Әсері мол әйелдер форумы
qarmaqshy-tany.kz Өткен аптада «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы және партияның облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» атты форум өтті.
Аталмыш форумға 200-ден аса азаматша жиналды. Қоғамдағы әйелдердің рөлін талқылау және жүйелік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеу мақсатында ұйымдастырылған форумға облысқа қарасты аудандардың ауылдық елді мекендерінде тұратын әйелдер, үй шаруасындағы және көпбалалы аналар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, бюджеттік сала қызметкерлері мен кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері қатысты.
Форумға «ORDA FM» радиосының директоры Мейрамгүл Мәдәлі модераторлық жасады.
Нәзікжандылармен басқосуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Мақпал Тәжмағамбетова іс-шараның маңыздылығына ден қойып, әйелдердің ел дамуында алатын ерекше орындары туралы тоқталып өтті.
Пленарлық отырыс барысында «Мансап» жеке мектебінің құрылтайшысы, қазақстандық үздіксіз білім беру ассоциациясының Қызылорда филиалы директоры, «Бастау» бағдарламасының бизнес-тренері Наталья Мишукова әйелдер кәсіпкерлігін қолдау түрлері туралы айтса, Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылынан кәсіпкер Ләззат Пәрменқұлова ауылда мал шаруашылығын дамыту жайын баяндады. Мұнан соң «Қылыш» ШҚ төрағасы Рахила Смаева ауыл шаруашылығын дамыту туралы, облыстық перинаталдық орталық бас дәрігерінің стратегиялық даму және ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар бойынша орынбасары Гүлнар Жұмашева қалың көпшілікке «Әйелдер миссиясы: бірге салауатты бүгініміз бен болашағымыз үшін» тақырыбын сөз етті. Сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы Мұрат Сарманов қаржылық сауаттылық, отбасы бюджетін жоспарлаудың негізі туралы айтса, комбайнер Гүлмира Медешова, блогер Ақтолқын Серікбай, қолөнер шебері Үржамал Дүйсембиева жетістікке жету жайында түрлі тақырыптарда әңгіме өрбітті.
Іс-шараның барысында әр салада табысты еңбек етіп жүрген әйелдердің өмірінен алынған түрлі бейнеролик көрсетіліп, қыз-келіншектерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Мұнан соң жиын қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша сұрақ-жауап айдарымен үйлесім тапты. Форум қолөнер шеберлерінің туындыларынан құралған дефилемен қорытындыланды.
Бұл отырыс заманның сұранысына сай қол қусырып отырмай іс бастаймын дегенге кәсіптің түр-түрі ұсынылған, бағыт-бағдар берілген маңызды жиын болды. Ең бастысы – форумға қатысқан әрбір әйел өзіне өмірлік азық ала білді.
Әйелдердің бойына сенім ұялатқан, жарқын жолдарды ұсына білген осындай форумдар жалғасын тапса нұр үстіне нұр болмақ. Келесі форумда кәсіпкер әйел қатарын толықтырған қызылордалықтардың қатары артатынына сенім мол.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