Түрленген туризм жаңа тыныс ашады
qarmaqshy-tany.kz Жұмыс пен қым-қуыт тірліктен шаршаған жұрт бір сәт тыныштық іздеп, таза ауада тыныстағысы келеді. Мұндайда бірі – шетел асса, енді бірі – отандық туризмнің дамуына үлес қосамын деп әуреленіп әлек. Отандық туризмнің бүгінгі жай-күйі қандай? Мамандар не айтады? Қазақстан да туристер ағылып келетін алып мемлекетке айнала ала ма? Бүгін біз осы және өзге де сұрақтарды саралап көрмекпіз.
Табиғат – жаратылыстың ғажап туындысы. Онда болып жатқан түрлі оқиғалар желісі, алуан түрге енетін әуе кеңісі, қызылды-жасылды түзілген ағаш жемістері бәрі-бәрі адам баласының таңдайын қағып, таңқалдыруымен келеді.
Қазақ жерінде көз сүйсінетін, табиғаты таңғажайып керемет жерлер жетерлік. Елімізде ауасы жанға дәру, суы емге шипа демалыс орындары да бар. Айталық, суы мың бір ауруға шипа Алакөл аймағы, көрікті Көлсай, шырайлы Шарын шатқалы, қарт Каспий, Баянауыл, Қарқаралы, Бурабай, Іле Алатауындағы Түрген, Маралдысай, Алма-Арасан, тізе берсе түгесілмейді.
Ал Түркістан қаласындағы ашылған "Керуен сарай" кешені – Орталық Азиядағы теңдесі жоқ жобаға айналды. Онда Үндістан мен Иран базарлары сияқты ортасында қайықпен жүретін су арналары бар, саябақтар мен субұрқақ тұратын тұтас қала деуге болады. «Керуен сарай» туристік кешені – Түркістандағы керемет нысандардың ішіндегі ең ғажайыбы. Аумағы 188 гектар жерді алып жатқан ерекше қалашықтың ішінде бес жұлдызды қонақ үйлер, су бетіндегі театр, аттар шоуы өтетін амфитеатр, кинотеатр, қиял-ғажайып балалар ойын алаңы, сауда орындары мен мейрамхана орналасқан. Келген туристер мен қонақтар кешен ішін қайықпен аралайды. Бұл кешенге қазірдің өзінде ел тұрғындары ағыла келуде. Қазір осыбір қалашықты аралау көптің қалауы болып тұр. Бұл елдегі отандық туризмді дамытуға арналған тың әрі қызықты жобаға айналарына сенімдіміз. Елде осы секілді түрлі кешендер салынып, шет елден туристер еліміздің көрікті жерлерін көруге асыға келуін әлбетте қалаймыз.
Ел тұрғындары неге шетел асып демалады?
Отандық туризм дамып жатыр дейміз. Әйтсе де қазірдің өзінде қаншама қазақстандық шетелдің демалыс орындарында жүр. Тіпті бәзбіреулері сол жаққа қоныс теуіп те үлгерді.
Статистикаға сүйенетін болсақ, Дүниежүзілік экономикалық форумның туризм секторын тұрақты дамуын қамтамасыз ететін саясатты бағалаудың жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан 140 елдің ішінде 80-орында тұр. Бұл тізімде еліміз тіпті 74-ші орыннан табылған Уругвайдан да артта қалған. Айта кетерлігі осы тізімде Ресей 39-орыннан көрінсе, Германия, Испания және Франция елдері үздік үштіктің қатарына енген. Сонда елдегі туризмнің дамуына не кедергі?
Алысты арбаламай-ақ қазақстандықтар жыл сайын мезгіл таңдамай лек-легімен баратын Түркия елін алайықшы. Иә, Түркияда туризм саласы ел экономикасының негізгі құрамдас бөлігі екенін жақсы білеміз. Елде бұл сала бойынша 2 млн-нан аса адам қызмет етеді. Мемлекет бойынша туристер жиі баратын елдердің арасында Түркия 6-орында тұр. Әрине елдің географиялық орналасуы, табиғатының әр алуандығы, климаттық жағдайы мен тарихи-мәдени ескерткіштерге бай болуы туристер легінің көп болуының негізгі себептері болса, бұған сапалы қызмет, арзан баға, тиімді жарнама, білікті мамандар және тағы басқасын қосып қойыңыз.
