» » Қоян жылы құт па, жұт па?

Қоян жылы құт па, жұт па?

qarmaqshy-tany.kz ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ ДЕП, БАРЫС ЖЫЛЫНДА БАРЫМЫЗДЫ ҚАЗАНҒА САЛДЫҚ. ЕЛ ЕСІНДЕ ЖЫЛ БАСЫНДА БАСТАЛҒАН ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ ЕСТЕН КЕТПЕСТЕЙ ДАҚ БОЛЫП ҚАЛДЫ. ОДАН БӨЛЕК, ТОСЫННАН КЕЛГЕН АПАТТАР, ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ЕЛІМІЗДІҢ ЭКОНОМИКАСЫНА ЕДӘУІР ӘСЕРІН ТИГІЗДІ. ОСЫЛАЙША БАРЫС ЖЫЛЫ ЖҰРТ ЕСІНДЕ КҮТПЕГЕН ЖАҚСЫ ДА ЖАЙСЫЗ ЖАҢАЛЫҚТАРМЕН ЕСТЕ САҚТАЛДЫ. АЛ ЕНДІ ҚОЯН ЖЫЛЫНДА ҚОРЫМЫЗДА НЕ ҚАЛДЫ? ЖҰРТТА БҰЛ ЖЫЛДАН КҮТЕР ҚАНШАЛЫҚТЫ ҮМІТ БАР, ҚОЯН ЖЫЛЫНДА НЕ КҮТІП ТҰР? ОЛ ЖАҒЫ ӘЗІРГЕ БЕЙМӘЛІМ. ДЕГЕНМЕН МҰСЫЛМАН ПЕНДЕСІНІҢ АЛДАҒЫ КҮННЕН ЖАҚСЫЛЫҚ КҮТЕТІНІ СӨЗСІЗ.
Қоян – жаратылысы ерекше, сүйкімді әрі нәзік жануар. Аңыз әңгімелерде Ұлы Жаратушы оны ерекше хикметпен ең соңынан жаратыпты. Он екі мүшесін қоянға дейін жаралған жан-жануарлардан алады. Мәселен, түйеден ернін, есектен құлағын, ешкіден құйрығын, иттен аяғын, осылайша әр жануардан мүшесін құрапты. Ал жүрегі мен бауырына келгенде Құдай қоянға «жүрек пен бауырды басқалардан өзің сұрап ал» депті. Қоян қанша жалынса да ешкім оған жүрегі мен бауырын бермепті. Ұлық Жаратушы қоянның қиналғанын көріп оның жүрегін судан, бауырын тастан жаратады ғой. Содан бастап жүрегі судан біткесін ол сужүрек қорқақ болыпты. Өзінің көлеңкесінен қорқып, қыбырлағаннан өмірі қашумен өтеді екен. Ал бауыры тастан болғасын көжектеріне мейірімсіз, тасбауыр болыпты. Ол басқа жануарлардай баласын асырамайды. Үш күннен соң «қанжығада көрісейік» деп тастап кетеді екен. Міне, туысына жаны ашымайтын адамды тас-бауыр, қорқақ адамды қоянжүрек деп айтатыны осы оқиғаға орай шықса керек.
«Қоян жылы туған адамдардың мінезі қандай?» деген сауалға мамандар әдетте олардың барлығы ақ пейілді, сабырлы және мейірімді адамдар дейді. Жұмыс пен қарым-қатынас жағдайында қояндардың жауапкершілігі өте мол, олар төзімді және мейірбан боп келеді-мыс. Өзгелерге құпия әрі тұйық адам болып көрінуі мүмкін, ал өз жақындарына тым жомарт, жаны нәзік. Жаңадан танысқан адамдармен тез тіл табысады, пайдалы байланыс орнатуға икемі бар және бәрімен келісімге келе алады. Шығыс елдерінің таным-түсінігінде қоян адамға сәттілік алып келеді, сондықтан бастаған ісі берекелі болады деп топшылайды.
Иә, қоян табиғатынан қорқақ жануар болғанымен мінезі жайлы, еңбекқор, жүйрік саналады. Дегенмен кезінде қазақ халқы қоянды жайлы жыл қатарына қоса бермеген. Себебі тарихта бұл жылдары ел ауыр кезеңді бастан кешірген. Мысалы 1723 жылы халық Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама заманын өткерсе, 1867 жылы "жалпақ қоян жұты", 1879 жыл "үлкен қоян жұты", 1891 жыл "кіші қоян жұты" деп танылған. Жаңағы жұттарда қыс қатты болып, қалың қар жауып, мал қысырап қалған деседі. Сонымен қатар, қазақтың байырғы есепшілерінің тарихта қалған жылнамалық ауа райын болжау есептерінде биылғы қоян жылы қаңтар, ақпан айларының ортасынан бастап солтүстік жақтан қатты боран болуы мүмкін десе, оңтүстік жақ бірде ысып, бірде жылып тұрады деп болжам жасауда. Ал астрологтар осы жылды үй салуға, жылжымайтын мүлік сатып алуға өте қолайлы жыл дейді. Жалпы қоян жылында қолға алған жаңа іс, жаңа білім нәтижелі болмақ. Одан бөлек, биылғы жыл санын – 7 деп белгілейді. 7 саны – бұл инновация. Жасанды интеллект, IT-технология дамитын жыл.
Жаратқан құдай жан-жануарлардың ішінде қоянды арамға емес, адалға жатқызады. Өйткені ол шөп жейді, еті таза. Жесең азық, кисең киім. Әлгі айтқан болжамдардың барлығы Алланың қалауымен, әрине. Оның әмірімен болатын табиғаттың мезгілдері, құбылыстары, тосын жағдайлар қоян жылына қатыссыз-ақ айналып келіп отырады. Әйтсе де дана халқымыз көрген түсті де, кірген жылды да «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп жақсылыққа балаған. Сондықтан қоян жылы жақсылыққа толы болғай.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
08 қаңтар 2023 ж. 672 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 234

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 337

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930