Ed-Tech индустриясындағы қарым қалай?
qarmaqshy-tany.kz Соник, Сега, Денди, Тетрис. Бұл біздің бала күнгі қолданған «Айпадымыз». Бұлар бір көшедегі бір үйде ғана болатын. Ауылдың қара домалақтары жиналып, таласып ойнап, күн ұясына батқанда тарқайтын. Ал, мектепке жаңа компьютер келсе мұғалімдердің өзі балаша қуанатын. «Интерактивті тақта келді» дегенде «ол не екен?» деп таңданатынбыз. Тіпті әрбір үйде шот есептеуіш ілініп тұратын. Қазір қалтафон функциясынан кез келген керегіңді қиналмай табасыҢ. Қысқасы, біз білетін тінтуірді сонау 1968 жылы Дуглас Энгельбарт есімді өнертапқыш ойлап тапқан. Сол кездің өзінде ол алақандай тінтуір жайлы айтып қана қоймай, терезе интерфейсін, гипермәтін, видеоконференция, мәтіндік редакторлар хақында презентация жасап, қорғап шыққан екен. Алайда, өнертапқыштың ұсынысы технологиялық индустрияға бірден ене қоймады. Жаңа идея ойлап, оны ұсыну оңай болса, дамыту әлдеқайда қиын. Бүгінгі қаузайтын тақырыбымыз білім беру саласындағы Ed-Tech индустриясы жайында болмақ. Оның әлемде және елдегі қарқыны қандай? Білім беру саласына жаңа технологиялар енгізіп, одан қалай оң нәтиже алуға болады?
Одри Уотерстің «Білім беру технологияларының құбыжықтары» деген кітабынан хабарыңыз бар ма? Бұл заманауи технологияларды білім саласында қолдануға септігін тигізетін бірден-бір құрал. Кітаптың жалпы мазмұны мынадай: «Мектепке iPad әкелу қиын емес, қиыны – оның көмегімен бірдеңе істей алу. Білім беру технологияларының атасы деп Алан Кейді айтып жүрміз. Ол балаларға арнап Dynabook компьютерін ойлап тапқан. 1972 жылы Алан Кей «Барлық балаға арналған дербес компьютер» дейтін манифесін жариялады. Кей оны қалай көргенін айтайық па? Сипаттамасы шамамен мынадай: көлемі қазіргі ноутбуктен кішірек, салмағы 2 келіден аспайтын, желімен байланыстырылған. Бағасы 500 доллардан арзан. 1972 жылы (iPad-тың шығуынан 40 жыл бұрын) Алан «Біздің технологиялар барлық бала мен ата-анаға Dynabook-ті қалаған жерінде қолдануға мүмкіндік береді» деген екен. Білім беру технологияларының тарихы да, компьютерлік технологиялар тарихы сияқты тамыры тереңге жайылған. Бұл екі саланың бір-бірімен тығыз байланысты болуы – технологияға құрылуында. Екеуі де білім беру мекемелерінде жасалатын ғылыми-зерттеу жұмыстарына тәуелді».
Технологиялық индустрия мен білім беру секторының ерекшеліктері әр түрлі. Мәселен, технологиялық компаниялар жаңа өзгерістерге дайын болса, білім беру орындары қағазбастылыққа тұралап қалған. Уақыт өткен сайын бұрын-соңды миға қонымсыз көп дүниені еріксіз қабылдайтын болдық. Алдыңғы ғасыр адамы көк сиямен ақ параққа жазғанына қуанса, бір ғасырдан соң калькулятор пайда болды. Ал, бүгінгі түрлі смартфонның өмірімізге қалай еніп кеткенін де аңғармай қалдық.
Батыстағы басымдық БАҒАМЫ
Әлемдегі жағдай әр түрлі. Бірі – алдыға жылжып кетсе, бірі – енді даму үстінде. Былтырғы білім беру саласына бөлінген қаражаттың басым бөлігі америкалық стартаптарға берілген. Оны жеке білім беру несиелері, онлайн-білім беру, емтиханға дайындық, сыни ойлау курстары, түрлі біліктер үйретуге бағыттаған. 2011-2016 жылдары АҚШ-та жалпы әлемдік көрсеткіштің 67 пайызын құрайтын 1300 келісім жасалған екен. Яғни, инвестор мен стартаптар арасындағы бірлескен жұмыстар жүргізілген. Қазіргі таңда Udemy, Udacity және PluralSight сынды онлайн білім беру платформаларының бағасы 1 миллиард долларға бағаланады. Бұл салада Ұлыбритания да бар. Ed-Tech UK мәліметтері бойынша, бүгінде елде 1200-ге жуық компания белгілі. Еуропадағы барлық инвестицияның 34 пайызы Ұлыбританияға тиесілі. Жыл сайын Ed-Tech-ке 300 миллион фунт стерлинг жұмсалады. Мәселен, танымал білім беру қосымшаларының бірі – Kahoot. Бір айда қолданушылар саны 50 миллионға жетеді деседі. Осының арқасында компания 20 миллион фунт стерлинг табыс тапқан екен.
Өзге елдердегі өзгешелік
Бірі алдыңғы қатарлы көшбасшы болса, әупірімдеп қадам басып келе жатқандары да бар. Мәселен, Африкадағы онлайн білім беру нарығы 2013 жылы 355 миллион доллар болған. Себеп – халықтың тек 29 пайызына ғана интернет қолжетімді. Сонымен қатар, 128 миллион баланың 17 миллионы мүлдем мектепке бармайды екен. Қалған 37 миллионы бала еңбегі мәселесіне байланысты бастауыш білімді де ала алмайтын көрінеді. Алайда, мобайл білім беруге күш салуға болады. Себебі, телефон нарығы Африкада қарқынды өсіп келеді. Айталық, балаларды SMS арқылы оқытатын Rethink Education деген мобайл білім беру платформасы жұмыс істейді. Посткеңестік елдер ішінде басты драйвер – Ресей. Білім беру нарығы 2016 жылы 29 миллиард доллар болса, оның 1,1 пайызы немесе 334 миллион доллары – онлайн оқыту. 2021 жылға қарай 2,6 пайызға көбейген екен.
Қазақстандағы халі қандай?
Инвестиция көлеміне қатысты нақты цифрлар айту қиын. Көлемі бойынша жекелеген кейсті көз алдыңызға келтіріп көрелік. Халықаралық қаржыландыруға қол жеткізген жобалардың ішінде Robo Wunderkind бар. Бастапқыда 10 мың доллар көлемінде «көмек» алған. Осылайша, 2015 жылы команда Kickstarter-ға шығып, 246,6 мың доллар инвестицияға қол жеткізген.
Бүгінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды білім беру процесіне енгізу мақсатында мемлекеттік бағдарламалар қолға алынуда. Мұның барлығы да ғылым мен білімнің дамуына бағытталған. 2019 жылда аталған технологияларды білім беру үдерісіне 90 пайыз араластыру болған. «Цифрлы Қазақстан» нысаны осыны көздеген.
Айнұр ӘЛИ