» » Сергіткіш сусын сергелдеңге себеп

Сергіткіш сусын сергелдеңге себеп

qarmaqshy-tany.kz Бүгінде шөлдегеннің бәрі дүкеннен су емес, энергетикалық сусын алатын болған. Көшеге шықсаңыз, кез келгеннің қолынан көресіз. Жарнамасы жер жарып, емін-еркін сатылуда. Күш беретін сергіткіш сусындарға мектеп оқушыларынан бастап, естияр жасқа жеткен ересектер де құмар. Алайда мұндай сусындардың адам ағзасына зиян екенін көпшілік елей бермейтіндей. Сусынның зиянына көзі жеткен кейбір елдер энергетикалық өнімді сатуға тыйым салып үлгерген. Ал статистика бойынша қазақстандықтар күніне орта есеппен 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді екен. Шын мәнісінде бұл шөлді басып, сергектік сыйлай ма? Әлде сергимін деп сергелдеңге түскендердің саны көп пе? Мұның арты қайда апарып соғары белгісіз? Саралап көрсек.
ЭНЕРГЕТИК – ЭНЕРГИЯ ҚОЗДЫРУШЫ ҒАНА
Қазіргі таңда gorilla, flаsh, dizzy, red bul, monster – көп тараған энергетикалық сусындардың қатарында. Жұрт арасында «шөлдесек – шөлді басады, ұйқы келсе – сергітеді» немесе «энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді» деген жаңсақ түсінік қалыптасқан. Сондықтан да жұмыстан шаршап, күш жинағысы келген кез келген адам сергіткіш сусынды сіміріп жатады. Алайда, дәрігерлердің пікірінше, сусында ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушысы, яғни сергіткіш сусын ішкен адам өз энергия қорын пайдаланады. Сусын құрамындағы кофеиндік заттар адам бойындағы бір тәулікке жететін қуат мөлшерін 2-3 сағаттың ішінде жұмылдырып, адамның сол сәттегі белсенділігін қамтамасыз етеді. Одан кейінгі тәуліктің басқа уақытында керісінше, депрессияға, зорығуға дейін алып келеді. Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында үлкен мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдың дірілдеуіне себеп болатын көрінеді.
– Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген бос сөз. Сусында ешқандай энергия жоқ. Тек энергия қоздырушысы ғана. Түсінікті етіп айтсам, бойымыздағы энергия қорын өзіміз пайдаланамыз. Яғни, энергияны өзімізден қарызға ала тұру деген сөз. Ал, сол қарызды бүгін болмаса да ертең қайтаратыныңызды ойлағаныңыз абзал. Күн өте ұйқының бұзылуына, жүйкенің тозуына әкеліп соғады. Адам кофеинге тез әуестенеді. Соның салдарынан уақыт өте сусынға тәуелді болып қалады, – дейді дәрігерлер.
ТӘУЕЛДІЛІК НЕГЕ ӘКЕЛІП СОҒАДЫ?
Көшеге шықсақ, аталған сусындарды кез келгеннің қолынан көреміз. Жастар да, ересектер де, тіпті мектеп оқушылары да осыбір «сиқырлы сусынға» құмар-ақ. Ол емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, жұмысын уақытында тапсырып үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекордтарға ұмтылған спортшыларға, шаршаған жүргізушілер мен түнгі клубта қыдыруды ұнататындарға нағыз құтқарушы болады-мыс.
Ал шын мәнінде бапкерлер жаттығудан кейін әл жинау үшін энергетиктерді ішуге үзілді-кесілді қарсылық білдіруде. Себебі, жаттығу барысында адам ағзасы көп сұйықтық жоғалтады. Сондай-ақ, сусындарды ішімдікпен қатар ішуге болмайды. Кофеин қан қысымын көтерсе, ішімдік әсерін одан сайын арттырады. Нәтижесінде, гипертониялық кризге шалдығуыңыз әбден мүмкін.
– Өз басым энергетикалық сусындарды жиі ішемін. Жұмысым шығармашылықпен байланысты болғандықтан, кей уақытта түнімен жұмыс істеймін. Сонда ұйқымды ашып, сергу үшін жұмыс алдында тұтынамын. Организмде соған үйреніп алған секілді. Ішіп алсам, кәдімгідей бойым сергіп қалады. Денсаулыққа зиянын жақсы білемін. Бірақ, мөлшерден көп ішкен емеспін, – дейді кент тұрғыны (аты-жөнін жариялауды құп көрмеді).
Ортамызда ағзаға тигізер зиянын біліп тұрса да, одан бас тарта алмайтын жоғарыдағы пікір иесі секілді жандар жетерлік. Бұл энергетикалық сусынға деген тәуелділіктің, жаңа дерттің алғашқы бастауы. Бұл сусынды көп қолдану – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғады. Өйткені оның құрамына кофеиннен бөлек, таурин, инозит, амиын қышқылдары, рибоза секілді микроэлементтер кіреді.
Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, сергектік сусынды жиі пайдаланатын мектеп жасындағы балалардың бауыры 35 жас ар маскүнемдікпен бірдей болады екен. Бұл дегеніміз ағзаның ерте қартайып, өзге ағза мүшелерінің жұмысының тежелуіне әкеп соғады. Ішкі ағзалардың дұрыс жұмыс істемеуі – түрлі дерттің себебі.
Сондықтан энергетикалық сусындар ағзаны күш-қуатпен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Жоғарыда атап өткеніміздей, ол тек энергия қоздырушы ғана. Яғни біз өз бойымыздағы қорымызды пайдаланамыз, түптеп келгенде өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, ағзадағы өмір бойына жететін күш-қуатты тез арада сыртқа айдап шығаруға бағытталған сусын оны сарқа тауысып, әлсіздікке ұшыратады.
