Гүлзарлар – кент келбеті
БҰҒАН ДЕЙІН ЖЫЛЫ БОЛЫП ТҰРҒАН МАМЫР АЙЫНЫҢ КЕШЕГІ КҮНДЕРІНДЕ АУА РАЙЫ КҮРТ СУЫТТЫ. ӘСІРЕСЕ, 21-22 МАМЫРДА СУЫҚ ЖЕЛ СОҒЫП, БІРЕР САҒАТ ЖАҢБЫР ДА ЖАУДЫ. АЯҚ АСТЫНАН ТҮСКЕН САЛҚЫНДЫҚ КЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫНА ЖАЙЛЫ БОЛА ҚОЙМАДЫ. ӘЙТСЕ ДЕ БҰЛ КӨҢІЛ КҮЙДІ ТҮСІРГЕН ЖОҚ.
Нені меңзеп отыр дерсіз, бәлки? Аз күнгі суықтық денені тоңдырғанмен көңіл күй дегеніңіз жаздай жадырап тұр. Өйткені орталықтағы «Ардагерлер аллеясы» жап-жасыл, түрлі-түсті гүлдермен керемет күйге бөленген. Кіреберістен басталған гүлзар аллеяның соңғы бетіне дейін төселген кілемдей құдды. Аудан жұртшылығы әдеттегідей әсем бейнені жарыса әлеуметтік желіге жүктеп, табиғаттың тамашасына тамсануда.
Әрине, кейінгі уақытта біздегі саябақтар мен гүлзарларға қатысты сын айтылып жүр. Әсіресе әлеуметтік желілерде демалыс аумағындағы жарықтандыру мен көгалдандыруға, жалпы абаттандыруға өзінің ұсыныс-тілегін білдіретіндер аз емес. Оның үстіне вандализм дегеніңіз дендеп тұр. Кент келбетін кіргізген дүниені сындырып, құлататындар әлі бар арамызда. Тіпті қолындағы қоқысын, бөтелкесін, темекі тұқылын тастай салады кеп. Ал жайқалған гүлді жұлып ап, суретке түсетіндер де бар екені өкінішті.
«Көрікті гүлзарлар – кент келбеті» дейді кент әкімшілігі. Кентті көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу қарқынды жүріп жатқанын жеткізеді олар.
– Гүл – жаздың белгісі, Жер-Ананың әсем көйлегі десек те болады. Күннің аптап ыстығында көлеңкелеп, бір сәт күйбең тірлікті ұмытып, жасыл желекке оранған хош иісті, әсем гүлді саябақта демалған кімге де болса пайдалы. Әсіресе отбасыңмен кешке бір мезгіл келіп, уақыт өткізуге ыңғайлы әрі таптырмас орын. Осы ретте, биыл да саябақтарымызды гүлзарға айналдыру мақсатында алуан түрлі гүл егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Егілген гүлдерді жаз бойы күтімге алып, уақытылы суғаруға арнайы бағбан бекітілген. Әсемдікті бағалап, туған жерді аялайық, – дейді мамандар.
Жаздың басталуына санаулы ғана күндер қалды. Бұл нағыз демалатын шақ. Жұмыс пен қым-қуыт тірліктен шаршаған жұрт бір сәт тыныштық іздеп, таза ауада тыныстағысы келеді. Ендеше табиғаттың тазалығын, айналаның жайлылығын өзімізден бастаған жөн болар.
Айнұр ӘЛИ