы бойынша әпкелі-сіңлілі егіздер Сымбат, Қымбат Мырзашқыздары облыстық, республикалық жарыстарда жеңіл атлетикадан жүлделі орындарды иеленіп жүрсе, Мағжан Ібіраш, Парасат Қосжанов, Ерасыл Түркешов, Әсем Ғаниева, Мирас Базарбаев, Дамир Шағалаев, Асылжан Сейдалыұлы, Мардан Ермахановтай жеткіншектер көптеген сайыстарда мектеп қоржынына жүлде салып жүрген спортшылар.
Соңғы екі оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында, 2020-2021 оқу жылында Данияр Шаухатбеков, Айгерім Әлиасқар, Дінмұхаммед Смағұл, ал өткен оқу жылында Ерасыл Каналбек «Алтын белгі» иеленді. Үздік оқушылардың қатарын көбейтіп, оларға білім беруде пән мұғалімдері Маруся Хасенова, Манат Көбекова, Гүлмира Жақпанова, Гүлнар Сырымбетова секілді ұстаздардың орны бөлек. Ауданымызда орта отыз мектеп болатын болса, соның ішінде былтырғы жылы тестілеу нәтижесімен 183-тіктер 85,1 процент көрсеткішпен алғашқы ондықтың құрамына кірді.
Мектептің тәрбие мен білім процесімен бірге, қатар жүріп отыратын қоғамдық жұмысы да бір төбе. Ұжымға ақыл-кеңесін беріп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісуде ардагер-ұстаздардың белсенділігі жоғары. Олардың қатарында Бәтима Байдүйсенова, Меруерт Омарова, Ғалияш Байменова, Патыма Құндақбаева, Нағимаш Ибраева, Зүбайра Мешітбаева, Райхан Балабаева, Рәзия Ерлепесова, Әлібек Шегенов, Арзанкүл Абдуллаева, Шыназкүл Шаймаханова, Смағұл Қауысов, Забира Суюбердиева, Ажар Нақшораева, Бақыт Қалекенова, Қанымкүл Әбдікерімова, Зейнеш Дүйсенбаева, Орынкүл Бодашова, Феруза Сайдалиева, Ажар Қайырбекова, Мәдина Дастанова, Қалдыгүл Өтеулиева, Алтынша Кенжеева, Жұмагүл Әлиева, Ұлбосын Меңдібаева, тағы басқа да ардагер-ұстаздардың есімдерін құрметпен атай аламыз.
Қай білім шаңырағының да біліктілік, білімділік деңгейі ізденімпаз, жан-жақты дамыған ұстаздар қатарына бек байланысты келеді. Осы тұрғыда аудандық, облыстық, республикалық білім сайыстары мен пәндік олимпиадаларында жүлде салып, биіктерді еңсеріп жүрген сала мамандары бұл мектепте де көптеп кездеседі. Ағираш Сабырбаева, Бақытбек Баймұратов, Ақбөпе Асқарова, Жадыра Байжанова, Жанат Дайрабаева, Гүлжайна Ерекешова, Жадыра Таширова, Қайырхан Тұрымтаев, Гүлжайна Сұңғатова, Гүлшат Наукебаева, Айнұр Қайруллаева, Әзимаш Жұмағалиева, Жұлдыз Жалғасбаева, Мөлдір Ешжанова, Айнұр Мадиярова, Қуаныш Садақбаев, Гүлнар Бүркітбаева және басқасы ауданымыздың тәрбие мен білім саласына ізденімпаздықпен өнегелі өрнектерін салып жүрген ұстаздар.
Орта мектептен түлеп ұшып, републикаға танылған түлектер тіпті де көп-ақ. Олардың бірқатарын ел басқару ісінде көрсек, кейбірін өнерде, спортта, басқа да салалардан кездестіреміз. Сондай танымал азаматтың қатарында ақын, философ, аудармашы, зерттеуші-ғалым, саясаттанушы Әуезхан Қодардың, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Бауыржан Елеусіновтің, қоғам қайраткері, аудандық, облыстық деңгейде басшылық қызметтер атқарған Ырзақұл Сәденовтің есімдерін ерекше атауға болады.
– Мектебіміздің педагогикалық ұжымы жыл қорытындысында аудан мектептері арасында «Ізденімпаз мектеп» номинациясын иеленді. Бұған өте қуаныштымыз. Бұл бір жағынан басшылық тарапынан біздің еңбегіміздің бағаланғаны болса, екінші жағынан марапат алдағы уақытта да ұжымның белсенді де ізденіспен еңбек етуіне септігі мол. Әрі қарай да осы жұмыстарымызды жетілдіріп, мемлекетіміздің болашақ кілті саналатын – балалар мен жас жеткіншектердің тәрбиесі мен білімі жолында аянбай тер төге беретін боламыз, – дейді мектеп басшысы Гүлнара Исақызы жарқын көңілде.
Осылайша, No183 орта мектептің ұстаздары былтырғы жылды ізденімпаз мектеп қатарында аяқтап, оң нәтижелерін көрсетті. Бірақ, білім бір күн немесе бір жылмен тұрып қалатын дүние емес. Ол үнемі, әркез, әрдайым ілгерілеуді, өрлеуді қажет ететін сала. Сол үшін де еліміздің келешегі сапарында ерінбей қызмет етіп, заман көшінен озық түсетін, тәрбиелі де білімді азаматтар өсіріп шығаруда талмай еңбек ете береміз дейді ұстаздар қауымы.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК