Киберспорт қайда апарады?
qarmaqshy-tany.kz Компьютер дегеннің біздің ауылға енді келген кезі. Ағаммен жағаласа отырып сол кездегі «хит» болған «Counter Strike 1.6» ойынын жарысып ойнаймыз. Серверге кіріп, жаңа адамдарымен араласамыз. Екі топқа бөлініп сайыс ұйымдастырамыз. Күні-түні ұйықтамай, ақыры сабақтан да кешеуілдеу байқалды. Ойынның адамды қызықтырып, өзіне тартатыны психикалық ауытқуға әкеледі екен. Дер кезінде компьютерден бас тартып, жан-жағыма қарай бастадым. Мұнан алған «минус» – босқа өткен уақытыммен қоса көз жанарымның дұрыс көрмеуі болса, оң әсері – бүгінде киберспорт елдегі спорт қатарына енді. Жалпы киберспорт деген не? Бұл қандай ойын?
Анау бір жылдары компьютер ойынынан бас алмай, күні-түні қозғалмай отырып ойнаған жап-жас жігіт қайтыс болып еді. Мұндай жағдай бірнеше рет тіркелді емес пе? Тіпті, ойын үшін өз әке-шешесін өлтіруге дайын тұратын балаларды көріп жағамызды ұстайтынбыз. Бірақ, бұрын босқа уақыт өткізген ойындар бүгінде ақша көзіне айналды. Киберспорттың бізге келгеніне де көп болған жоқ. Алайда, түрлі сайыс ұйымдастырылып, қазақ ойыншылары шетелден көрініп жүр. Орын алған әр командаға, жеке ойыншыға қаржылай сыйлық беріледі.
Киберспорт – компьютер ойындары арқылы өткізілетін топтық жарыс түрі. Оның тарихы 1997 жылы CPL-ның (The Cyberathlete Professional League) құрылуынан және Quake атты компьютер ойынынан турнир өткізуінен бастау алды. Жастар арасында кеңінен танылған «Dota 2», «Counter Strike GO», «Star Craft», «FIFA», «Mortal Kombat X», «Warface» секілді ойындар бүгінде киберспортта ойнатылады.
Жалпы, бұл ойын дүниежүзінде қарқынды дамып келе жатқан спорт түріне жатады. Ресей, Корея, Қытай секілді мемлекеттерде киберспортсмендерді оқытып шығаратын кафедралар ашылған. Мұнда студенттерді қабылдап, ойынға машықтандырады.
Біздікілер де озық технологиядан қалыс қалмауда. Киберспорт жанашырларының құрған «Qazaq Cybersport Federation» республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан қолдау мен ықыласқа бөленген болатын. Қазақстанда бұл спорт түрі ресмиленіп, талай жас компьютер додасында топ жарып жүр. Мәселен, тарихта алғаш рет қазақ командасы жаһандық киберспорт ойындарында жеңіске жетті. Қазақ еліне жеңіс әкелген ақырғы жекпе-жектің трансляциясын ғаламтор бойынша бүкіл әлемнің әр атырабынан бір мезгілде 1 миллион 864 мың 604 көрермен тамашалаған екен.
Қазақстандық Counter Strike ойыншылары тұңғыш рет әлемдегі беделді әрі «ежелгі» турнир «PGL Major Krakow» чемпионатының жеңімпаздары атанды. Бұл ретте, жаһандық жекпе-жекті дүниежүзіне таратқан HLTV шетелдік порталы мэйджордың ең құнды ойыншысы деп «AdreN» лақап атымен танылған Дәурен Қыстаубаевты таныды. Отандық Gambit Esports командасы финалда бразилиялық жаһанға танымал Immortals («өлмейтіндер») ұжымын 2:1 есебімен ұтып, 500 мың доллар көлеміндегі бас жүлдені қанжығалады. Сондай-ақ, Халықаралық олимпиада комитеті киберспортты олимпиадалық спорт түрі ретінде тану мәселесін қарауға алған. Сарапшылардың мәліметі бойынша, 2017 жылы киберспорт нарығының айналымы 655 миллион доллар болған, ал 2021 жылы оның айналымы 1,6 миллиард доллардан асады деген үміт бар.
Қазір не көп? Қалада болсын, ауылда болсын компьютерлік клубтар, яғни PS4 орталығы, новигаторлар көп. Ал, оған келген жастардың саны шексіз. Демалыста уақытын ойынмен өткізгісі келетіндерге мұнда 24 сағат бойы есік ашық. Иә, қалауын тапса, киберспортты кәсіпке, бизнес көзіне айналдыруға да болады. Енді компьютерлік ойындарға еліккен балалардың «кумирі» де табылды. Тек әлгіндегідей өз өміріне зиянын тигізіп алмаса болғаны.
Айнұр ӘЛИ