» » Қыста балық аулаудың қызығы мен шыжығы

Қыста балық аулаудың қызығы мен шыжығы

qarmaqshy-tany.kz Балық аулап жүрсіз бе? Қыста қайдан балық аулайды? Дені дұрыс адам қымтанып, жылы жерден шықпайды ғой. Әдеттегі жауап осы. Алайда, балық аулаудың көкесі қыста екен. Дала ақ көрпеге оранып, су біткеннің бетін құрсау басқанда «балық аулау дегенде ішер асын жерге» қоятын ағайынның ерекше қарекеті басталады. Бастысы жылы әрі су өткізбейтін киім, қысқы балық аулауға қажетті жабдық болса жетіп жатыр. Бірақ, «қармақ салдым қап балық, жемтігіме шап балық» деп кез келген жерге қармақ салуға да болмайды. Оған да еп керек, айла қажет.
Дариядан өтіп, Жосалы кентіне жақындаған сәтте Сарыөзек көлшігінің бетінде топырлаған жұрт жүреді. Бүрсең қаққан оларды кейбіреулер аяйды, кейбіреулер қызығады. Тап солай. Қыс мезгілінде қалада жүру бір бөлек, далада жүру бір бөлек дүние. Қала ішінде ғимараттар желден пана болады, далалықта мұндай пана табу қиын. Ал, мұз үстінде жел дегенің екі есе күшейеді. Мұны қайдан білді дейсіз ғой. Мұз үстіндегі балықшылардың бір күндік тіршілігін көзбен көріп, жүрекпен сезгендегі жай ғой. Пәлсапа сөзден әрі кетіп, турасын айтқанда, бір күнімізді қысқы балықшылардың қасында өткіздік.
Кез келген нәрсеге бір себеп түрткі. Ол себептің жайын айтсақ, әдеттегідей сенбінің таңында қолым қалт етіп, үйдегі кем-құтықты түзей бастадым. Жұмысбастылыққа салынып, үй шаруасына көптен көңіл бөлмей кеткенім соншалық, қол жуғыштың суағарын жөндеп қойған едім, келіншегім зыр жүгіріп анасын бір, мынасын бір қаузап, үй жабдықтарының жайын айта бастады. Есіктің тұтқасы, шәйнектің бауы, электр жарығының құрылғысы... Содан не керек, сырт киімді үстіме ілдім де, базарға тартып отырдым. Тұрмыстық майда-шүйдені базар ішінен аралап сарсаңға түскеннен, ұсақ-түйек сататын дүкеннен сатып алған оңай. Мұндай дүкенде жаныңызға не қажет бәрі бар. Сондай мақсатпен аудан орталығындағы вокзал жанынан орын тепкен дүкенге бас сұққаным сол еді, даурығысқан жұртқа тап болдым. Ойым, демалыс күндері келген соң, жұрт оны-мұнысын түгендеп жүрген шығар дегенмін. Бақсақ, бақа екен деген, бәрінің сұрауы қармақ. Жай қармақ емес, қысқы балық аулауға негізделген қармақ. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Мұнда бас сұққан еркек біткен қармақ алуда. Пәлендей қымбат дүние емес шығар дегем, сөйтсем, сұраныс көп болған соң ба, бағасы әжептәуір дүние екен. Түріне қарасаңыз, бой екі қарыс, белінде айналмасы бар, ұш пен зілтемірі шап-шағын ойыншық іспетті. Мұнысы таза қытайдікі деп ойлағам, жоқ оның да түр-түрі болады екен. Журналистің іздегені тақырып қой, менің тақырыбым – қысқы балық аулау.
Шортан іздесең, Сарыөзекке кел
Нысана дәлденген соң, редакция шопыры әрі жолбастаушы Азат Әділбековке жөнді айтып, қысқы балық аулаушылардың «отанына» тартып отырдық. Діттеген жер аса қашық емес, Жосалы кентінің кіреберісінде. Кезінде «Самара-Шымкент» тас жолы аудан орталығын жанай өтуші еді. Жүргіншілер, Батыс Қытай-Батыс Еуропа дәлізі салынғалы Жосалы кентін сырт айналып кетеді. Ал, кентке айналма жол арқылы кіреді. Сол айналма жол мен Сырдарияны қиып тұрған көпір арасында Сарыөзек деген көлшік жатыр. Көлшік деуге келмес, аумағы едәуір көл. Қыс айларында кент балықшылары мен Байқоңыр қаласының балыққұмарлары осында жиналады. Әсіресе, сенбі-жексенбі күндері көл бетінде балықшылар қаптайды. Бастысы – дорба-дорба балық аулау емес, түскен балыққа қанағат қылып, бірер қуырмашты олжалап қайту.