СУСЫННАН СЕКЕМ АЛҒАН
Жалпы мұндай сергіткіш сусындарды XX ғасырдың 60-жылдары Вьетнамда соғысқан америкалық жауынгерлердің моральдық және әскери рухын ынталандыру үшін АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі ойлап тапқан. Бірақ бұл сусындарды күнде литрлеп ішкен әскерилердің арасында бас ауруы, ми, бауыр ісігі күрт көбейген. Жауынгерлерді сергітудің орнына сергелдеңге түсірген сусынды кейін пайдалануға тыйым салыпты. Ал тарихта болған осындай келеңсіз оқиғадан сабақ алудың орнына, энергетикалық сусынды себепсіз ішіп, зардабын шеккен жандар аз емес. Олардың кейбірі энергетикалық сусындардан түбегейлі бас тартса да, азабын әлі тартып жүр.
Шынында энергетикалық сусынды үнемі ішетін адамның бойында сусынға деген тәуелділік пайда болады. Бұл уақыт өте келе адам ағзасындағы түрлі ауруды тудыруы мүмкін. Айталық, энергетикалық сусындарды пайдалануға байланысты шетелде бірнеше сот болған. Ирландиялық бір спортшы үш құты энергетикалық сусын ішкеннен кейін табан астында баскетбол алаңында жан тапсырыпты. Ал Швецияда энергетикалық сусын мен алкогольді араластырып пайдаланған үш адам би алаңында көз жұмған. Тіпті ресейлік мамандар да энергетикалық сусындар жастардың арасында инсульттің көбеюіне ықпал етіп отырғанын айтып, дабыл қағады. Көршілес Ресей елінде энергетикалық сусын тек кәмелеттік жасқа толған азаматтарға сатылса, Қытайда құрамында тыйым салынған заттар болуы мүмкін деген пайымдаумен дүкен сөрелерінен алынып тасталған. Ал Дания, Франция, Норвегия елдері бұл сусындарды тек дәріханаларда сатуға рұқсат еткен.
Ал Калифорния ғалымдары энергетикалық сусындарды ең зиянды өнім деп бағалады. Америкалық кардиологтар энергетикалық сусындардың зиян екенін дәлелдеген. Олар зерттеу үшін Трэвис әуебазасының әскери қызметкерлеріне тәжірибе жасаған. Қызметкерлердің 75 пайызы энергетикалық сусындар ішкен. Кардиологтар зерттеуге қатысқан еріктілерді екі топқа бөліп, біріншісіне тек энергетикалық сусындар, екіншісіне құрамында кофеин бар сусын берген. Нәтижесінде энергетикалық сусын ішкендерде QT интервалының 10 миллисекундқа ұзарғаны байқалған. Бұл жүрек қағысының аралығындағы үзіліс. Осы үзіліс не тым қысқа, не тым ұзақ болса жүрек жұмысы бұзылады. Бұл адам өміріне қауіп төндіреді. Осылайша әлем елдері энергетикалық сусыннан бас тартып отыр. Енді бізге қайтпек керек? Оның қауіпті екенін біле тұра, оған неге тыйым сала алмай отырмыз?
Бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын мәжілісте де көтерілді. Экс-депутат Сәкен Қаныбеков энергетикалық сусындардың құрамында зиянды заттардың барын, ол заттар жасөспірімдердің психологиясына кері әсер етіп, жүйке жүйесін құртатынын қадап айтқан. Сондықтан ол сусындарды сатуға тыйым салу қажет деп санаған.
– Дәрігерлер өскелең ұрпақтың энергетикалық сусындарға тәуелділігін, мұндай сусындардың тосқауылсыз сатылатынын, жарнаманың көбейгенін айтып дабыл қағып жүр. Өйткені аталған сусын түрлері психотроптық зат санатында. Адамдардың жүйке жүйесін бұзады. Құқық қорғау органдары да энергетикалық сусынды шамадан тыс тұтынатын жастар темекі мен есірткіге әуестеніп, бұзақылыққа жиі барады дегенді айтады. Сондықтан жасөспірімдер арасында осы сусындарды сатуға тыйым салу қажеттігін, сатылған жағдайда әкімшілік жаза тағайындау керектігін ұсынамын, – деген еді Сәкен Қаныбеков.
Алайда баяғы жартас, сол жартас күйінде қалды. Жыл сайын мыңдаған қазақстандық энергетикалық сусынның зардабын тартып жатса да, тиісті мекемелер еш шара қолданбай келеді.
Түйін
Қарап отырсақ, 250 мл ғана болатын кішкене ғана құты толы сусынның бағасы да – арзан емес. Қалтаңызды қағады. Денім сау болсын десеңіз, энергетикалық сусыннан бас тартқан абзал. Бойға күш те, қуат та беретін мұндай сусындар емес – қара су. Сондықтан қара судың қадірін біліңіз. Дүкеннен сергіткіш сусынмен бірге өзіңізге дерт алып жатқаныңызды ұмытпағаныңыз жөн. Пайдасынан гөрі зияны басымырақ сусын туралы біршама мәлімет ұсындық. Сондықтан, оны ішу, не ішпеу – өз еркіңізде.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
03 қаңтар 2023 ж. 722 1

Ренат от 10 қаңтар 2023 23:30
Даулы мақала....растаусыз тым көп сөздер

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 374

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 454

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930