Ал Қазақстанда аталған шарттардың бірі енді даму үстінде болса, кейбірі тіпті мүлде жоқтың қасы. Осы орайда Қазақстанның туристік агенттіктері қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева елдегі туризмнің кенжелеп тұруының басты себебінің бірі білікті мамандардың тапшылығы дейді.
Туризмді дамытуда қандай жұмыс атқарылуда?
Қазақстан 1993 жылы Дүние жүзі туристік ұйымының мүшелігіне енді. Дәл осы жылы туризмді дамыту бағдарламасы дайындалып, содан бері туризм сан-салалы шаруашылықты шалқытып, экономиканы нығайтудың маңызды саласы ретінде қаралып келеді.
Қазақстан соңғы жылдары елдегі туристік ахуалды жақсарту үшін бірқатар бастаманы қолға алуда. Ел үкіметі туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған бағдарламасын да бекітті. Оған сәйкес елде туризмді дамытуға баса назар бөлінетін 10 аймақ анықталды. Нұр-Сұлтан қаласы жылына – 1 млн, Бурабай курорттық аймағы жылына – 2 млн, Алакөл көлі жылына – 2,5 млн, Алматы маңындағы тау кластері жылына – 2,5 млн, Баянауыл курорттық аймағы жылына – 400 мың, Имантау-Шалқар курорттық аймағы жылына – 400 мың, Балқаш көлі жылына – 400 мың, Түркістан жылына – 1,5 млн, Байқоңыр ғарыш кешені жылына – 250-500 мың, Маңғыстау жылына – 750 мың турист қабылдауды жоспарлауда.
Сонымен бірге елде ұлттық туризм мәселесін тізгіндейтін «Kazakh Tourism ҰК» АҚ жұмыс істейді. Компания елге келетін туристер санын арттыру үшін, коммуникацияның заманауи тәсілдерін қолданбақ.
– Бұл тұста дәстүрлі – журнал, телеарна, сыртқы жарнама мен әлеуметтік желі, түрлі туристік интернет-ресурстар сынды барлық құралдарды қолдануымыз шарт. Біз осындай әдіс арқылы табысқа жеткен көрші Әзербайжан елін көріп отырмыз. Олар БАҚ пен ауқымды шаралар арқылы елді брэндингтеу жұмысын пысықтап алды. Біз де осы бағытты қолданбақпыз, – дейді ұлттық компания өкілдері.
Сонымен бірге «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ берген мәліметке сәйкес, бүгінде шетелдіктер Қазақстанда жиі баратын 5 аймақ бар: Алматы және Алматы облысы, Нұр-Сұлтан мен Бурабай, Шымкент және Түркістан, Маңғыстау облысы – Каспий жағалауы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан өңірі.
Өңірдегі туризмнің жайы қалай?
Қармақшы – еңбек пен өнерде қатар аты шыққан өңір. Қорқыт баба мәңгілік тыныс тапқан киелі мекен.Аудан орталығынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан күллі түркі жұртының ұлық тұлғасына айналған Қорқыт ата атындағы мемориалды кешені тек қана өңірдің ғана емес, сондай-ақ ол Қазақ елінің мақтанышы. Қабырғасы сонау 1980-жылдардың басында қаланған кешен басында қай кезде де қонақ аяғы үзілмейді.
Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, әлемнің түпкір-түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға кеңінен насихаттау үшін көптеген жұмыстар жасалуда. Түгел түркі әлемі кие тұтатын Қорқыт атамыздың мәңгілік мекеніне айналған тарихи маңызға ие – Қорқыт ата кешені сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Архитектуралық кескіні ерекше кешен келушілерге ұмытылмас әсер сыйлайтыны сөзсіз. Кешендегі басты ескерткіш стела – қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұрады. Биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, қордай тасынан дайындалған. Әрбір стела әртарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. Жалпы кешенге жыл сайын келетін туристердің саны артуда. Мұнда қасиетті мекеннің құдіреттілігін сезінуге асығатындарға барлық қажетті жағдай жасалған. Соның нәтижесінде өңірде ішкі туризмнің дамуына жол ашылған деуімізге болады. Қорқыт ата мемориалды музейінің 2019 жылдан бері https://qorqyt.kz/ ресми сайты жұмыс істейді. Аталған сайттан Қорқыт ата мемориалды кешені туралы керекті мәліметтерді үйде отырып-ақ осы (сілтеме арқылы https://qorqyt. kz/) 3D форматта тамашалауға мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» атты Жолдауы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Neo Nomad 20» акциясы ұйымдастырылған болатын. Оның басты мақсаты – еліміздің 20 өңірінде көрікті жерлерге баруды ынталандыру арқылы ішкі туризмді дамыту еді. Осыған орай, облысымыздан Қорқыт ата мемориалды кешеніне арнайы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, фотоспот орнатылды. Жоба бойынша туристер еліміздегі 20 көрікті жердің барлығын аралап, әлеуметтік желіде Neo Nomad 20 тегімен фотосуреттерін орналастырып отырады. Осылайша акцияны ұйымдастырушылар акцияға қатысушы туристерді тег арқылы бақылап, олардың рейтингін апта сайын жариялайтын болады. Шартты орындаған туристер «NEO Nomad 2022» атағымен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды.
Туризм тың өріс, тың кіріс
Елге көбіне туристер Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Германия, Украина, Түркия, Тәжікстан, Түркменстан және Үндістан елінен келеді екен.
Қазақстан 2025 жылы туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 8 процентке дейін өсірмек. Бұл ретте ел үкіметі осы жылға қарай ішкі туристер санын 8 миллион адамға, ал қонақүйлерге тоқтап, елде бірнеше күнге қалатын шетелдік туристердің санын 3 миллион адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
«Елдің құты белеңде, судың құты тереңде» дегендей туризмге тіленіп тұрған жерлеріміз көп. Дегемен айды етегіңмен жаба алмайтынымыз, күннің көзін балшықпен сылай алмайтынымыз секілді жалаң мақтанмен де алысқа ұзамайтынымыз анық. Бәрі өзімізден, өз бағамызды бағамдамаудан туады. «Пайдасыз бұлт теңізге жауады» дегендей қалта қампайса, шетел асуға құмармыз ғой. Осы ретте елдегі ішкі туристік нысандағы заман талабына сай салынған қонақ үйлердің бағасы қалтаға қымбат түсетінін де айта кету керек. Бәлки туристердің көңілі осы себептен де қалып жатқан болар. Өзен көлге, көл елге құяды. Отандық туризмге құйған қаржы жылдар өте инфрақұрылым болып өзімізге қайтады. Айталық туризмді жолға қойған Грекияға жыл сайын 20 млн турист келеді екен. Ішкі жалпы өнімнің 15 процентін туризм береді. Демек туризм дегеніміз – тың өріс, тың кіріс. Сол себепті Анталья асып, Кемер жағаларда, Дубайға саяхаттар алдында бір сәт еліміздің жақұт-жауһарларына да назар аударғанымыз абзал.
Түйін. Әрине, әлемнің кейбір елдері туризмнен мол табыс тауып отырғаны белгілі. Себебі туризм – мемлекет жарнамасы. Тұмса табиғатымен баурап алатын көрікті мекендер елімізде жетерлік. Алайда қолда барды ұқсата алмай келеміз. Өзге елдер секілді отандық туризмді дамытуға жұмыла күш салсақ, қаншама қаржы сыртқа кетпес пе еді бәлки?! Талай жылдан бері әңгіме арқауына айналған отандық туризмнің өрге жүзуіне неге немкетті қараймыз? Ол үшін бізге әлі де болса, өз елімізге деген махаббат, патриоттық рух пен ерік-жігер жетіспейтін секілді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