Психолог мамандар балық аулаудың, оның ішінде қармақпен аулаудың пайдасы зорын айтады. Әуелі адам тынығады, содан кейін шыдамға үйреніп, сабырлылыққа бой алдырады, сонан соң ой қорытады. Қызықты қараңыз, ептілікке де бейімдейді. Мұнысы рас ау. Табиғатқа шыққан адам міндетті тынығады. Қаланың қауырт тіршілігін ұмытады. Ал, балық аулауда шыдамсыздыққа бой алдыру жарамайды, сабырды серік етіп үнсіз отырады. Үнсіз адамның миында ой қорытылады. Балықты ұстау үшін міндетті түрде ептілік керек.
Сарыөзектің бойына жағалай көлік тізіліп тұр. Қараң-құраң халық көп. Дені орыс. Қазекем, қармақпен балық аулағаннан гөрі, ау тартып, көлемді су тіршілігін ұстағанды ұнатады. Ал, «орекеңдер» мұндай балық аулауға қаммен келеді. Арнайы палатка құрады, тамағын, сусынын, көп жағдайда арақ-шарабын арқалап ке­леді. Көл бетінде аңызақ желден құтқаратын тек палатка. Той атқаруға арналған сала құлаш палатка емес, аң аулауға, балық ұстауға негізделген қос іспетті. Сарыөзектің бетінде мұндай палатканың жиырма шақтысы құрылған. Қысқы балықтың қамын білмекке көл бетімен жылыс­тап жүріп, бірінші кісіге жолықтық. Өзіміздің қандасымыз қора-қопсысындағы шаруасын тындырған соң осында келіпті. Кент тұрғыны Талғаттың (атын шын не өтірік айтқанын нақты білмедік, жөн сұрағанымызда өзін солай таныстырды) екі қармағы бар екен. Нәпақа табуды ойлап жүрген жоқ. Балыққа аңсары ауған, көршісінің қармағын сұрап алып, осында келген. Жаман емес, бірнеше шортан мен бір сазан қапқа салып қойыпты.
– Қорадағы сауын сиырымды айдап далаға шығарамын. Сол кезде көл бетінде құжынаған балықшыларды көремін. Бүгін шыдамадым, түлікті өріске айдап жібердім де осында келдім. Жаман емес, кешке екі балам мен әйеліме дәм татырар балық бар. Әне бір орыстар әр сенбі сайын осында келеді. Байқасам, балықты «қырып» тастапты. Бізде олардікіндей жабдық жоқ. Қолда барға бес-алты балық түсті. Сиырым өрістен қайтқанда мен де қайтамын. Келер апта тағы келетін, – деді Талғат.
Талғат айтса айтқандай, оған жақын орналасқан байқоңырлықтар болып шықты. Коля мен Тимур палаткаға жақындағанда басын қылтитты. Палатка жанында шағын газ тұр, бетінде пішіні қызық бір ыдысты қойған. Онда балық қайнап жатыр. Арам ой келді, балық сорпасын ішеміз. Әлгі екеумен сауқаттастық. Тимур сөзге жоқ, есесіне Коля тәп-тәуір әңгіме дүкен құрады екен. Екеуі бұл істі хобби көреді. Айтпақшы, палатка іші мұнтаздай таза, әрі жып-жылы екен. Бастысы жел өткізбейді. Сондай матадан тігілген. Екеуі бас-басына үш қармақтан ұстап отыр.
– Бұл – хобби. Әр демалыс сайын осында келеміз. Кейде көп балық ұстаймыз. Кейде аз. Бас­тысы досымыз екеуміз қауқылдасып қайтамыз. Бес күн жұмыстан соң осында бүйрегіміз тартып тұрады. Қармақшы ауылы (Абыла) жақта Сөркөл деген жерге барғанбыз. Онда ине шаншар жер жоқ. Шаршы метр үшін таласып қаласың. Біз бірер жылдан бері осы жерден табылып жүрміз. Амалсыз осында қайтып оралдық. Бастысы уақытты қызық өткізсек болды, – деді Коля (толық есімін бұл да айтпады).
Биыл балық Соркөлде көп
Құлаққа жеткен әңгіме тыныш таптыра ма? Жолбастаушым екеуміз тартып Соркөлге келдік. Айтулы жер Абыла елді мекенінен бірер шақырым қашықтықта орналасқан. «Қармақшы-Қызылтам-Жалағаш» тас жолынан Абыла маңынан түсіп, далалыққа беттесеңіз, алдыңыздан Соркөл шығады. Аумағы онша үлкен емес көлшік беті қаптаған халық. Мұнда небір қымбат көліктер тұр. Жол талғамайтын көліктердің «көкесі» де бар. Бір жарым ай бұрын Байқоңырдың жігіттері балықтың мол жерін іздеп осында келіпті. Өйткені, ала жаздай қармақшылықтар осы маңнан аумен балық аулап, біраз «табысты» болған көрінеді. Жазда болған балық, қыста да болады деп келген болса керек. Олар олжалы оралған. Ал, орайлы жарнамалау, жұртқа айту арқылы бұл жердің даңқы арғысы Қызылорда қаласы, бергісі Жалағаш, Байқоңыр маңына тараған. Содан бері көл беті қызған тіршілік.
Алғашқы жолыққандардың бірі – Қармақшы ауылының тумасы бірер аптадан бері араға күн салып, кейде күнде осы маңнан табылады. Отбасын балыққа жарытпаса да, күнделікті қуырмашын алып жүр. Оның айтуынша, ауылдағы ағайын мұндай балық аулауға қызықпайды. Оларға аумен балық аулау ғана қажет.
– Жұмыстан шығып қалдым. Балалар жұмыс істеп жүр. Менің бар тірлігім үйдегі төрт түлікке қарау. Арасында одан да шаршайсың. Осында ағылған көліктерді жиі көремін. Бірде қызықтап осында келдім. Содан не керек, орыстар ойған ойықтан балық аулауға көштім. Ең көп балық алған кезімде үйге мақтанышпен бардым. Қазір балық азайды. Соркөлдің суы осыдан екі жыл бұрын дария суы тасып толысты. Содан кейін мұнда су құйған жоқ. Табаны аппақ сор. Қазір балыққа жейтін дым қалмады. Табанындағы шылауды тауысты ғой. Ортасына ау да құрып көрді ауылдағылар. Дым түспеді. Қазір балық жиекте. Аш қой, су түбіндегі «корягаларды» (жыңғыл бұталары, тамыры) паналап жүр. Бірыңғай сазан аулаудамыз. Мұнда жер-жерден келуде. Әуеліде қап-қап балық аулады орыс­тар. Хабар тез тараған ғой, – дейді.
Түс ауа жел күшейді. Бетті қарып барады. Көл беті ашық, паналайтын ықтасын жоқтығына ешкім қарап жатқан жоқ. Мұздың қалыңдығы 40-45 сантиметр. Бұл көлікті көтере ме, жоқ па, оған қарап жатқан ешкім жоқ. Аса ауыр көліктерді иелері жағаға қойған. Ал, шағын көліктерді көлдің бетімен жүргізіп жүр талайлар. Мұндағысы көлікті жел бетке қойып балық аулау. Солардың бірі – Ерлік Бермішев ақсақал. Мұнда бала-шағасымен келген. Алғашында мұндағы балық туралы балаларынан естіпті. балалар болса ватсап желісіндегі видеодан көрген. Аудан орталығынан қашық емес жерден мұнша балық шығып жатқан соң демалыс күнін балық аулауға арнапты.
– Бұлай балық аулау атадан қалған кәсіп емес қой. Бір тамаша демалыс болды негізі. Балықты опырып аулап жатқанымыз жоқ. Есесіне балалармен емен-жарқын қауқылдасып отырмыз. Қыстың күні балық әлсірейді. Су да суық. Олардың қармақты қапқаны да қызық. Жарты метрлік кармақты әлсіз түртеді. Аңдысын аңдып, «көрінбейтін» балықты мұз астынан шығаруға да ептілік керек. Бірер қуырмаш балық алдық. Сазаны семіз-ақ. Көлдің балығы дәмді болады ғой, – деді Ерлік Бермішев.
Анадай жерде бала жүр. Қомша-қомша киінген. Не балық аулаумен, не басқамен шаруасы жоқ. Ашуланып жүр. Әңгімеге тарттық. Есімі – Константин. Таңертеңмен әкесіне ере келген ғой. Байқоңырдың көп қабатты үйінен ығыры шықса керек. Алғашында оған бәрі қызық болған. Көл бетінде бірер сағат өткен соң, бұл жақтан да ығыры шығыпты. Бар ойы үйге қайту. Ал, әкесі Виталик пен оның досы Дима балықтың қызығына түсіп алған. Олардың жанына жақындап, жөн сұрадық. Әдетте жұртшылық мұз астындағы балықтан орыстардың көп аулайтынын айтады. Әуелгі сұрақ сол болды. Сөйтсек, олар мұзды ойған соң аквариум балығының жемі гамарус (шаянның дернәсілі), мотыль (масаның дернәсілі) және дафнияны суға шашады екен. Балық біткен уылдырық жарғаннан кейін өмір бойы осы жәндіктерді қорек етеді ғой.
– Бұл жерге бірінші рет кеп тұрмыз. Димаға қаладағы ағасы осы жерді нұсқапты. Олар кешегі аптада келіп, жарты қап балық әкеткен екен. Біз де олжалымыз. Бір қызығы қазақтар балыққа қамсыз келеді. Қармақ пен жемтік болса жетіп жатыр. Ал, бізде ше? Арнайы дайындықпен келеміз. Жел күшейді. Ызғары өтіп барады. біздің шатырдан жел өтпейді. Сосын бірнеше жемтікпен келдік. Құдай қаласа бүгін балама котлет істеп беремін деді, – Виталик.
Сәл әңгімелескен соң Виталик пен Дима жинала бастады. Баласы мазаны алған. Амалсыз қайтып барады. Жүз шақты балық ұстапты. Жинап, қапқа салғанда, белуарына дейін жетті. Пақырларың шынымен балықты «қырыпты».
Қауіп жоқ деме, мұз үстінде
Мұз әзірге қалың. Алайда, балықшылар кейде қызық қуамыз деп жүріп, қауіпке бас тігеді. Әсіресе, мұз бетіне көлікпен шығу арқылы. Әрине, сақтық шараларын ескерту көбіне-көп төтенше жағдайлар бөліміне жүктелген. Олар да тынымсыз тіршілік үстінде. Біз балықшылармен тілдесіп жүргенімізде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Өмірбек Сақтабаев бұл маңға зер салып жүр екен. Жай жүрген жоқ, балықшылардың өміріне алаңдаулы. Себебі, балықшылар көл бетін алаңсыз тесіп тастаған. Мұз сондайда әлсіздік танытып, қауіпті жағдай туындауы мүмкін.
– Әдетте балықшылар біздің ескертпемізге елең қылмайды. Мұз қалың дегенмен, қауіп аяқ астын келеді. Әсіресе, ау құрып, ұстасқан мұзды әлсірету арқылы қауіп төндіреді өздеріне. Одан бөлек мұз бетіне от жағатынын қайтерсің. Әсіресе, жас жігіттер сондай қадамға барады. Ал, біздікі олардың өміріне төнер қауіптің алдын алу. Барлығына ескертіп, үнпарақ таратып шықтық, – деді Өмірбек Сақтабаев.
Қыста балық аулау – өзінше қызық. Біреулер оны – хобби көреді. Біреулер – көже-қатық табуға келген. Қалай дегенмен, демалыс күні күйбің тірлікті тастап, бір мезгіл далалыққа шыққанға не жетсін?!
Мағмар Мақсым.
02 желтоқсан 2022 ж. 324 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 379

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 458

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930